Бүгін – ұлағатты ұстаз, білікті заңгер Салық Зимановтың туған күні

1236
Adyrna.kz Telegram

Бүгін – ұлағатты ұстаз, білікті заңгер, академик Салық Зимановтың туған күні. Тірі болғанда 103 жасқа толар еді.

Осыған орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» циклымен жарық көрген «Ақсарағат» атты естелігінен үзіндіні бөлісеміз.

«Менің ағаларым» циклынан

АҚСАРАҒАТ

Академик Салық Зиманов туралы қалам тартқандардың басым көпшілігі ана тілінің әдемі үндестігімен үйлесіп тұрған «Заңғар Зиманов» деген тіркесті жиі қолданады.

Биіктікті еңсегей бойлы ерлерінің тұлғасымен өлшеген халықтың ұғымында бұл «асқар тау», «көк аспан» деген мағынаны береді және ол Зимановтай нар тұлғаның болмыс-бітіміне жарасып-ақ тұр. Академиктің заңғарлығы асқар таудың өзін асқақтатып тұратын құз жартас сияқты. Сен жақындаған сайын ол аспандай түседі.

«Заңғардың» мазмұнынан мағмұрланатын тағы бір мәніс бар, ол – биік парасат пен кемел ақыл.

Сәтбаевтай даналардың серігі болған Салық аға бір қарағанда тәкәппарлау болып көрінгенімен, пернесін тап басқан жағдайда хан мен қарашаның қолында бірдей күмбірлеп қоя беретін қоңыр домбырадай қарапайымдығы басым. Әділет-шапқат жолындағы күрестерде қатуланып, қаһарланып кететін кездері де бар. Мұндайда көк семсердей өткір: сойып салады, тіліп алады.

Салық ағамызбен бүкіл өміріме жетерлік мол рухани азық сыйлаған Қазақ энциклопедиясында қызмет істеген берекелі белесте жақынырақ араластым.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Қазақ энциклопедиясы қазақ және орыс тілдерінде төрт томдық қысқаша энциклопедияға қызу дайындық қамына кірісті. Мен ол кезде философия, право және социология редакциясының меңгерушісі ретінде аталған ғылым салалары бойынша даярланған мақалаларға жауапты едім. Осы томға арналған академиктің «Заң ғылымы» деген және оның жеке өзі туралы мен жазған есімнамалық мақала өндіріске даяр болған кезде ағамызбен хабарласып, солардың соңғы нұсқасымен танысып шығуды өтіндім. Әрине, мүйізі қарағайдай академикке уақыт белгілеген жағдайда өзім келетінімді сыпайылап жеткізуді де ұмытқан жоқпын.

– Мұхтар, айналайын, энциклопедия қазақ ғылымының қара шаңырақтарының бірі ғой. Шаңыраққа сәлем беріп тұру керек. Сен еш қысылмай-ақ қой, түстен кейін өзім келемін. Адресін айтпасаң да табамын. Өйткені менің Алматыға алғаш келгендегі қызметім дәл қазір сендер отырған ғимаратта басталған. Сұрақтарыңды алдын ала әзірлеп қоярсың, – деді байсалды дауыспен.

Иә, бұл ұлттық заң ғылымының қайнар бастауында тұрған, атағы сол кездің өзінде аңызға айналып үлгерген академиктің қарапайымдық сабақтарының бір көрінісі еді.

Салық ағамыз энциклопедияға арнап жазған мақаласында: «Қазақстанның империя саясаты сферасына тартылуына байланысты 19 ғ.-дың 80-90 жылдарынан бастап қазақ даласында Петербург, Москва және Қазан университеттерінің заң факультеттерін бітірген қазақ жастары шыға бастады. Олардың саны осы ғасырдың басында 20-25 адамға жетті. Бұлардың арасында екеуі Петербург, Қазан университеттерін бітіріп, право магистрі дәрежесіне ие болды», – деген деректер бар болатын. Академикпен кездесуде осыны тілге тиек етіп, аталған тұңғыш заңгерлердің есім-сойын көрсетсек қайтеді деген пікірді алға тарттым.

– Ниетің дұрыс екен, шырағым. Он екі томдық энциклопедияның 4-томындағы заң ғылымына арналған мақаланы да кезінде мен жазған едім. Сол кезде олардың аты-жөнін былай қойғанда, осындай ишарат арқылы берілген мағлұматтардың өзін энциклопедиядан алып тастайтын. Мына мақалада революцияға дейінгі Ресейдің аса ірі ғылыми орталықтарында білім алған кәсіби заңгерлердің 25-ке жеткендігі анық көрсетілген. Сөз астарын аңғаратын жандар олардың кім екенін осыдан-ақ сезеді. Сұрақ қоюыңызға қарағанда өзіңіз білетін сияқтысыз, – деді өзіне тән сабырмен салмақтай сөйлеп.

Шынымен-ақ, кеңес заманындағы ғылыми әдебиеттерде Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген тұңғыш қазақ заңгері, сөйлеген сөзі Лениннің өзін таң-тамаша қалдырып, көсемге дәйексөз алғызған Бақытжан Қаратаевтың есімі ара-тұра болса да аталып қалатын. Ал дәл осы факультетті тәмамдаған Жақып Ақбаев пен Мұстафа Шоқайдың аты-жөнін атауға мүлдем тиым салынған еді. Атала қалған күннің өзінде олар жағымсыз мағынада көрсетілетін. Әсіресе Шоқайға қисынсыз, келеңсіз, тіпті өте ауыр айыптар тағылатын.

Ал императорлық Қазан университетінің заң факультетін бітірген әйгілі алашордашылар Ахмет Бірімжанов, Сыдық Аманжолов, Райымжан Мәрсеков пен Уәлитхан Танашевтардың есімдері ол кезде қалың көпшілікке беймәлімдеу еді.

– Жаңағы айтқан 4-томдағы «Заң ғылымы» деген мақалада: «Қазақстанда заң саласында 18 ғылым докторы бар, оның 10-ы қазақ» деген ешқандай саяси астары жоқ деректің өзіне шүйлігіп, ұлтшылдық көрінісін іздегендер болған. Сондықтан, осының өзін жариялай алсаңдар да жаман болмас еді, – дегенді қосып қойды сөзін сабақтай түсіп. – Уақыты келгенде бұл азаматтардың бәрінің атын атап, түсін түстейтін боламыз. Оған мына өзің сияқты азаматтар атсалысуы керек.

Ағамыздың айтқаны келді. Мақаланың академик атап көрсеткен тұсындағы мағлұматтарды қырқып тастауға тырысушылар болғанымен, біз сол кезде күнде айтылатын жариялылықты алға тартып, өзгеріссіз жариялап жібердік.

Ағамыздың маған қарата айтқан лепесі де түп-түгелімен расқа шығып, 1999 жылы академик Салық Зимановтың жетекшілігімен «Жақып Ақбаев және Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы» деген тақырыпта заң ғылымынан докторлық диссертация қорғадым. Бірақ бұл бөлек әңгіме...

Аштық жалмаған балалық

Салық Зимановтың балалық шағы ел дамуының ең қамырықты кезеңімен тұспа-тұс келді. Оның әкесі Зиман Жарылқасынов (азан шақырып қойған есімі – Зиғали) Қазан төңкерісінің қарсаңында – 1917 жылдың 24 тамызында сол кездегі Гурьев қалалық 4 сыныптық ерлер гимназиясын тәмәмдайды. Бұл кезде оның жасы артық-кемі жоқ тұп-тура жиырмада екен.

