Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесiнiң қызметiн, сот жүйесiндегi мазмұндық реформалардың, адамның құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуын жүзеге асыруға ерекше басымдық беріп отыр. Себебі елімізде халықтың сот жүйесіне деген сенімі аз. Ал қараша халықтың сотқа сенімін қалай арттыруға болады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің негізі ретінде заң үстемдігі мен сапалы сот төрелігін атады. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес сот қорғауына құқықтарды қорғауды құқықтық реттеу елдің сот жүйесін жедел жаңғыртуды талап етеді.
«Сот реформасы – бұл құқықтық мемлекеттің маңызды критерийі, инвестициялық тартымдылықтың негізі, жекеменшік құқығын қорғауды қамтамасыз ету. Сот жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуды, қоғамның соттарға деген сенімін арттыруды, сот төрелігін іске асыруға жаңа кәсіби кадрларды тартуды ынталандыруды, сот процесінің ыңғайлылығы мен тиімділігін көтеруді қамтамасыз етуі тиіс», – деді президент.
Заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Абдурасулов сотта талай адамдардың ісі қаралып жатқанын, бірақ оның көпшілігі халыққа ұнамайтынын айтады.
«Олардың ішінде сотың шешімін жақтырмай, «Бізді келісімге әкелді. Бірақ біз басқа инстанцияға жүгіне алмаймыз. Шешім енді өзгермейді» деп айтып жатады. Менің ойымша, сол үшін медиацияны яғни келісімге келуді соттар мөлшерлеп қолдануы керек. Ең алдымен соттың моральдік прициптері жоғары болуы керек. Мысалы корупциядан аулақ болып, бұрынғы билер айтқандай «Тура биде туған жоқ» деген қағиданы басшылыққа алу қажет. Қазіргі таңда соттың әділеттілігі туралы көп айтылып жатыр. Өкінішке қарай біз ол мақсатқа әлі жете алмай жатырмыз», – дейді ол.
Шыны керек барлық деңгейдегі соттар тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан көп ұзамай соттардың мәртебесі мен қызметіне қатысты тиісті заңдарға өзгеріс енгізіледі.
«Қазіргі таңда екінші инстанцияның күшін көбейтіп жатыр. Олар бұрынғыдай істі қарап, сонан соң бірінші инстанцияға «Дұрыс емес» деп қайтарып жіберетін. Енді олар ондай жағдайлар болса, оны толық өзі қарауға құқығы бар. Екінші сот даярау мәселесі бойынша биылдан бастап сот төрелігі академиясы Жоғары соттың қол астыннан Жоғары сот кеңесіне өтеді. Бұл өте дұрыс шешім. Себебі сот ол тек қана сот төрелігін жүргізумен айналысу керек – дейді Ермек Абдурасулов.