"Кәріз суын ауылға төккен". Ешкі сүті өндірілетін фермада алты жасар бала қайтыс болды

1836
Adyrna.kz Telegram
Фото: Almaty.tv
Фото: Almaty.tv

Ешкі сүті өндірілетін жергілікті шаруа қожалығында алты жасар бала резервуарға батып, қаза тапты, деп "Адырна" тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы облысы Кемертоған ауылында кәсіп нысаны кәріз суын ауылға төгіп, малдың ішек-қарнын қалай болса, солай тастай берген. Ауыл тұрғындары кәсіпкерге наразы.

"Қоршау сенімсіз болғандықтан, бала сонда өтіп, суға батып кеткен. Ол жерде үлкен резервуарлар бар. Бала 6 жаста еді, қайтыс болды.

Терезені ашсаң өліктің иісі шығады. Әртүрлі ауру шығады. Көшіп кете алмаймыз, бес баламды шырылдатып, қайда барамын? Малдың қи-тезегіне батып, кішкентай сәби қайтыс болған. Бұл кісілер өліктен де қорыққан жоқ", - деді Кемертоған ауылының тұрғыны Жұлдыз Әкімбаева.

Бұл мәселеден жергілікті әкімдік те хабардар болған көрінеді. Алайда әкімдіктегілердің құрғақ уәдесінен шаршаған халық "ауру боламыз ба" деп қорқатынын айтты.

Журналистердің түсірген видеосында қалдық төгілген шұңқырдың аузы ашық қалған. Бетінде қауіпсіздік қақпағы да, ескерту белгісі де жоқ. Әкімнің орынбасары арызды қабылдайтынын айтты.

"Иә, сотқа беріңіздер. Мен сіздерді көшіріп жібере алмаймын. Қалай жер сатып алғандарыңызды анықтайық. Шыны керек, біз шешім қабылдамаймыз. Әкім жиналыста. Енді әрбір адамның арызын қабылдаймыз", - деді Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Әркен Кенжебай.

Тұрғындар даулы ешкі фермасына арыз жазып, шу шығарса да шаруашылық қожайыны қарасын көрсетпеген.

Тіпті аталған мекемеге тұрғындардан 2021-2022 жылдары шағым түсіп, сол бойынша тексеріс те жүргені хабарланды.

Пікірлер