Бұған таң қалудың қажеті жоқ. Себебі ол кезде 2 және 4 сыныптық ерлер гимназиясына білім алуға құштар ересек балалар қабылдана беретін.

Зиман атамыздың білімі туралы құжатына көз жүгіртер болсақ, ол бітірген гимназияның бағдарламасы бастауыштан гөрі жалпыға білім беретін орта мектепке жақын екендігін аңғарамыз. Онда жоғары сыныптарда оқытылатын «алгебра», «геометрия», «физика», «география» сияқты күрделі пәндермен қатар орыс, неміс, латын, француз тілдерінің де  болғанын байқаймыз. Осыған қарап-ақ Зиман атаның өз заманына сай білім алған және бірнеше шетел тілдерінен хабары бар оқыған азамат болғандығын аңғару қиын емес.

Ол гимназияны түгескен жылы қым-қуыт оқиғалар басталып, соңы ақ пен қызылдың бір-біріне қанды қырғын ашқан Азамат соғысына ұласты. Бұлғақ заманда Зиман атамыз ауыр жарақат алып, біртіндеп бейбіт тірлікке ауысады. Түрлі шаруашылық қызметіне араласып, болыс басқарушысына дейін өсіпті. Өмірінің соңына қарай өңірдегі ең үлкен әрі қауқарлы мекеме «Ембімұнайда» бухгалтер қызметін атқарыпты.

Халқымызға осы күнге дейін орны толмас қисапсыз мол қасірет әкелген ашаршылық жылдарында Зиман ата мен Болған әжеміздің отбасында шүпірлеген 6 бала болыпты және оның ес қатқан ең үлкені Салық еді.

Ағамыз тек күйік пен қайғыға толы жүрек сыздататын оқиғалардан тұратын балалық шағы туралы айтуды көп ұната бермейтін.

Ашаршылық басталғанда Салық ата-анасына қолғабыс жасауға жарап қалған естияр ұл.  Жайықтың бойы, Нарынның құмы мен Үстірттің қырын мыңғырған түлікке толтырып, бақуатты тірлікте отырған халықтың бар малын сыпырып алып, тентіретіп жібергенде, бір үзім нан мен бір жапырақ қызылға ұмтылған халық Гурьевке қарай шұбырады.

Ағамыздың айтуынша, қалаға жетіп жығылып, қолын созған күйі отырған жерінде үзіліп кеткен жандар базар маңы мен көшелерге, темір жолдың бойына лық толып кеткен. Жергілікті билік күн сайын қас қарая көшеге ұзын арбалар шығарып, үзіліп кеткендердің мүрделеріне қоса шығар-шықпас  жаны барларды қоса жинап, қала сыртындағы шұңқырға үсті-үстіне тоғытып отырған. Ондағы әлі жантәсілім ете қоймаған кейбір адамдардың ыңырсып, қыбырлап жатқандарын көрген бала Салықтың жүрегі талай тітіркенген.

Көп ұзамай жаңа биліктің қолдан жасалған мұндай қорлығына төзбеген Маңғыстау адайлары көтеріліске шығады. Олардың алды Ресейден әкелген әскерлердің қарулы тосқауыл, бөгеуілдеріне қарамастан көрші елдерге үдере көшеді. Шевченко түрмелері көтерілісшілерге лық толған соң, қалған бөлігі Гурьевке жөнелтіледі. Абақтыдағы ұрып-соғу, қинау мен азаптанудан әбден әлсіреген тұтқындардың денелерін де қала сыртындағы шұңқырға тастаған. Баланы қойып, үлкеннің жанын сыздататын мұндай айуандықтар бала Салықтың жүрегін аяусыз тілгілеген.

Салық ағамыз өзі тікелей куәгер болған Атырау мен Маңғыстау өңірін жайлаған зұлмат ашаршылық жайлы ол туралы жазуға тиым салынған кеңес заманында-ақ баспасөз өкілдеріне берген сұхбаттарында айтып, кейін балалық шағы туралы естеліктерінде там-тұмдап жазып жүрді.

Маңғыстау қазақтың нар ақыны Мұрат Мөңкеұлы: «Мыңнан-мыңнан жылқы айдап, жүзден-жүзден нар байлап, дәулеті қалың біткен жер. Ақтылы қойдың өрген жер, шалқыған дәулет мол бітіп, қызығын жұртым көрген жер», – деп зор шабытпен жырлаған қазақтың ежелден құт қонып, бақ дарыған, «майлы қиян» атанған киелі өңірі еді.

Қазақ өлкесін жайлаған ашаршылық қарсаңында КСРО Ғылым академиясы Алашорда үкіметінің басшысы болған үлкен оқымысты Әлихан Бөкейхановты 1926 жылы қазіргі Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарында тұратын қазақтардың антропологиясын, тұрмыс-салты мен шаруасының жай-күйін зерттеу үшін арнайы ғылыми экспедицияға аттандырады. Оның нәтижесі бойынша Ә.Бөкейханов «Казахи (тұпнұсқада – казаки) Адаевского уезда» атты еңбек жазып, оны  1927 жылы Ленинградта бастырып шығарады.

Маңғыстау мен Атырау өлкесінің сол кездегі жай-күйін мейлінше толық сипаттаған Ә.Бөкейхановтың деректері бойынша, 1925 жылы Адай уезіндегі 27 болыста 127.798 адам тұрып, 21.611 шаруашылық жұмыс істеген.

Маңғыстау түбегін емін-еркін аралаған Алаш көсемі Каспий мен Үстірт арасын ен жайлап, алаңсыз тірлік кешетін адайлардың бақуатты өміріне ерекше таң қалған. Ол экспедиция барысында 3 үйден тұратын шағын адай ауылы 21 түйемен көшіп-қонатынын, бұған қосымша үш отбасының 300 жылқысы және 1000-нан астам қойы барын сипаттап жазады.

Қазақ өлкесінің әр қиырын аралап, оның шаруашылық жағдайын өте жақсы білген Ә.Бөкейханов: «Шындығында адайлар баққан қоңды малды бұған дейін мен еш жерден көрген емеспін», – деп Маңғыстау өлкесінің малы да ерекше дилы екендігіне таң-тамаша болған.

Зерттеуші Сәбит Шілдебайдың деректері бойынша, Маңғыстау экспедициясы кезінде Әлихан Бөкейхановтың басқан адымы ОГПУ тарапынан аңдуда болған. Ата дәстүрін қатаң ұстанатын адайлар Алаш көсеміне зиялы, білімдар азамат қана емес, хан тұқымы ретінде айрықша құрмет көрсетіп, қиян түпкірдегі ел ағалары Әлекеңе сәлем беруге келген. Мұны тыңшылар «паломничество» деп бағалап, сол кезде ОГПУ төрағасының орынбасары Генрих Ягода Сталинге хат жазып, Бөкейхановты алдағы уақытта Қазақстанға жібермеуді ұсынған.

Ә.Бөкейханов еңбегінде адайлар мен олардың барақат тірлігі жайлы зор құрметпен жазды.

Міне, осындай ежелден құт қонып, бақ дарыған өлке ашаршылық жылдары ойранға түсті.

