Астанада жүріп келе жатқан автобустан құлап кеткен әйел арыз жазудан бас тартты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазТагқа сілтеме жасай отырып.
«ҚКЖ тексеруі барысында бұл оқиға 25 қаңтар күні сағат 09:00 шамасында №20 бағыттағы қоғамдық көлікте болғаны анықталды. Жәбірленуші әйел адам полицияға арызданған. Автобус жүргізушісі қаржылай көмек көрсеткеннен кейін әйел оның ешқандай шағымы жоқ екендігі туралы жазбаша қолхат берді», - деп хабарлады жексенбі күні ҚКЖ.
Ал компания 25 қаңтарда жолаушының автобустан құлап, жарақат алғаны туралы ақпарат «Қалалық көлік жүйелері» ЖШС орталық диспетчерлік қызметіне түспегенін айтады.
Сонымен қатар ҚКЖ осы оқиғаға қатысты «№1 автобус паркі» ЖШС комиссиясы жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша кеңес өткізіп, жүргізушіге қатысты тәртіптік шешім шығарылғанын да мәлімдеді.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде жолаушы әйелдің жүріп бара жатқан қоғамдық көліктен құлап кеткені, автобустың тоқтамай жүріп бара жатқаны бейнеленген видео тараған болатын. Кейіннен әйел адамның зардап шекпегені анықталып, ал жүргізуші жауапкершілікке тартылғаны айтылды.
“Адырна” ұлттық порталы