Атырау қаласының әкімдігінде өз-өзіне қол жұмсамақ болған атыраулық азамат жауапқа тартылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы azh.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 1 ақпан күні болған. Бұзақылық жасаған азамат бұл әрекетін барлығы болып жатқан «заңсыздыққа» назар аударсын деп жасағанын айтады. Атырау тұрғыны қала әкімдігіндегі бюрократиядан ұзақ жылдардан бері жер телімін ала алмай жүргенін айтып шағымданған. Содан соң осы әрекетке барған. Кейін ол бұзақылық бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«1 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 11:45-те азамат Атырау қаласының әкімдігіне келіп, өзіне бензин шашып, өзін өртеп жіберемін деп қорқытып, шешілмеген жер мәселесіне наразылық білдірген. Осы себептермен азамат ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының («Ұсақ бұзақылық») 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады полиция.
Атырау қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған соты айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолдану туралы шешім қабылдады.
“Адырна” ұлттық порталы