Ержүрек адайлардың Тобанияз Әлниязов сияқты батырлары зорлық-зомбылық пен озбырлыққа қарсы қолда бар қарумен көтеріліске шығады. Мал-мүлкі және көшіп-қонуға жарайтын мүмкіндігі бар мыңдаған отбасылар Түрікменстан арқылы Иранға, Өзбекстан арқылы Ауғанстанға жөңкіле көшеді.

Салық аға журналист М.Стукалинаға берген сұхбатында: «Маңғыстауда адайлар көтеріліске шықты. Мақашқала мен Астраханнан қарулы әскер келді. Шевченко түрмелері лық толғандықтан тұтқындарды Гурьевке тоғыта бастады. Жантәсілім еткендер көбейе бастағанда оларды арбаға тиеп, қала сыртындағы күлтөкпеге күн сайын шығарып отырды. Көмген жоқ, бірден қоқысқа тастай салды. Кейбір қайыр сұрағандар жас балаларымен бірге отырған жерінде үзіліп кетіп жатты. Оларды да балаларымен бірге арбаға тиеп, үйіндіге шығарып отырды», – деп, ашаршылықтың адамның жан-дүниесін түршіктіретін ащы шындығын айтады.

Көтерілісшілерді кеңес үкіметінің қас жауы, бандиттер деп айыптап, оларға ешбір аяушылық жасамау үшін жазалаушыларды сырттан алдырады.

Тарих ғылымының кандидаты Болат Жұмағұловтың құпия мұрағаттардан алған деректері бойынша, өлкедегі көтерілісшілерге қарсы шыққан 32 топтан тұратын мұздай қаруланған жазалаушы жасақтар бейкүнә халықты қанды қырғынға ұшыратқан.

Жазалаушылар жалпы саны 400-ден астам: ОГПУ-дің Кавказ округтік басқармасына қарасты екі дивизионнан, Бакуден келген эскадрон мен Дағыстан отрядынан, ОГПУ-дің 100 кісіден тұратын атқыштар тобы мен екі станоктық пулемет пен атыс құралдарымен қаруланған 70 адамдық жасақтан, Саратовтан 2 станокты пулемет және 6 қол пулеметімен қаруланған 100 жауынгерден тұратын тағы бір қандықол отрядтардан құралды.

Осындай рақымшылдықты, үлкен-кіші, кәрі-жасты мүсіркеудің не екенін білмейтін жауыз тобырлардан құрылған қарулы жасақтар Ә.Бөкейханов зор таңданыспен, айрықша құрметпен сипаттайтын киелі түбектің байырғы, бақуатты халқын қынадай қырып, мал-мүлкін талан-таражға түсіреді.

Ескі сүрлеу, құпия соқпақтармен қарулы жасақтан қашып құтылып, түрікмен жеріне аман жеткендерді де зарлы тағдыр күтіп тұрды. Сондай азаматтардың бірі Қыдырбай Бердібаев: «Онда барғанда жағдай өте нашар болды. Әке-шешелері балаларын шарасыздан балалар үйіне өткізе бастады. Түрікменстандағы Ташауыз облысының Калшиши ауданы орталығындағы балалар үйінде балалардың қорегі үшін бір үзім нанды 4 балаға бөліп беретін. Күнде қабылданатын 40-50 баланың 20-30-ы аштықтан өлді», – деп жазады.

Мұндай деректерді оқығанда жүрегің атқақтап, ашу-ызадан қаның басқа шапшиды. Бейбіт халыққа қан жұтқызған зұлматты қолдан ұйымдастырған Сталин мен Голощекин сияқты жауыздар мен олар басқарған жүйеге лағынет айтасың.

Жауыз билік мұнымен де тоқтаған жоқ. Қолға түскен көтерілісшілер мен бас көтерген азаматтарды қаныпезерлікпен жазалауды бастап кетті.

Тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбектің деректері бойынша, көтеріліске қатысқан 1715 адам тұтқындалған. Олардың 802-сі қылмыстық жауапқа тартылып, 508 адамның ісі ОГПУ-ге жіберілген, 373 адам сотталған. Көтерілістің 15 басшысы ату жазасына кесіліп, 21 адам концентрациялық лагерьлерге жіберілген, ал 100-ден астам көтерілісші жер аударылған. Сотталғандардың басым көпшілігі іргедегі Гурьев пен Ақтөбенің түрмелеріне жабылған, олардың 79-ы абақтының азабына шыдамай жан тапсырған.

Бала Салық осындай сұмдық пен замана зұлматының тірі куәгері болды. Кейін орта мектепті бітіріп, Шевченко қаласында ұстаздық жолын бастағанда қырғынға ұшыраған халықты, ойрандалған даланы, аңырап қалған аналар мен ботадай боздаған балаларды өз көзімен көрген. Сондықтан бұл тақырыпқа келгенде қатепті қара нардай ағамыздың иығы қушық тартып, дауысы дірілдеп, көзі жасқа шыланып кетуші еді...

Салық ағамыз қазақ халқын осыншама қисапсыз қасіретке батырған жауыздыққа жол берген Сталин өлгенде елдің жылағанын көрген Нечитайло деген қарт коммунистің: «Қазақтар, сендер несіне Сталиннің өліміне жылайсыңдар. Мен сол кезде ашаршылықпен күрес жөніндегі үкімет комиссиясы төрағасының орынбасары болдым. Ашаршылықтан қырылған бейбіт халықта есеп жоқ еді. Темір жолдың бойы жантәсілім еткен қазақтардың мәйітіне толып кетті. Жинап үлгере алмайтынбыз», – деген сөзін естіген екен.

Бүгінде мұрағаттар ашылғанымен аштықты қасақана  ұйымдастырған сол кездегі билік қалдырған құжаттарда зұлмат заман шындығы түгел көрсетілмеген. Олар өз қылмыстары мен күнәһарлығын бүркемелеу үшін әрбір өңір бойынша қайтыс болғандар санын үнемі кемітіп көрсеткен.

Маңғыстау мен Атырау қазақтары жаппай қырғынға ұшырап жатқанда Гурьев тресі Жайық пен Каспийде ауланған балықты тазалап, Мәскеу пролетариатына жөнелтумен болған. Академиктің айтуынша, балықтың ішек-қарны арыққа тасталып, сумен шайылып, күн сайын комбинаттың сыртына шығарылып отырған. Салық сияқты қара сирақ балалар қолқаны қабар исіне қарамастан шыбын-шіркей үймелеген әлгі жуындының қолға ілінерін жиып-теріп, үйге әкеліп, отқа аунатып, суға пісіріп, талғажау етіпті.

Өлместің ғана күнін көріп, қалған-құтқанды қорек еткен мұны «балалық шақ» деп айтудың өзі қиын-ақ. Сондықтан Салық аға үнемі: «Менде балалық шақ мүлде болған емес. Оны аштық жалмады. Біздің балалығымыз бір үзім нан мен қалжауға жарайтын бір талшық қызыл үшін күреспен өтті. Бізді ашаршылық тырнағынан аман алып қалған қорадағы жалғыз сиырдың сүті мен түйенің сүмесі еді», – дейтін балалық шағы туралы сөз болғанда.

