АРМАН ӘУБӘКІР: Кітап оқу - ұлылармен сырласу. Немесе қандай кітап оқымау керек?

737
Adyrna.kz Telegram

“Қойшы Арман, кітап оқудың пайдасын несіне айтасың? Онсыз да түсінікті нәрсе ғой. Оның үстіне, мақтанғандай болып…” Бір ойым осылай кері тартады. Бірақ айналамдағы көптеген кіслерге қарап әлі де кітап оқуды насихаттай түсу керек екенін ұғамын. Керек болса, пайдасына жаратар. Керексіз болса, көрмегенсіп өте шығар. Одан бөлек кеше Фейсбукта дабырлатып жарнама да жасап жібердік. Ендеше, не тұрыс?

Ұлылармен сырласу, сұхбаттасу

Кім де болса ұлы адамдармен дос болғысы келеді. Дым бітірмесе де сондай ұлылардың қасында 1 минут бірге тұрса, өз-өзін шексіз бақытты сезінуі мүмкін. Бірақ бұл мүмкін бе? Көп жағдайда жоқ, мүмкін емес. Даңқты ойшылдар, ғұламалардың көбі бұл өмірмен қоштасып та кеткен. Алайда сіз қам жемеңіз, қатты уайымдамаңыз. Сіз ол адаммен сырлас дос болуға, қалаған сауалдарыңызды қойып сұхбаттасуға да мүмкіндігіңіз бар. “Қалайша?” деп таң қалдыңыз ба? Сол ұлылардың жазған шығармаларын, еңбектерін оқу арқылы сіз бір саты оларға жақындай түсесіз. Тіпті олардың шығармасын оқу кезінде белгілі бір мезеттерге болса да иық тіресіп қатар отырасыз. Кітап оқығанда солай авторды елестетіп оқыңыз. Шын мәнінде одан сұхбат алып отырмын деп елестетіңіз. Бұл сізді өз-өзіңізді бағалауға ғана емес, зейініңізді бір бағытқа қарай шоғырлануға көмектеседі.
Әдетте сіздің айналаңызда озық ойлы адамдар өте сирек кездеседі. Тіпті жоққа тән болуы да мүмкін. Бұл сізді дамытпайды, кері кетіреді. Ал сіздің достарыңыз кітаптар болса, жәй кітаптар ғана емес, әлемнің үздік кітаптары болса, онда сіз ерекше қарқынмен өркендейтін боласыз. Сіздің ендігі достарыңыз сол ұлы туындыны жазған ұлы авторлар екеніне еш күмәніңіз болмасын.
Шахматтың бір ережесінде “үнемі өзіңнен мықты қарсыласпен ойна!” деп жазылған. Пікір алмасатын адамыңыз да неғұрлым тұңғиық болса, соғұрлым пайдалырақ. Биологияда “кез келген тіршілік иесі өзі қоршаған ортасына қарай бейімделеді” дейтін адаптациялық заңдылық бар. Бұл адамдарға да тікелей қатысты. Қазақ мұны “Көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр” деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген. Демек, сіз оқитын кітап әлемдік деңгейдегі ғажап туынды болса, сіздің ой-өрісіңіз де осал болмағаны.
Ми құрылысы мен ерекшелігін терең зерттеген жапон ғалымы Рюта Кавашима адам қабылдаған кез келген ақпарат ұмытылмайды. Бейнелеп айтқанда, арнайы ұяшықтарға, сейфтерге салынып, аузы жабылады. Күндердің бір күнінде керек болған кезде әлгі “ұяшықтардан” ақпараттарды ми сыртқа өзі қайта шығарады. “Оқығандарымды бәрібір де ұмытып қаламын ғой” деп кітап оқымау үлкен қате түсінік. Әрине, оқыған дүниені қайталап отырудың пайдасы тіпті зор.
Менің түсінігімде оқылған әрбір кітабымыз адам санасын, жан-дүниесін “программалайды”. Яғни, кісінің болмыс-бітімін, тұлғалық бейнесін қалыптастырады. Ол алдағы өміріңіздің түрлі шешімдерді қабылдау сәтіңіздің, дүниеге деген қандай да бір көзқарасыңыздың қалыптасуына кейде тікелей, кейде жанама әсер етеді.

Қандай кітаптарды оқымау керек?

Дін бағытында жазылған кітаптарды оқуға мүлде болмайды деп есептеймін. Әсіресе, бұғанасы бекімеген жастардың оқуына мүлде тыйым салынуы керек. Себебі, мұндай кітаптарды әртүрлі теріс діни ағымдар шығарады. Әлгі кітаптарды оқыған кісілер “құдайдың сөзі ғой” деп қатты мән беріп жүректерімен беріліп оқып түпсаналарына қате ұғымдарды бекітіп алады. Айналасынан пікірлес адам таппай ақырында әлгі діни жамағатты іздеп табады. Ой-пікірі толықтай үйлесетін ортада әлгі адам өз-өзін жайлы сезінеді. Сол ортадан айрылып қалмау үшін жамағат көсемі қандай “тапсырма” берсе де орындауға әзір тұрады. Осылайша жамағаттың “құлақкесті құлына” айналады. Осылайша жастар өздері де байқамай өз болашақтарына өздері балта шабады.
Бүгінде біршама баспаханалар әдебиет, танымдық бағытта жұмыс істегендей болып астарлап діни идеологияға қызмет етеді. Өкінішке орай, мұндай баспаханалар саны жыл сайын еселеп артуда.
Өз басым “Атамұра” баспасы мен “Мазмұндама” қорының кітаптарын тұрақты оқимын. Бұл екі баспа да ешқандай құйтырқы мүдделердің шылауына түспеген, принцпті түрде елге қызмет етуді ұлы мұрат тұтқан мекеме деп білемін. Баспахана иелерінің де ел мен жер мүдделерін бәрінен жоғары қоятын мемлекетшіл азаматтар екеніне талай көз жеткен.
Қысқасы, таза діни бағыттағы, астарлап дін насихаттайтын кітаптарға тыйым салыну керек. Жоқ дегенде кітап сыртына +18 белгісі қойылуы керек. Таным-түсінігі әлі қалыптаспаған балалар мен жастар діни кітаптар оқудан аулақ жүргені абзал.
Біздегі Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі діни және астыртын діни кітаптардың зайырлы мекемелерге тарауына, білім ошақтарына кіруіне тыйым салу керек. Зомбиланған қазақ ұрпағы қалыптаспасын десек, қазірден бастап бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуіміз керек.

Жас кезінде діни білім алған адамдар географиялық, археологиялық, астраномиялық білімді теріс үйренеді. Дін жолынан бас тартса да қате түсініктер (жер жалпақ, жұлдыздар аспалы шамдар деген тәрізді) өмір бойына қалып қояды.
Ең құнды, ең қымбат дүние ол - уақыт. Кітап оқу елеулі уақыт алады. Теріс пиғылды топтардың тарапынан жазылған кітаптарды оқуға кеткен уақыт - ең үлкен өкініш… Салдары батпан.
Сөзімнің соңын Абайша аяқтасам, “Артық білім - кітапта
Ерінбе оқып көруге!”
Десе де, оқитын дұрыс кітап таңдай білу - өзіңіздің тұлға болып қалыптасуыңызға, ұрпағыңыздың болашағына да әсер ететінін ұмытпағайсыз!

Арман ӘУБӘКІР

Пікірлер