"Қазақстаннан сыйлық". Әзербайжанда Құрманғазы атындағы орталық ашылды

794
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Әзербайжанда қазақтың дәулескер күйшісі Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Орталықтың ашылуына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қатысты.

Президент заманауи инновациялық орталықтың "Қазақстаннан сыйлық" екенін айтты.

"Бұл – Қазақстан халқының тартуы. Менің жеке тапсырмам бойынша аталған сыйлықты жекеменшік BI Group компаниясы бүкіл халықтың атынан шын жүректен ұсынып отыр. Орталық елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын. Сіздерге табыс пен бақ-береке тілеймін. Әзербайжанның осы қасиетті өлкесі қарыштап дами беретініне сенімдімін", – деді Қазақстан Президенті Физули жұртшылығымен әңгімелесу кезінде.

Президент Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша Қазақстан халқына да алғысын айтты.

"Бауыр ретінде осындай керемет сый жасағаныңыз үшін Сізге алғыс айтқым келеді. Азат етілген жерлерде Балалар шығармашылығы орталығын салу Сіздің бастамаңыз еді. Осыдан бір жарым жыл бұрын Әзербайжанға келген кезіңізде, аталған орталықтың жобасы таныстырылған болатын. Ол бір жыл ішінде салынды және бүгін ресми түрде ашылып отыр. Орталық қазақ халқының ұлы перзенті Құрманғазының есімімен аталды. Кеше айтқанымыздай, бұл тек балалардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, Қазақстан мен Әзербайжанның достығы мен бауырластығын айшықтайтын орталық болады. Біз бұл тартуға шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз. Әзербайжан халқы мұны ешқашан ұмытпайды", – деді Ильхам Әлиев.

Президент шетелдегі орталыққа дәулескер күйші Құрманғазының есімі кездейсоқ беріліп отырған жоқ екенін де айтты.

"Шын мәнінде, Құрманғазы – қазақ музыкасының алыбы. Тіпті түркі мәдениетінің ажырамас бөлігі деп айтуға болады. Қазақтың күй өнерін Құрманғазысыз елестету мүмкін емес. Оның туындылары өте тегеурінді әрі заманмен бірге жасай береді. Сондықтан оның әйгілі «Сарыарқа» күйін халық әлі күнге дейін тебірене тыңдайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Нысанды жобалау жұмыстары үш айдың ішінде жасалып, құрылысы 9 айда аяқталды. Одан бөлек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық ұжымына Құрманғазы домбырасының көшірмесін, білім ошағының тәрбиеленушілерін таситын автобусты сыйға тартты.

Пікірлер