24 күн. Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы түрмеде аштық жариялағанын айтты

801
Adyrna.kz Telegram

Кеше Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты кезекті сот тыңдалымы өтті. Сотталушы өзіне тағылған барлық айыптауды жоққа шығарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, кейбіреулер “Дипломат” қонақүйіндегі астыртын жемқорлық әрекеттерін жасыру үшін оған әдейі жала жапқан көрінеді. Осы себепті бұрынғы министр прокурордың айыптауымен мүлдем келіспейтінін жеткізді.

“Бұлардың бәрі мына “Дипломат” ісін басқа айыптаулардың ішіне қосып жіберу үшін әдейі жасалып отыр. Қай кезде бір адамға 8 іс қозғап еді? Маған ғана. Бірақ оның ішінде ешбір факт расталған жоқ, тек әйтеуір бір дерек шығып қала ма деген үмітпен созып жатыр. Бірде бір құқықбұзушылық жоқ”, – деді Мұхамедиұлы журналистерге айтқан сөзінде.

Ол өзіне тағылған айыптаулардың негізсіз екенін алға тартып, өзіне қатысты тағы іс қозғалған жағдайда да қорықпайтынын атап өтті.

“Мұхамедиұлының фирмасына, отбасы мүшелеріне осынша ақша түскен, осындай адам пара берді немесе заң бұзды деп көрсетсе, онда мен тағылған айыппен келісер ем. Егер ешбір факт болмаса қалай келісем? Осы іске байланысты тағы да іс қозғалуы мүмкін, қозғай берсін, мен қорықпаймын. Себебі ешқандай факт жоқ. 2 жылдан бері осы істі бақылап жүрсіздер. Сіздерге қандай да бір нақты деректі ұсынды ма”, - деп экс-министр өзінің сенімді екенін білдірді.

Сондай-ақ айыпталушы камерадағы жағдайының жақсы екенін, күніге спортпен шұғылданатынын да жасырмады.

“Камерада күнде йогамен айналысам, күнде кітап оқимыз, спортпен шұғылданамыз. Жақында 24 күн аштық жарияладым. Бірақ керек құжатымды алдым. Мақсатыма жеттім, - деді Мұхамедиұлы.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер