Кемел тіл — кемел елдің негізі

1799
Adyrna.kz Telegram

Осыдан аттай отыз жыл бұрын «Кемел елге кемел әліпби керек» деген атпен, ұстазым, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, академик Әбдуәлі Қайдар Қазақстан Республикасының Президентіне ашық хат жолдады. Толық мәтінін 1993 ж., № 52 санында, «Ана тілі» газеті жариялады...

Жиырма жыл өткен соң, 2013 жылдың 14 ақпанында «Егемен Қазақстан» газеті бетінде академик осы хатын еске алып: «Ашық хаттың соңына түркі жұртына ортақ әліпбидің 34 таңбадан тұратын жобасы қоса берілген. Бұдан шығатыны түркі жұртына ортақ әліпбидің үлгісі бұдан 20 жыл бұрын әкелініп, қалың жұртшылыққа белгілі болған. Ол қазір аяқ астынан белгілі болып отырған жайт емес... Қазақ әліпбиіне байланысты біз әзірлеген үлгі сол 34 таңбаның негізінде жасалған 28 әріптен тұрады».

2006 жылдан бастап 2015 жылға дейін Тіл білімі институты бірнеше мемлекеттік тапсырыстар аясында осы бағытта бірнеше монография, мақала жинақтарын жарыққа шығарды. 2016 жылы «Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау: теориясы мен практикасы» деген атпен шыққан қорытынды монографиясында былайша: «Латын әліпбиіндегі  і қазақтың төл сөздерінде [і] дыбысын береді: ini (іні), bir (бір), ал кірме сөздерде [и]-ді береді: kino «кино», import «импорт»; латын әліпбиіндегі  u қазақ төл сөздерінде [ұ] дыбысын береді: ul [ұл], urpaq [ұрпақ], ал кірме сөздерде [у]-ды береді: universitet (университет), Peru(Перу); дауыссыздан кейін тұрған қазіргі [и, у] әріптерінің құрамы [ый, ій, ұу, үу] түрінде ажыратылып жазылады» – деп түйді.

Қазақ орфографиясының негізін қалаушыакадемик Рәбиға Сыздық 2018 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 14 қыркүйек санында: «Бұрынғы емлемізде жаңсақ танылған тұстар бар... Й, у дыбыстарын бірде дауысты, бірде дауыссыз деп танып келдік. Орыс тілінің үлгісімен й дыбысын әрдайым жіңішке, уәрдайым жуан айтылады деп келдік... Алайда йүнемі жіңішке айтыла бермейді: мый, сый, қый, жый т.с.с. ...Й, у дыбыстарын бірде дауысты, бірде дауыссыз деп танып, ій, ый дыбыстарын жалаң и-мен, үу, ұу дыбыстарын жалаң утаңбасымен беру оқыту ісінде, морфемалардың жігін ажыратуда, сөздерді буынға бөлуде, тасымалдауда елеулі қиындық келтіріп келді... Ендеше, тәуелсіз еліміздің мемлекеттік тілінің емлесін жасауда қазақ тілінің табиғатын, шынайы болмысын танытуымыз керек. Сондықтан жуан болып келген жерде ый (мый, мыйық, оқыйды, тасыйды, сый, сыйлау, сыйады, тый, тыйады, тыйылды), жіңішке болып келген жерде ій (жібійді, ерійді, кемійді, тійеді, бійлейді) жазуымыз керек» – деп, дұрыс жолды сілтеді.

Қазақ тілі ғалымдарының пікірі 1991 жылданбастап отыз жыл бойы өзгермеді. Соңғы бірер жылдың ішінде, ғұлама ғалым Әлімхан Жүнісбек сөзімен айтсақ, «әліпбиімізді құдай ұрғаны» тілші филологтарға емес, билік басындағыларғатікелей тиесілі екенін БАҚ бетінен де, телеарналардан да талай айттық. Бағымызға қарай, Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлыұстанымы мен айқын талабы ғалымдар пікірімен сарындас болды: «Бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда, соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек». Әділ, анық және дөп сөз. Мемлекет басшысының «жазылу тәртібі» деп атап көрсеткені, қазақ тілінің емлесін, орфографиясын, төл ереже-заңдарын сақтау маңызына назар аударып, аурудың диагнозын айқындағаны емделуге мүмкіншілік тудыру деп есептейміз.

Неге қазақ тілінің бүгінгі «жазу тәртібі» соншалықты күрделенді деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Нақтылап айтсақ, «қазақ халқы қашаннан бастап және қалайша бір-ақ  у таңбасымен және бір  и  әрпімен бір дыбысты емес – қос дыбысты белгілей бастады ?» деген сұраққа жауап беруге тырысайық.

