Әскерге қызығушылық мектептен басталады

167
Adyrna.kz Telegram

 Әскери қызмет кез-келген ер жігіттің өміріндегі маңызды кезең. Елді, жерді қорғау жолында атқаратын әскери қызмет әрбір азаматтың қасиетті борышы. Мемлекеттің қорғаныс қабілетін үнемі арттыру еліміздің стратегияларының бірі болып табылады. Себебі, еліміздің әрбір әскери құрылымы ел егемендігінің тірегі, тұтастығының сенімді кепілі, халқымыздың ертеңгі күніне деген сенімінің мызғымас тірегі десек те артық етпес.

         Сондықтан әрбір ер азамат Отан қорғауды абыройлы міндет ретінде сезініп ел алдында берген антына адал болып биік шыңдарды бағындыруы тиіс. Қазіргі таңда мемлекетімізде 18-27 жас  аралығындағы «сайдың тасындай» ел азаматтары міндетті түрде әскерге шақырылатынын ескере кеткеніміз дұрыс. Себебі денсаулығы жарамды әрбір азамат міндетті түрде Отан алдындағы борышын орындауы керек. Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінде 400 ге жуық азамат Отан алдындағы борышын орындауда.

        5517 әскери бөлім командирінің Тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Жәнібек Сәрсеновтің айтуынша, еліміздің аумағынан жыл сайын Отан алдындағы борышын өтеуге тепсе темір үзетін жігіттер келеді. Еліміздің тірегі болған Ұлттық ұланның өзіне жылына екі мәрте еліміздің патриоттарын әскерге шақыру  жүзеге асырылады. Десе, де «әскер» сөзін естігенде денелерінде үрей пайда болып әскерден қашатын жандар да аз емес. Бірі жоғары білім алып жүрсе, бірі әр қалада жұмыс жасап жүр, енді бірі үйінің жалғыз асыраушысы болып келеді. Дегенмен, әр азамат Отан алдындағы борышты өтеу парызы екенін білуі тиіс.

         Бүгінде жастардың бойындағы патриоттық сезімді ояту мақсатында әскери құрылымдар аянбай еңбек етуде. Солардың бірі ел айбынына айналған Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы. Әскери құрылым жастардың бойындағы патриоттық рухты арттыру мақсатында ашық есік күндерін, мектеп оқушыларына арналған үгіт насихат жұмыстарын өткізеді.

Қазіргі таңда жастардың әскери салаға деген қызығушылығын арттыру үшін Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері еліміздің барлық аймақтарында үгіт насихат жұмыстарын жүргізді. Ақпан айында Ақтөбе қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы лингвистикалық мектеп-гимназиясы және №28 жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларымен Ұлттық ұлан қызметкерлері кездесу өткізді.

      Аталмыш кездесудің басты мақсаты жоғарғы сынып оқушыларын Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан академиясына және әскери жоғарғы оқу орнына түсуге үгіттеу, қоғамдағы әскери қызметті дәріптеу, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу. Кездесуге Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінің қызметкерлері мен Ұлттық ұлан академиясының 4 курс студенттері қатысты. Кездесу барысында әскери қызметкерлер оқушыларға әскери қызметтің артықшылықтары, әскери әлеуметтік пакет жайлы мардымды ақпараттар берді, сонымен қатар мектеп бітіруші түлектерге Ұлттық ұлан академиясына қалай түсу керектігі жайлы түсіндірді. Әскерде болғандар көбіне байыпты, ұстамды, шыдамды көрінеді. Өйткені олар темірдей тәртіптен өткен. Сөздің де қадірін біледі. Жауапкершілікті жүрегімен сезінеді. Осыны жасөспірім шақтан саналарына құюымыз керек, дейді Жәнібек Қайырбекұлы.

       Қазіргі таңда еліміздің барлық аумағында бұл тектес іс-шаралар легі көп өтуде. Сонымен қатар әскер бөлімде мектеп оқушыларына арналған ашық есік күндері де ұйымдастырылуда. Мектеп оқушылары күні бойы әскери өмірдің қыр-сырымен танысып, алғашқы көмек көрсету,арнайы құралдарды қолдануды меңгеріп, даярлық сабақтарына қатысады. Жас патриоттарға әскери казармалар мен сарбаздар тамақтанатын асханалар көрсетіледі. Осындай іс-шаралар арқылы Ұлттық ұлан қызметкерлері жас буынға әскери саланыңмаңыздылығы туралы ақпараттар жеткізуде.

        Бүгінгі таңда мектеп оқушыларымен бірлесе«Жас бүркіт» әскери патриоттық клубы құрылған. Ұйым мүшелері жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімдері, әскери борышын өтеген жауынгерлерді құрметтеу кештері, мерекелік салтанатты жиындар, тақырыптық викториналар мен байқаулар, «Ерлік сабақтары», «Ашық есік күндері» акциялары сияқты әскери-патриоттық  мазмұндағы көптеген іс-шараларға өз үлестерін қосады.  

Осылайша, елімізде әскери қызметтің абыройлы міндет екенін ұққан жастар ел қауіпсіздігінің мызғымас тірегі болып, Отан алдындағы борыштарын адал атқаруда.

      Иә, әскер – өмір мектебі. Оның қазанында қайнап, сынағына шыңдалып шығу кез келген азамат үшін өмірлік олжа болатыны сөзсіз. Себебі әскерде тапсырма орындалуы керек. «Жоқ» деген олар үшін жарамсыз және қисынсыз жауап. Сонымен қатар әскерде болған азамат өмірде де проблемалармен бетпе-бет келгенде, шешудің жолын іздейді. Кез келген сынаққа сынбайды, керісінше қарсы тұрады. Бүгінгі азаматтарда осындай қасиет байқала бермейді. Сол үшін үлкен өмірдің алғашқы баспалдағынан әр азамат өтуі керек.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

Пікірлер