"Анасын іздеген бельгиялық қазақ". Жәнібекке қатысты тың дерек шықты

11004
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Анасын іздеген Жәнібекке қатысты тың деректер жарияланды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Журналист “1001 түн” бағдарламасының жүргізушісі Қымбат Досжан Жәнібек дүниеге келгеннен кейін 4-5 күн перзентханада емізіп, ақ сүтін берген ананы тапқанын айтып, көптен сүйінші сұрады.

“Әлеуметтік желіде басым көпшілігі Жәнібекке жаны ашып жатса, енді біреулер “Қазақстанда не бар? Еуропаңда күшті ғой” деп жазыпты. Одан бөлек тағы бір топ болды. Сол топты зерттей келе болжамды ана, құжат бойынша сол әйелдің есімімен, екінші баласын дүниеге әкелген әйелді таптық. Бірақ екі бірдей тапсырған анализде сәйкестік 0 болып шықты. “Үй жағдайындағы шаруаларды реттеп, түнгі сағат 10:00-де қайтып келемін” деген қолхат та сол ананың қолымен жазылған”, – дейді журналист.

Қазір Арқалықтан Астанаға келген полицейлер істің қаралып жатқанын айтады. Ол туралы Қымбат Досжан жазды.

“Бастапқыда “Салғырттық” деген бап бойынша іс ашылып, кейін бұл оқиғаның болғанына 20 жылдан аса уақыт өткен соң жауып тастады. Одан кейін мен Жәнібектің атынан прокуратураға арыз жаздым. Сөйтіп қаңтар айының аяғында басқа баппен тергеу басталды. Қазір тергеушілер Астанаға келді. Олардың осында жұмыс істеп жатқанына бір аптадай уақыт болды. Кеше сұхбат бергенімде 14 ана деп айттым. Ал бүгін 6 әйелдің анализі шықты. Жәнібек 1-2 күнде кетіп қалады. “Осының арасынан шығып қала ма?” деген оймен лабораториядағылар түскен анализдерді шұғыл түрде тексеріп жатыр. 14 болжамды ана мен 1 ер адамнан анализ алынды. Біз бүкіл редакция, “Қазақ радиосы” сол ер адам Жәнібектің әкесі болып шықса екен” деп Құдайдан тіледік. Бірақ амал нешік, ол да 0 болып шықты. Сол ер азамат “менің балам болып шықса екен” деп келгенін айтты”, – дейді Қымбат Досжан.

Пікірлер