Бірер дыбысты бір таңбамен белгілеумысалдардың тарихына үңілсек, олар қазақ тіліне тілші ғалымдардың пайымы бойынша енбегенін, дәлірек айтсақ, қатаң тоталитарлық, диктаторлық режимының қылышынан қан сорғалап тұрған кезде, қазақ ұлтының қаймағы, бетке ұстар азаматтарының баршасы дерлік зұлымдықпен о дүниеге аттандырылған тұста, қайғылы 1937 жылдан кейінгі келесі 1938 жылдың басынан бастап КСРО саяси басшылығының – ЦК ВКП(б)-ның Политбюросы мен Орталық комитетінің, атап айтсақ, Иосиф Сталинның тікелей өзінің бастамасымен қатаң бұйрық, ресми қаулы күшімен тілімізге тапжылмас заң ретінде зорлықпен танылғанын көреміз.

Нақты айтсақ, қазақтар үшін арнайы шығарылған қаулыда былай делінген (түпнұсқа орыс тілін өзгертпей бергенді жөн көрдік)мұқият назар салыңыз:

«Заменить в существующем казахском алфавите комбинированные двойные знаки – uw, üw, iy и ıy... буквой uвместо прежних  uw  и üw;  и буквой  і  вместо прежних iy  и ıy, придав им значение полногласных. Этим же двум знакам  u, і  после гласных букв дать значение коротких полугласных... Поручить Наркомпросу КазССР на основе этого постановления внести соответствующие изменения в грамматику казахского языка...».(Мәтінде сол тұстағы жазуға сәйкес  uv, yv, ij,  ьj  түрінде берілгенді, түсінікті болу үшін, дыбыстық мазмұнын өзгертпей, uw, üw, iy, ıy деп түзеттік Е.Қ.).

​​Яғни ежелден kiy, qıy, tuw, ilüw, awa деп жазып төселген қазақты басқаша, бүгін бізгеүйреншікті болып көрінетін –  ki, , tu, ilu, auaтүрінде жаздырған – бірде-бір тілші ғалым емес! Әділін, шындығын қаласақ, қазақ тілінің емлесіне қиянат жасаған  –  орыстандыруды, яғни ашығын айтсақ, нәтижеде ұлттық тілдерінің бәрін жою арқылы бір орыс тіліне көшуін қамтамасыз етуді көздеген саяси билік екенін ашық мәлімдеуге міндеттіміз.  

Тілімізге осылайша саяси бұйрықпен енгізілген жаңа жат ережелер кіре бастайды. Ешбір ауытқушылықты болдырмау мақсатында, Мәскеуде сол сұрапыл 1938 жылы осындай қаулы қабылданады:

«Установить такой порядок, чтобы впредь все алфавиты, орфографические справочники, терминологические словари и грамматики, а также всякие изменения в них принимались и вводились в употребление не иначе, как только по особым постановлениям Президиума Совета национальностей ЦИК Союза ССР».

Ең ғажабы, соңғы жылдарда ашыла бастаған құжаттардың ішінде табылған бір құпия хаттамада сол тұстағы қазақ тілші жас ғалымдарының осындай шешімдермен келіспей, қарсылық білдіргені анықталды! Құжатқа зер салыңыз: «... При разработке и одобрении алфавита и терминологии опять-таки нам не пришлось обойтись без серьезной идеологической борьбы. Против принятия русского алфавита целиком, следовательно, против правильного написания терминов, слов, вошедших в казахский язык, выступили такие герои «тыла», как Сауранбаев Н. (ныне директор Института языка, литературы и истории филиала Академии наук СССР), языковеды Кенесбаев С., Жиенбаев С., Балакаев М. и Бегалиев Г. Они странным образом свои предложения мотивировали так: а зачем нам принимать русский язык целиком, ведь русские не включают в свой алфавит  такие знаки, которые выражают специфические звуки казахского языка! При этом они не признают преимущества русского языка, его оборонное значение и то, что все новые научно-технические термины в языке нерусской национальности идут и должны идти через русский язык... Если бы этим горе-языковедам удалось провести свои предложения, то русский алфавит в казахском пользовании был бы хуже арабского, а мальчики или девочки незаслуженно страдали бы от такого искусственно созданного двойного правописания. Конечно, предложения перечисленных выше лиц в 1940 году не получили достаточную поддержку. И мы решили вопрос...» (толығырақ қараңыз: «Российский государственный архив социально-политической истории»: Фонд 17, опись 114, дело 751, листы 38-47).

Тарихи құжаттар сөйлегенде артық сөздің қажеті жоқ. Мәселе айдан анық. Жағдай маңыздылығы ғалымдарға ерекше жауапкершілік артады.

Халықаралық түркі академиясы шығарған «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінің» (факсимилесімен бірге 270 беттік) толық стенограммасына зер салып көрелік. 1924 жылдың 12-18 маусымы аралығында Орынборда бір апталық құрылтай аясында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы, Хәлел Досмұхаметұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Сәкен Сейфуллин (ұзын саны жиырма-отыздан астам адам) қатысқан үш күн қатар үлкен жиналыс, жан-жақты талқылау өткізіледі. Тақырыбы қазақ тілінің жазуы мен емле ережелеріне арналады. Төрағалыққа Ахаңның өзі сайланады. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша арнайы тағайындалған баяндамашылар сөз сөйлейді. Баяндамашыға бір сағат регламент  беріледі (қандай керемет! – Е.Қ.). Қосымша сөз сөйлегендерге – жарты сағаттан уақыт беріледі (!– Е.Қ.). Пікір айтушыларға – 15 минуттан. Жиналыс жұмысы – күнде таңғы сағат онда басталып, кешкі тоғызға дейін үздіксіз жалғасады(! – Е.Қ.). Баяндамалардың, сөздердің бәрі – толық қағазға түсірілген.

