«Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!»

4726
Adyrna.kz Telegram

Бүгін қазақтың лирик, мұзбалақ ақыны, өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы ұлттық мектептеріміз бен ұлы дәстүрлерімізді жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан санаулы саңлақтарымыздың бірі Мұқағали Мақатаевтың туған күні.

Көзі тірі болғанда 93 жасқа толар еді.

Ол 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Әкесі соғыста қаза тауып, анасы мен әжесінің тәрбиесінде өседі.

Мұқағали Мақатаев 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтында, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде, Мәскеудегі М. Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында білім алады.

Кейін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962-1963 жж.), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») (1963-1965 жж.), «Жұлдыз» (1965-1972 жж.) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973 жж.) қызмет атқарады.

«Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.

Ақын поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры – туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман-аңсары.  Ақынның тұңғыш өлеңдері «Қырман басында», «Қойшы бала - Әкітай» аудандық  «Советтік шекара» газетінде жарияланды (1949). «Інімнің ойы», «Шебер» өлеңдері «Жастық жыры» атты жинаққа енді (1951).

Алғаш Мұқағали Мақатаевтың  талантын бағалаған Ә.Тәжібаев: «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!», деп баға берген.

Ақынның «Қарлығашым, келдің бе?», «Дариға жүрек» (1972 ж.), «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің» (1975 ж.), «Соғады жүрек», «Шолпан», «Жырлайды жүрек», «Өмір-өзен», «Өмір-дастан» және т.б. жыр жинақтары, сондай-ақ, «Қош, махаббат!» (1988 ж.) атты прозалық кітабы да бар.

Біршама өлеңдеріне ән жазылды. Өзін аудармашылық қырынан да сынап көрген Мұқағали Дантенің «Құдіретті комедиясының»  «Тамұқ» деген бөлімін (1971 ж.), Шекспирдің «Сонеттерін» (1970 ж.), Уолт Уитменнің өлеңдерін (1969 ж.) қазақ тіліне аударды.

Ол сонымен қатар, У.Уитмен, У.Шекспир, Н.Тихонов, Р.Бернс, Ф.Ансари, А.Акопян, А.Исаакян, Е.Евтушенко, Ф.Моргунның бірнеше өлеңдерін қазақшалады. Ю.А. Александров, М.М. Курганцев тәржімалаған ақын өлеңдері «Зов души» деген атпен орыс тілінде басылып шықты.

Пікірлер