Қайрат Сатыбалды мемлекетке тағы 50 млрд теңге қайтарады

1345
Adyrna.kz Telegram
Ашық дереккөзден
Ашық дереккөзден

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке тағы 50 млрд теңге қайтармақ. Бұл туралы  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

"11 сәуірде Қ. Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық істі қарау шеңберінде сот (ҚР ҚК 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы) прокурордың өтініші бойынша заңсыз сатып алынған активтерді қайтару жөніндегі рәсімдерді орындау қажеттілігіне байланысты процестік келісім жасасу үшін қосымша мерзім беру туралы шешім қабылдады", - делінген хабарламада.

Атап айтқанда, сотталушының жалпы сомасы 50 млрд теңгеден асатын қосымша мүліктік активтерін мемлекет пайдасына қайтару туралы мәселе қаралып жатыр.

Бұған дейін хабарланғандай, тергеу барысында Қ. Сатыбалдыұлы өз кінәсін толық мойындап, қылмыстық жолмен алынған мүлікті ашуға ықпал еткен.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотталушының және онымен байланысты тұлғалардың жалпы сомасы 732 млрд теңгеден астам мүліктік активтері мен ақшалай қаражатын мемлекет пайдасына (әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс үйлер, пәтерлер мен автокөліктер, компаниялардағы акциялар мен қатысу үлестері, теміржол жолдар мен ақшалай қаражат, шетелдік мүліктерімен қоса) қайтарды.

Пікірлер