Ашығын айтайық, бүгін айтылып жүргенуәждердің бәрі дерлік осы басқосуда егжей-тегжейлі және әлдеқайда толық түрде тізіліп берілген. Сол тарихи қазақ білімпаздары құрылтайында ғалымдар бір пәтуаға келеді.  Және тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жиын төрағасы Ахмет Байтұрсынұлы өзі жария етеді.

Ахаң сөзін толық берейік: «Қазақ тілінде дауысты ұзын  у  мен  и  жоқ екенін мойындаған соң  ыу / ұу-лардың орнына жалғыз  у  жазамыз деудің түк те қисыны жоқ. Мұнан былай  у мен и-дің  жазылуын дыбыс жүйесіне келтіріп, дұрысынша жазуымыз керек. Онан қашып, тілдің заңына келмейтін шатақ ереже шығарудың жөні жоқ» (Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі. Нұр-Сұлтан, 2022, 53 б.).

Тағы да Ахмет Байтұрсынұлының түптеп айтқан, қорыту тұжырымдарын келтірейік: «У  мен  и  дауысты дыбыстарының қатарына кіре алмайды. Дауыссыз  р  мен  л-ға қосылып кетеді»(бұл да сонда, 31 б.).

Ахаң  и  мен  у-ға «дауыстыға аяқталған сөздерше» жалғалану туралы да нақты жауап береді:  и  мен  у «дауыссыз  р  мен  л-ға қосылып кетеді. Бала, кісі, еге, оқы  деген сөздердің аяғындағы дыбыстары дауысты,  қар, жүр  деген сөздердің аяғындағы дыбыстары дауыссыз  рсұу, сай, жұу, тій  деген сөздердің аяғындағы дыбыстары дауыссыз  у  мен  и... Дыбыс жүйесінше  у  мен  и-дың дауыссыз  р-дан еш басқалығы жоқ екені, екеуі де дауысты дыбыстарға қосылмайтыны сипатталады» (бұл да сонда, 31-32 б.).

Ахмет Байтұрсынұлы пікірі айқын, анық және дау тудыру мүмкін емес. Осы шешімді мәжіліс аяғында дауысқа салып көпшілік мақұлдап бекітеді. Ең ғажабы қолдаушылардың ішінде талқылау кезінде қарсы пікір білдірген Міржақып Дулатұлы да болғанын ерекше атап өту керек. Яғни ол да Ахаңның пікіріне қосылған, ғұлама ғалым ойымен келіскен. Жиналыс тоқетерін, нүктесін Хәлел Досмұхаметұлы қояды: «Ақметтің келтірген дәлелдерінен асып кету мүмкін емес» (бұл да сонда, 35 б.).

Біз де ғұлама ұстазымыз Ахаң сөзіне тоқтаған жөн деп санаймыз.

Айтқанымызды түйіндей келе, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тілдік реформамызға байланысты берген тапсырмаларын естеріңізге тағы да салуға рұқсат етіңіз:

«Мәселе әліпбиді кирил қарпінен латынға көшіру емес, қазақ тілінің емлесін қайта құруда болып отыр»;

«Тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн»;

«Тіліміз бұрмаланып кетті. Ашығын айту керек, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті, тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді»;

      «Қазақ тіліне реформа, тіпті қажет десеңіз тілімізді жаңғырту қажет.

Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз»;

      «Тағы да қайталап айтамын, біз нақты қазақ тілін реформалаймыз».

Жетесіне жеткізіп айтылған шындық.

Бұрынғы орфографиялық ережелерді көз жұма «көшіру емес – қазақ тілінің емлесін қайта құру» және «тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн».

Және, ең маңыздысы, ең қиыны, ең бастысы «мәселе әліпбиді кирил қарпінен латынға көшіру емес», мәселе – қазақ тілін реформалауда.

Бағымызға, бүгінгі ең жоғары деңгейдегі билігіміз кейбір ресмиленген мемлекеттік ұйымдардан гөрі кәсіби тілші ғалымдардың пікіріне көбірек құлақ асуда.

Олай болса, ақиқаттан ауытқымай, тарихымыздағы әділетсіздіктердің тілдік сардарын еңсере отырып, ана тілімізді терең және жан-жақты реформалап, ескіге жармаспай емле қағидаларын жаңадан түзіп, ұлттық жазуымызды мемлекеттік тілдің төл табиғатына бағындырып адал міндетімізді аброймен атқару бізге серт деп, мақаламызды осымен аяқтайық.

Ерден Қажыбек,
Халықаралық «Қазақ тілі» академиясының президенті, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, филология ғылымының докторы, профессор

Пікірлер