Кәсіпкер құқығы қорғалды

821
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қылмыстық және қылмыстық-іс жүргізу кодекстеріне ревизия жүргізуді және іс жүзінде жұмыс істемейтін немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін барлық нәрселерден арылуды тапсырған болатын, сондай-ақ қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасының тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстерін тексеру, оның ішінде бизнес істеріне өз бетінше араласу фактілеріне және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланудың өзге де түрлеріне жол бермеуге бағытталды.

Кәсіпкерлердің көпшілігі, бизнесті жүргізу кезінде орын алған тәуекелдер туралы дәлелді дәлелдеріне қарамастан, экономикалық және салықтық қылмыстық құрам бойынша негізсіз кінәлі деп танылады.

Осы орайда БҚО-да кәсіпкерге заңсыз талаптар қойған лауазымды тұлға жауапқа тартылды. БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Мұратбек Қасымовтың айтуынша, департаментке «Атамекен» Өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы «Теректі ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ шенеунігінің заңсыз әрекеттеріне кәсіпкерлер жүгінген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпкерлерге кедергі келтірген шенеунік тәртіптік жауапкершілікке тартылды.  

Теректі ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан кәсіпкерлерге ақпараттық таблоны сауда үй-жайының сыртына орналастыру жөнінде негізсіз талаптар қойылғаны анықталды. Аталған таблоны кәсіпкерлер сауда үй-жайының сыртына орнатқан. Оны орнату сыртқы жарнама үшін салық төлемдерін кейіннен төлеуді көздейді. Бұл ретте, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер жөніндегі қағидаларға сәйкес талаптар сауда үй-жайының ішкі ресімделуіне ғана қолданылады. БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысымен анықталған кемшіліктер жойылып, кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің Картасын, «Бизнеске жол», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобаларын іске асыру, аудандарда әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ықпал ететін себептер мен жағдайлардың туындауының алдын алу мәселелері қаралды.

Осы орайда БҚО-да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ тегін заң көмегін көрсету бойынша жұмысты жалғастыруда. Азаматтардың сұрақтарының басым көпшілігі тұрғын үй алуға, жер қатынастарына, жеңілдетілген несие алуға, қоршаған ортаны қорғауға, жастарды жұмысқа орналастыруға және кейбір шенеуніктердің, соның ішінде ауылдық және аудандық деңгейдегі әкімдердің тұрғындарының өтініштеріне әрекетсіздігіне қатысты туындап отыр. Азаматтардың мәселелерін БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы бақылауға алды.

Егер сізге сыбайлас жемқорлық фактілері туралы белгілі болса, онда сіз тәулік бойы жұмыс істейтін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына хабарласа алатыныңызды есіңізге саламыз.

 

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

 

Пікірлер