Салықтың жасы 17-ге енді ғана толғанда әкесі Зиман дүние салып, алты баласы бар үйдің ендігі бас көтерер еркектен үлкені өзі болады.

Ағамыз 1938 жылы қаладағы Ораз Исаев атындағы қазақ мектебін үздік бітіріп, бір айлық арнайы курстан өткен соң Шевченко қаласындағы С.М.Киров атындағы қазақ мектебіне математика және физика пәнінен мұғалім болып қызметке орналасады. Жесір қалған анасына қолғабыс жасауға ұмтылған оның бұл талпынысы да ұзаққа бармай, 1939 жылы желтоқсан айының соңында жас азамат әскер қатарына шақырылады.

Гвардия майоры

Жауынгер Салық Зимановтың өз өмірбаянында әскер қатарына шақырылған мерзімі 1939 жылдың желтоқсаны деп көрсетілгенімен барлық әскери құжаттарында бұл дерек 1940 жылдың 3 қаңтары деп рәсімделген. Мұндай азғантай айырманы оның мұғалімдік қызмет атқарған Шевченко қаласынан Гурьевке келіп, әскери комиссариатта ресми тіркеуден өткен уақыт аралығымен түсіндіруге болады.

Оның әскердегі қызметі Грузия мен Түркияның арасында тұрған Чорох өзенінің қапталында орналасқан 9-таулық-атқыштар дивизиясының құрамындағы 121-полкте өтеді.

Бұл кезде Кеңес Одағы алдағы уақытта соғыс өрті тұтана қалған жағдайда елдің ірі мұнай кендері мен оны өңдейтін кәсіпорындары орналасқан Баку, Грозный, Майкоп аудандарын қорғауға арналған бекіністер жасаумен айналысты. Соғыс қарсаңында бір жарым жыл қарт Кавказдың қарлы шыңдарында қар төсеніп, мұз жастана жүріп шыңдалған қатардағы жауынгер С.Зиманов сақа солдат болып қалыптасты.

Соғыс басталған бетте ол өз қаруластарымен бірге Ростов жаққа аттанса да, көп ұзамай оның толық орта білімі мен мұғалім болып істеген тәжірибесі бары әрі орыс тіліне жетіктігі ескеріліп, Сухумидегі әскери училищеге жіберіледі. Осылайша жас күнінде алған тиянақты білімі мен ғылымға деген құштарлығы оны тура келген ажалдан арашалап қалады. Өйткені соғыстың алғашқы кезеңінде Ростов бағыты, Украина жерінде болған ұрыстарда миллиондаған кеңес жауынгерлерінің қырғынға ұшырап, тұтқынға түскенін біз кейінгі тарихтан жақсы білеміз.

Бір жылға да жетпейтін қысқа мерзім ішінде жеделдетілген әскери дайындықтан өткен Салық Зиманов 1942 жылдың жазында лейтенант шенімен қайтадан майдан даласына оралады.

Бұл кезде Кавказдың қарлы шыңдары мен құз жартастарындағы бет қаратпас ызғар мен ақтүтек борандарда ширыққан жауынгерлерден тұратын арнайы жасақтар құрыла бастайды. Соның 11-дербес отрядының құрамына взвод командирі, лейтенант Салық Зиманов та кіріп, шайқасқа түседі.

Кез келген әскери тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайтын жас офицер біртіндеп Солтүстік Кавказ майданындағы 5-гвардиялық атқыштар бригадасы құрамындағы 1-дербес гвардиялық атқыштар батальонының миномет ротасының командиріне дейін жоғарылатылып, оған әуелі аға лейтенант, кейін капитан шені беріледі.

Соғыс өрті өршіп тұрған 1943 жылдың жазында гвардия капитаны Салық Зимановтың кеудесінде алғашқы мәртебелі марапат – «Қызыл Жұлдыз» ордені жарқырайды. Оның ұсыну құжатында: «Минометшілер ротасының командирі өзін ең үздік командирлердің бірі ретінде көрсетті. Зиманов жолдас 16-18.7.43 жылы 114.1 биіктік үшін болған шайқасқа өз бөлімшесін ұйымдасқан түрде, зор шеберлікпен жұмылдыра білді. Тәртіпті, өткір, батыл, ержүрек командир», – деп жазылған.

Бабалары ер Махамбет, батыр Исатайлар салған ерлік дәстүрін берік ұстанған гвардия капитаны Салық Зиманов Солтүстік Кавказ, Оңтүстік, Бірінші және Екінші Украина майданы, Екінші Беларусь майданы құрамында Кавказдан Берлинге дейінгі аралықта ерлік пен жанқиярлыққа толы жауынгерлік жолдан өтеді.

Германияның тас-түйін бекінген берік әскери плацдармына айналған Данциг үшін болған кескілескен шайқастарда 2-Беларусь майданы 6-механикаландырылған корпусы құрамындағы 615-минометшілер полкі командирінің орынбасары, гвардия майоры С.Зиманов бүкіл қаруластары мен генералитет алдында қаһармандықтың ғажайып үлгісін көрсетеді. Оның осы ерлігі үшін толтырылған марапат парақшасын қаз қалпында келтірер болсақ, онда былай делінген: «Біздің жаяу әскер бөлімшелері 1945 жылдың 25-наурызында Данциг қаласының маңындағы 139.2 биіктігі үшін кескілескен ұрыс жүргізді. Зиманов жолдас ұрымтал сәтте артиллеристерді бастап, биіктікке бірінші болып жетті. Ол минометшілер дивизионына өзі тұрған жотаны көздеп атуға бұйрық береді. Қарсы шабуылға әрекет жасаған жаудың тас-талқаны шықты. Минометпен жойқын атқылаудың нәтижесінде дұшпанның 22 солдаты өлім құшып, екеуі жараланады. Осылайша біздің жаяу әскерлер биіктікті бағындырып, 1 километрдей алға жылжыды. Зиманов жолдас «1-дәрежелі Отан соғысы» ордені үкіметтік марапатына әбден лайық».

Корпус командирі, танк әскерлерінің генерал-майоры А.Н.Фирсов қол қойған дәл осы құжат негізінде гвардия майоры С.Зимановтың кеудесінде ең мәртебелі әскери марапаттар қатарындағы «1-дәрежелі Отан соғысы» ордені жарқырады. (Орайы келгенде айта кетейік: қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова да  кезінде әуелі дәл осы марапатқа ұсынылып, кейін Қазақстан жұртшылығының табанды талабымен «Алтын Жұлдызды» иеленген).

Қазақтың арқалы ақыны Қасым Аманжолов Зимановтай ердің бар-жоғын білген-білмегенінен хабарсызбын, бірақ оның Абдолла досына арнап жазған поэмасындағы «Жау жолына атам сені, Бомба бол да, жарыл жүрек» деген от-жалынды жолдар маған өзі тұрған жотаны көздеп, «Атыңдар!» деп бұйрық берген Салықтай ерлерге арналғандай көрінеді.

Майдангер Зимановтың дәл осы ерлігіне куәгер болған қарулас достары оны кейінгі естеліктерінде тамсана жазады. Солардың бірі – соғыс жылдарында 615-минометшілер полкі командирінің орынбасары болған отставкадағы полковник И.А.Котельников.

