Халқымыздың салт-дәстүрі ислам дінінің ұлағатымен ұштасып жатыр - Президент

1422
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Президент қазақстандықтарды Ораза айт мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Ақордаға сілтеп.

"Бұл – мұсылман қауымының ерекше ықыласпен қарсы алатын ұлық мерекесі.

Қасиетті Рамазан айында жұрт адамгершілік құндылықтарға баса мән береді, рухани тазаруға ұмтылады. Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, айналасына қайырымдылық көрсетеді. Отыз күн оразадағы сабыр мен қанағатқа негізделген игі амалдың бәрі Айт мерекесінің шынайы болмысын айшықтай түседі.

Ата дініміз адамзатты татулық пен тыныштыққа, қамқорлық пен мейірімділікке, жанашырлық пен жасампаздыққа үндейді. Адал еңбек етіп, адал табыс табуға шақырады. Мұның барлығы, түптеп келгенде, бүкіл еліміздің ырысты ынтымағын арттыруға ықпал етеді", - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы:

"Халқымыздың салт-дәстүрі ислам дінінің, Рамазан айының және Айт мейрамының ұлағатымен ұштасып жатыр. Бұл сабақтастық берекелі бірлігімізді нығайтып, әділетті қоғам құру жолында маңызды рөл атқарады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке және толағай табыс тілеймін! Айт қабыл болсын, ағайын!" - деді өз құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз құттықтауында елдегі су тасқыны жайында сөз қозғаған жоқ.

Пікірлер