Оның «Вызываю огонь на себя» атты естелігі Гурьев облыстық «Прикаспийская коммуна» атты газетінің 1967 жылғы 9 мамырдағы санында жарияланды. Қарт офицердің естелігі оқиғаға тікелей куәгер болған адамның жазбалары ретінде айрықша құнды. Ол Данцигтегі жау бекінген биікті алу кезінде  гвардия майоры С.Зиманов жасаған ерлікті әскери дәлдікпен баяндайды.

Котельниковтың жазуынша кеңес әскерлері жау тас-түйін болып бекінген жотаға бірнеше рет шабуыл жасаса да, ала алмаған. Әр ұрыс сайын кеңес әскерлері тарапынан шығын молая түседі. Әскери басшылық биіктікті қайткен күнде алу керектігінен танбайды. Ары қарай болған оқиғаны И.Котельников былай деп суреттейді: «Дивизионға  полк командирінің орынбасары, майор Салық Зиманұлы Зиманов келді. Дивизион командирінің бақылау пунктіндегі командирмен болған пікір алысуы барысында біздің жаяу әскерлердің биіктікті алуға бағытталған шабуылдарының не себептен сәтсіздікке ұшырауының мән-жайын талқылайды. Ол жау бекінісінің алғы шебі мен оқ жаудыру нүктелерін анықтап, өздері жаяу әскерлер тұрған аралықты есептеп шығарады. Нәтижесінде: «Біз биіктікті алуымыз керек. Шабуылдаушы топты өзім басқарамын», – деген батыл шешімге келеді».

Иә, 1945 жылдың наурыз айында – соғыстың аяқталуына бір жарым ай ғана қалғанда полк командирінің орынбасары майор Зимановтың қарамағындағыларға тиісті тапсырманы беріп, шабуыл барысын бақылау пунктінен-ақ басқаруға әбден болатын еді, бірақ ержүрек қазақ офицері басын оққа байлап, жауға қарай атой сала ұмтылады.

Котельников Зиманов бастаған шабуылдаушы топтың әрбір әрекетін әскери нақтылықпен тәптіштеп баяндайды.

Бекінген жау оңайлықпен берілсін бе!? Олар атыс қаруының барлық түрінен оқ жаудырып, бірнеше мәрте шабуылдаушы топтың бетін қайтарған. Ату позициясын қайта-қайта ауыстырып, кеңес әскерлерін жаңылыстыра берген.

Ары қарай болған оқиғаны И.Котельников былай деп жалғастырады: «Жағдай мүлде шиеленісіп, ерекше шешім қабылдауды қажет етті. Дәл осындай сәтте майор С.З. Зиманов нартәуекелге барып, бірден-бір дұрыс шешім қабылдады. Ол өзі тұрған биіктікті көздеп атуға бұйрық берді. Топ бастаған майор Зимановтың өткір, қайсар және батыл шешімі баршамызды таң-тамаша қалдырды».

Иә, ардагер офицердің естелігі небәрі бір-ақ абзацтан тұратын марапат құжатындағы негіздемеден әлдеқайда толық.

Өз айтуы бойынша, Салық Зимановпен екі жыл бойына талай мәрте қан майданға кірген Иван Анатольевич оның талай мәрте жасаған өзге де ерлік істері мен азаматтығына тікелей куә болған. Сондықтан өзімен қызметі және әскери дәрежесі бірдей әріптесін: «чуток, внимателен к людям, справедлив, честен и бескорыстен», – деп ағынан жарыла сипаттайды.

Тағы бір хатты подполковник Н.С.Брайко республикалық «Казахстанская правда» газетінің редакциясына 1985 жылдың 28 ақпанында жолдапты. Ол Салық Зимановпен 1943 жылдың соңында ауыр жарақатын емдетіп, госпитальдан оралған кезден бастап таныс болған. Сол кезде Зиманов 615-минометшілер полкі 1-дивизионының командирлігіне тағайындалған. Брайко қарулас досының Украинаның Кировоград облысын азат ету кезіндегі ерлігін ерекше бағалап: «показал себя в боях умелым, опытным и расчетливым командиром», – деп баға береді.

Ол да өзі қатысқан Данциг түбіндегі ерлікті зор ризашылықпен баяндай келіп: «Оның іс-әрекеті полктің барлық әскерлері тарапынан өздерінің командиріне деген зор мақтаныш сезімін туғызды», – деген қорытынды жасайды.

Брайко 615-минометшілер полкінің жауынгерлік іс-қимылдары  туралы әскери журналдың бір данасын өзінде сақтаған екен. Оның естелігі осы құжат негізінде жазылғандықтан әскери дәлдігімен ерекше құнды. Ардагер сонымен бірге Зимановтың өзі де соғыс кезінде Беларусь әскери округінің газетінде мақала жариялағандығы туралы тағы бір мәліметті алға тартып, оның автор қолында болуы мүмкін екендігін жазған.

Салық Зиманов туралы 2001 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген жинақты құрастыру барысында біз ағамыздан Брайко айтқан әлгі мақала жайлы сұраған болатынбыз. Ол өзіне тән қарапайымдылықпен: «Отқа оранып жүргенде қайсыбір қағаз сақталды дейсің, бірақ минометші болып қызмет атқарған командирдің тәжірибесі ретінде өзгелерге де пайдасы тиер деп мақала жазғаным рас. Қажет болса, іздеп көрейін», – деп майдандық «На штурм!» деп аталатын газеттің 1944 жылдың 29 қазанында жарияланған мақаласының сарғайған қиындысын ұсынған еді.

Біз үшін қазақтың ұлы ғалымының қаламынан шыққан әрбір еңбек қымбат. Оның үстіне бұл болашақ академиктің баспасөз бетінде жарық көрген тырнақалды туындысы болып шықты.

Мақала «Действия минометчиков в лесисто-болотной местности» деп аталады. Ол ешбір әсірелеусіз-ақ әскери академия бітірген тәжірибелі офицердің жазбасындай әсер қалдырады.

Майор Зиманов орманды-батпақты жағдайда минометтен атылған оқтың нысанаға дөп тиюі үшін оны саздауыт немесе құмдауыт жерлерге орналастыру кезінде оқ жаудыратын орынды мұқият тегістеп, нығыздап, минометтің оңды-солды серпілмеуін қадағалау керектігіне ерекше назар аударады. Минометті түнде, қараңғыда пайдаланудың өзгешеліктеріне де арнайы тоқталады.

Күндізгі шабуыл кезінде ату позициясын жаудан жасыру мен айналдыра атыс салудың барысында туындайтын қиындықтарды еңсеру жолдарын да түсіндіреді. Минометшілердің жаяу әскерлер және жақын маңда орналасқан басқа әскери бөлімдерімен бірлесе қимылдауының маңыздығына да тоқталған. Мақаласы арада 60 жылға жуық уақыт өткен соң 2001 жылғы жинақта қайыра басылды.

Салық аға 1965 жылы Днепрден өту кезінде болған оқиғалар жайлы да мақала жазыпты. Қарапайым жанның бұрын еш жерде жарияланбаған бұл еңбегін де өз рұхсатымен 2001 жылғы жинаққа қосқан едік.

Мақаланы оқи отырып, егер ол әскери жазбаларын дәл осы стильде жалғастыра берген жағдайда академиктің қаламынан көркемдік қуаты мықты талай тегеурінді туындылар дүниеге келер еді деп шамалауға болады. Оқып көріңіз: «Біздің алдымызда арыны қатты, айдыны кең, көкпеңбек, алып дария жатты. Мен Днепрді тұңғыш рет көрдім және ол маған, алыстағы дала перзентіне, ұмытылмас әсер қалдырды. Төңірек түгел тыныштық құшағына бөленіп, жағалаудың арғы бетіндегі селодан да ешқандай тіршілік белгісі сезілмеді», – деп жазады.

Егер осы жолдарды оқыған адам оның тек заң тілінде ғана жазып, заң тілімен ғана уәждесетін ғалым екендігін алдын-ала білмесе, бұл мақаласын кәсіби жазушының қаламынан туған шығарма деп қабылдауы да әбден мүмкін.

Оқырманын жанды суреттермен бірден баурап алатын шағын мақала оның болашақта осы тақырыпқа бұдан да жілікті дүние жазуды жоспарлағанындай әсер қалдырады.

Кескілескен шайқастарда шарболаттай шыңдалған гвардия майоры соғыс соңына қарай артиллериялық полк штабының бастығына дейін өсті. Германияның Штральзинд, Гриммен, Деммин, Мальхин, Варен, Везенберг, Виттенберг, т.б. қалаларын азат етушілер қатарында болды.

Салық Зиманов әскери және мемуарлық әдебиеттерде ең көп жазылған кеңес-америка әскерлерінің Эльбадағы кездесуіне де қатысыпты. Бұл туралы ол 1965 жылы жазылған естелігінде былай деп жазады: «Қуатты бронетехникалық 8-механикаландырылған корпус екі-үш колоннамен Эльбаға қарай жылжи түсті. Үшінші мамыр күні түске таман біздің бөлімдер Эльбаға жетіп, орманға жайғасты. Виллистер мен мотоциклдерге мінген америкалық офицерлер мен солдаттардың бір тобы бізге келді. Анау-мынау формальдықтар ысырылып тасталған кездесу өте жылы және қуанышты жағдайда өтті. Жерге төсенішті жайып тастап, бір-бірімізді бар мәзірімізбен сыйлай бастадық. Біздер америкалықтар көрген алғашқы орыстар болып шықтық. Содан бері 20 жыл да өте шығыпты. Көп нәрсе көңілден жырақ қалып, естен шыға бастапты. Бірақ антигитлерлік соғыста қалыптасқан одақтас-солдаттардың сол бір жауынгерлік достығы ешқашан ұмытылмақ емес».

Байқаған боларсыз, Салық ағамыздың естелігі де өзі сияқты салмақты, сабырлы. Артық пафос жоқ, тек әскери адамға тән фактілер констатациясы бар.

Дәл осы естелігінде майор Зиманов америкалықтармен Эльбадағы кездесу алдында тұтқынға түскен немістер арасынан әбден арып-ашқан бір офицер көргенін, ол неміс тілінде өзінің америкалық екенін айтып, өзін солармен жолықтыруды өтінгенін жазады. Байғұс бұған дейін осы сөзін талай кеңес офицерлеріне айтса да, түсінетін пенде таппаған сияқты. Мектепте әрі әскери училищеде неміс тілін оқыған гвардия майоры әлгінің сөзін асықпай тыңдап, оны бригада штабына жөнелтеді. Айтқаны расталған соң әлгі офицерді орыстар америкалық одақтастарға қайтарады.

Майор Подберёзко мен Зимановтар бастаған кеңес әскерлері Эльбадағы америкалықтарға келгенде әлгі офицер арсалаңдап алдарынан шығып, Салық бастаған кеңес әскерлерін кезек-кезек құшақтап, әріптестеріне  бұл офицерлердің түсіністігі мен өзіне жасаған қамқорлықтары үшін қайта-қайта алғыс айтумен болғандығы да естеліктен тыс қалмаған.

С.Зиманов майдандағы өмірі туралы арнайы мемуар жазбаған. Кезінде «әскери құпия» ретінде сақталған оның мәртебелі марапатқа ұсынылған құжаттары да көзі тірісінде Салық ағамыздың қолына тимеді. Әйтсе де майдангер академик сол кездегі дәстүрге сай өзімен бірге шайқасқан қарулас достарымен хабарласып, олармен хат-хабар алысып тұрған. Тіпті егде тартқанына қарамастан, 84 жасында Ұлы жеңістің 60 жылдығына орай Мәскеуде өткен әскери шеруге ардагер офицер – гвардия полковнигі ретінде қатысады.

Салық ағаның өмірбаяндық деректері толық болуы үшін мына бір деректі келтіре кеткен жөн.

Әскери  өмір жолында қатардағы жауынгерден бастап, сатылап өсу арқылы курсант, взвод командирі, рота командирі, батарея командирі, дивизион командирі, миномет полкі командирінің орынбасары, миномет батальоны командирі, артиллериялық полк штабының бастығы сияқты аса жауапты қызметтерді абыроймен атқарған Салық Зимановқа корпус командирі, генерал-майор Александр Николаевич Фирсов 1946 жылдың басында Мәскеудегі Бронетехникалық әскерлер академиясына оқуға түсуге ұсыныс жасайды. Бірақ қос бірдей ұлынан айрылып аңырап қалған анасына, ағасының келуін асыға күткен үш бірдей қарындасына деген сағыныш оны туған жеріне тезірек жетуге асықтырады.

Ағамыздың көңіл қошы келгенде айтылатын әскери өмірі жайлы сырларынан тағы бір естігенім, орнына Академияға оқуға жіберілген қарулас досы кейін оны ойдағыдай тәмамдап, генерал-лейтенант дәрежесіне дейін өсіпті.

Салық ағамыз отбасы туралы әңгімелегенде соғысқа Зимановтар әулетінен өзінің соңынан ерген Сапар және Отар атты екі бірдей інісінің де аттанып, екеуінің де қан майданнан оралмағаны туралы айтушы еді. Бірақ қайтыс болғандары туралы бір жапырақ қара қағаздан өзге ештеңе келмеген. Соғыстан кейін ең болмағанда, жатқан орнын анықтап, оған туған жердің бір уыс топырағын салу ниеті болғанын, бірақ қолында нақты мағлұмат жоқтығынан бұл ойын жүзеге асыра алмағанын қынжыла айтушы еді.

Өкінішке орай, С.Зиманов қайтыс болғанға дейін қабілетсіз қолбасшылардың өрескел қателіктерінен миллиондаған адамның қанды қасапқа түскенін жасыру үшін әуелі КСРО, кейін Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі соғыста қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандар жайлы деректерді құпия ұстады. Тек 2015 жылы ғана бұл құжаттардан құпиялық грифі алынып, жарияға шықты.

Осы еңбекті жазу барысында арманда кеткен арыстардың рухы риза болуы үшін қос боздақтың тағдыры жайлы біз де мұрағаттық іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Соған сүйенсек, 1923 жылы туған Сапар Зиманов 1942 жылдың 2 мамырында  Гурьев қаласынан Қызыл армия қатарына шақырылып, Украина жеріндегі Оңтүстік-Батыс майдан құрамындағы 87-гвардиялық миномет полкінің сапында ұрысқа кірген. Есіл ер 1943 жылдың 16 наурызы күні Украинаның Харьков облысы, Чугуев ауданы Граново селосы үшін болған кескілескен шайқаста ерлікпен қаза тауыпты.

Өкінішке орай, арманда кеткен тағы бір боздақ – Отар Зимановтың тағдыр-талайы  жайлы деректерді қанша іздесек те еш нәтиже бермеді.

Қазақ халқының қаһарман перзенті, гвардия майоры С.Зиманов Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, 1946 жылдың тамыз айында 651-артиллериялық полктың штаб бастығы қызметін атқарып жүрген кезде демобилизацияланып, туған еліне оралды.

Алғашқы адымдар

Майдан даласында зор абыройға бөленген Салық Зимановтың соғыс аяқталғанда әлі жоғары білімі де жоқ болатын. Ол екі бірдей ұлынан айрылып, шерменде болған анасы мен ендігі жерде тірек болар ағасын аңсай күткен қарындастарына, ағайын-туысқа жайдан-жай қайтуды жөн көрмеді. Көп ойланып-толғанып, әскери қызметке бір табан болса да жақын заңгерлік мамандықты таңдайды. Салық аға туралы жазылған естеліктердің басым көпшіліктерінде оның Саратов заң институтын, кейде Қазан заң институтын бітіргендігі жөнінде жаңсақ деректер кездеседі.

Жас офицердің таңдауы сол кезде атағы дүрілдеп тұрған сырттай оқытатын Бүкілодақтық Заң институтына түседі. Бұл сол жылдардағы құқық қорғау жүйесіне жоғары білімді заңгерлер даярлайтын Кеңес Одағындағы ең ірі оқу орны еді. Бір қызығы, ол дәл байырғы атауымен 1990 жылға дейін жұмыс істеп, кейін Заң академиясына айналды. Ал бүгінде  О.Е.Кутафин атындағы Москва мемлекеттік заң университеті деген атпен белгілі. Бұл оқу орнын таңдауының тағы бір сыры – оның  сырттай оқытатыны еді.

Институттың елге жақындау орналасқан Қазан филиалындағы алғашқы лекцияларына қатысып, тиісті құжаттары, оқулықтары мен тапсырмаларын алған соң кеудесін жарқыраған орден, медальдарға толтырып, Атырауға оралады.

Аңсап күткен анасымен, ағайын-жұртпен қуана көрісіп, сәлемдесу реті аяқталған соң майданда жүріп 1943 жылы партия қатарына өткен жас коммунист облыстық партия комитетіне келіп, есепке тұрады. Әрине, жұмысқа орналасудың да жай-жапсарын сұрауды ұмытпайды. Сымдай тартылған сымбатты жас офицерге ондағылар облыстық прокуратураны нұсқайды.

Салықтың бақытына қарай, бұл кезде осы мекемені ұзақ жылдар басқарып, кейін республика прокурорының орынбасарына дейін көтерілген Бәйіш Хасанұлы Тапалов деген азамат басқарды. Ол жас офицерді бірден стажер ретінде қабылдап, арада 1-2 ай өткенде арнайы білімінің жоқтығына қарамастан аға тергеушілікке, кейін облыс прокурорының тергеу ісі жөніндегі көмекшісі қызметіне жоғарылатады.

Салық тергеушілік қызмет атқарып жүрген 1947 жылдың жазында облысқа республика прокуроры К.Я.Румянцев келеді.

Константин Яковлевич 1919 жылдың өзінде-ақ партияға өткен қарт большевик, соғысқа қатысып, бір аяғын майдан даласында қалдырған ардагер азамат болатын. Қазақстанға келгенше Ресейдің аса ірі облыстары – Сталинград және Новосібір облыстық прокуратурасын басқарған тәжірибелі заңгер Салық сияқты Ұлы Отан соғысының от-жалынында шыныққан, әскери тәртіпке әбден машықтанған, екі тілді бірдей еркін меңгерген, математикадан сабақ берген мұғалім ретінде талдамалы ойға жүйрік азаматқа бірден назарын аударады.

Облыста іссапарда болған күндері Салықты жанынан тастамай, түрлі сұрақтар қойып, білім-білігін байқастап, сынақтан өткізеді. Әскерилер «Бог войны» деп ерекше қадірлейтін мамандығына қарай «артиллерист» деп еркелете арқасынан қағып, жанына жақын тарта түседі. Сапар соңында оған республикалық прокуратураға ауысуға ұсыныс жасайды. Анасының рұқсатын алған соң Салық бұған қуана келіседі.

Осылайша қылшылдаған жиырма бестен енді ғана асқан жас офицер 1947 жылдың күзінде республикалық прокуратураның аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі болып шыға келеді.

Қазақ КСР Бас прокуратурасының сол кездегі Р.Мұхамедьяров, А.Чурбанов, М.Демме сияқты басшылары әскери қызметке әбден төселіп, облыстық прокуратурада әжептәуір тәжірибе жинақтаған, оның үстіне Бүкілодақтық Заң институтында сырттай оқу барысында теориялық білімін де жетілдіріп жүрген жас тергеушінің жаңа мамандықты игерудегі ынта-ықыласын лайықты бағалап, бірден қамқорлықтарына алады.

Алматы сияқты кітапханасы мен ақыл-кеңес берер мамандары мол ғылыми ортаға келген соң Салық институттағы оқуын мықтап қолға алып, Қазандағы филиалға алғашқы үш курстың оқу бағдарламасы бойынша экстерн жолымен емтихандар тапсырып, (ол кезде соғысқа қатысқан жоғары шенді офицерлерге мұндай мүмкіндік берілетін), соңғы курста Алматыда жаңадан ашылған филиалға біржолата ауысады.

Көп ұзамай, 1948 жылдың күзінде Алматыдағы филиалда бес бірдей пәннен мемлекеттік емтихан тапсыруға кіріседі. Бұл туралы институттың Алматы филиалында директор болған Салық ағаның ұстазы Л.В.Дюков: «Гвардия майоры С.З. Зиманов 1948 жылы Бүкілодақтық заң институтының Алматы филиалын (Қазан филиалынан ауысу арқылы) сырттай оқып бітірді. Бес мемлекеттік емтиханды түгелдей «өте жақсыға» тапсырып, аспирантураға ұсынылды. Бұл кезде ол республикалық прокуратурада аса маңызды істер жөнінде тергеуші болып істеді», – деп жазады.

Дәл осы тұста Салық Зимановтың кейінгі өмірін күрт өзгерткен ерекше оқиға болды.

Құқық қорғау мен мемлекет қауіпсіздігі саласында жоғары білімді кадрлар тапшы заманда республикалық мекемелердегі басшы қызметтерде арнайы құқықтық білімі жоқ азаматтар да қызмет істей беретін. Сондай лауазым иелерінің бірі 40-50 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің орынбасары қызметін атқарған полковник Байзолда Сәкенов болды. Ол да 1948 жылы Бүкілодақтық Заң институтына мемлекеттік емтихан тапсыруға Салықпен бірге дайындалады.

Емтиханға дайындық және оған қатысу барысында қашанда Салықтың білімділігі мен алғырлығын, дәтке де, сырға да беріктігін аңдаған Сәкенов оған мемлекеттік қауіпсіздік жүйесіне ауысуды ұсынады. Тіпті оның келісімін күтпей-ақ сыртынан құжаттарын рәсімдеуге кірісіп кетеді.

Бір кездері өзі зор сенім артып, алыстағы Атыраудан арнайы шақырумен алдырған жас шәкіртінің өзімен ақылдаспай жасаған бұл асығыстау әрекетіне ренжіген шікәмшіл қарт большевик Румянцев Салыққа қатқылдау сөйлеп, наразылығын білдіреді.

Қашанда бірбеткей, тікмінез Салық диплом қолға тиген соң сыртынан тон пішкен жаңа «досы» Байзолдаға да, түймедейді түйедей еткен бастығына да разы-хош айтып, аспирантураға берілген жолдаманы таңдайды. Дәл осы оқиға оның бұдан кейінгі тағдырына күрт өзгеріс енгізіп, өмірінің соңына дейін серік болған ғылым-білім әлеміне алып келеді.

Осылайша әуелі темірдей тәртіпке негізделген әскери өмір мен алға басқан әрбір қадамыңды заң талабымен өлшейтін прокуратура органында өткізген он жылдан соң Салық Зимановтың шетсіз-шексіз ғылым өлкесіндегі жемісті жылдары басталды.

Бүкілодақтық заң институтында сырттай оқыған жылдары  ғылымға бейімделе бастаса да, бұл саланың оған әлі де болса, беймәлім қырлары көп еді. Нақты бұйрық, шұғыл тапсырма, жедел әрекетке негізделген әскери-құқықтық тәртіппен салыстырғанда әрбір сөз, пікіріңізді саралап, салыстырып, талдап, толғап айтуды қажет ететін ғылыми қызметтің жайы мүлде бөлек болатын. Бұл оған жүріс-тұрысыңнан бастап ойлау, пікір жарыстыру, өзгенің көзқарасын да ескеріп, өз ойыңды елеп-екшеп айтуды талап ететін ғылыми ортамен жаңаша қарым-қатынас жүйесін қалыптастыруды қажет етті.

Сонымен, 1948 жылдың 1 қыркүйегінде С.Зиманов Қазақ КСР Ғылым академиясы құқық секторының академиясына аспирант ретінде қабылданады.

Дәл осы жылы оның өмірінде тағы бір айтулы оқиға болды. Ол бұдан кейінгі ғұмырында өзіне адал жар, анасына ибалы келін, қарындастарына қамқор жеңге, балаларына аяулы ана болған Шәрбан Батталқызымен отасып, шаңырақ көтерді.

Өмірдің небір қия жолдары мен қиян соқпақтарында сенімді серік болар өмірлік қосағын нағыз ертегінің батырларындай таңдай білген асқар таудай ағалардың көрегендігіне әрдайым таң қаламын. Жалпы, атағы алысқа кетіп, абыройға бөленген кез-келген азаматтың табыстарының тасасында Қобыландының Құртқасындай, Алпамыстың Гүлбаршынындай ағаларымыздың бабын да тауып, баласын да асырап, ағайын-туысына да қамқор бола білген нәзік жаратылыс иелері тұрады. Шәрбан апамыз осындай аяулы жандардың қатарынан еді.

Ақиқат үшін айта кетейік, Шәрбан Батталқызының жеке өмірі мен ғылымдағы жетістіктерінің өзі бір емес, бірнеше кітапқа жетіп артылады.

Арқаға  аты мәлім атақты Жарылқап батырдың тұқымы Баттал атамыз отыз екінің ашаршылығында қызыл биліктің келеңсіздіктеріне қолына қару ала қарсы шығып, халық көтерілісін бастапты. Сол үшін Баттал Әбеуов 1932 жылдың өзінде репрессияның қанды қасабына түсіп, атылып кетеді. Көп ештеңеден ыға қоймайтын турашыл Зиманов мұны әр жылдары толтырған өмірбаяндық анкетасында жасырмай, анық көрсетіп отырған.

Әкесінің халық жауы болып, репрессия шеңгеліне түскеніне қарамастан Шәрбан апамыз Қарағанды облысының қиян түпкірі – Шет ауданындағы қазақ мектебін 1939 жылы алтын медальмен бітіріп, Мәскеу мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға қабылданады. Ол екінші курста оқып жүргенде соғыс басталып, Шәрбан апай елге оралады. Жерлестерінің «халық жауының қызы» деген түрткісінде қалмауы үшін Алматы облысындағы орта мектепте химия және физика пәнінен ұстаздық етіп, оқу ісінің меңгерушісіне дейін көтеріледі.

Соғыс аяқтала салысымен Мәскеудегі оқуын жалғастырады. Мәскеу мемлекеттік университеті сияқты Кеңес Одағының ең беделді университетін үздік бітірген Шәрбан аспирантураға берілген санаулы жолдаманың біріне қол жеткізеді. Оны да ойдағыдай тәмамдап, 1952 жылы кандидаттық, ал 1968 жылы докторлық диссертациясын зор табыспен қорғайды.

Шәрбан Батталқызы отандық химия ғылымының дамуына үлкен үлес қосып, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырды. Екі жүзден астам ғылыми еңбек жазды. Ашқан ғылыми, өнертапқыштық жаңалықтары үшін 7 бірдей бүкілодақтық авторлық куәлікке ие болды. Ол 1975 жылы Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті, ал 1989 жылы академигі болып сайланды. Бір ғажабы, Кеңес заманында бүкіл Қазақстанда бір шаңырақтан ерлі-зайыпты қос академик шыққан екі-ақ отбасы болды. Соның бірі – Салық ағамыз бен Шәрбан апамыз құрған Зиманов-Батталовалардың жарасты жұбы еді.

Психологтардың пайымдауынша, ер азамат өзіне жар іздегенде көбінесе анасына ұқсас адамды таңдайды екен. Өмірлік серік таңдағанда Салық ағамыз да өз анасындай ақыл мен мінезге бай, өмірдің қандай сынақтарына қаймықпай қарсы тұрып, ерімен бірге еңсерген Шәрбан апамызды дәл осындай асыл қасиеттері үшін алған сияқты көрінеді.

Салықтың әкесі ертерек дүние салғаннан кейін ашаршылық, жоқ-жітіктік қыспағында қалған Болған әжеміз үш ұл, үш қызын қызғыштай қорып, жоқтан бар жасай жүріп қатарға қосты. Тепсе темір үзетін атпал азаматтардың өзі ашаршылық тырнағына ілігіп, халқымыздың тең жартысын жалмаған нәубет жылдарында осындай қажыр-қайрат көрсеткен адамды «аналардың анасы» десек, артық бола қоймас.

Шәрбан апамыз енесін туған анасындай сыйлап, қайын сіңлілеріне жол көрсетіп, жоба сілтеген ақылман жеңге болды. Соның арқасында Сәкеңнің Мәдина деген қарындасы Шәрбан Батталқызының ықпалымен химия ғылымын таңдап, кейін дәл осы саладан ғылым кандидаты атанды. Үлкен қарындасы Дина Кеңес Одағының Батыры Жәнібек Елеусізовке тұрмысқа шығады. Мәскеуге қол ұстасып қатар келген Салық пен Шәрбан 1948 жылы аспирантураға да қатар түседі. Олардың бұдан кейінгі ғұмыры бір шаңырақ астындағы тату-тәтті, жарасымды тірлікпен жалғасып, ғылым әлеміндегі берекелі, табысты, ұнасымды жылдарға ұласады.

 

Мұхтар Құл-Мұхаммед

Пікірлер