Созақ көтерілісі басталған күн. Совет саясатына қарсы соққы

3237
Adyrna.kz Telegram

Созақ көтерілісі - 1930 жылдардың басындағы адам шығыны көп болған ірі қозғалыстардың бірі. Созақ ауданындағы адамдардың ереуілге шығуына мал-мүлкінен айырылғандар мен олардың туыстары үшін тұтқындар лагерінің ашылуы мен Ораза айында діни әдет-ғүрыптарды орындағандарға үкіметтің айып тағуы себеп болған. Көтеріліс 1930 жылдың 7-16 ақпан аралығында болған. Биыл бұл оқиғаға 94 жыл толып отыр.

Жазушылар одағының мүшесi Өтеш Қырғызбаевтың еңбегіндегі мәлімет бойынша, 1928 жылы 3 қыркүйекте Қазақ Халық комиссарлар кеңесiнiң "Қазақстанда көшпелi, жартылай көшпелi және отырықшы аудандарды белгiлеу туралы" қаулысымен Созақ ауданы құрылған. Тарихи деректер бойынша, бұрын Сырдария губерниясының Түркiстан уезiнiң құрамында болған алты болыс елде сол жылы үйдің саны 12 мыңнан асқан, халықтың қолында бiр миллионға жуық мал болған.

1928 жылы қарашада БКП(б) Орталық комитетiнiң пленумында күн тәртiбiне шаруаларды ерiксiз ұжымдастыру мәселесi қойылып, бұл туралы арнайы қаулы да қабылданады. Қазақ өлкелiк партия комитетiне 1925-1931 жылдары жетекшiлiк еткен Голощекин елдi мейлiнше кысқа мерзiмде отырықшылыққа көшiрудi бұйырады.

Жаппай ұжымдастыру iсiндегі бұрмалау Созаққа да жетеді. "Асыра сiлтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!" деп ұрандатқандар ұжымдастырудың принципiн бұзып, халықтың сауын және ұсақ малын жинап алып, ортақтастыруға салған. Сөйтіп Созақ аудандық партия комитетiнiң пленумы шақырылып, колхоздастыру мiндетi талқыланады.

Ұжымдастыру бейбіт елді кедейлікке ұшыратады. Ауыл шаруашылығына байланысты салықты төлей алмаған халықтың мал-мүлкі тәркіленіп, түрмеге қамала бастайды. Жазықсыз қамалғандарды босату туралы халықтың өтініші билік тарапынан қараусыз қалады. Одан бөлек, мал-мүлкі жоқ кедейлерге жүн және астық салығы салынады.

Созақ көтерілісіне 1930 жылы барлығы 5 мыңдай адам қатысқан. Сол уақыттағы деректер бойынша, бұл окиғалар "Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық қарулы көтеріліс" ретінде сипатталған екен.

Созақ ауданында болған көтерілісте 126 көтерілісші, 16 ақпандағы Созақ қыстағы үшiн шайқаста 200 белсендi атылып, 389 адам тұтқындалды. Шайқас барысында хан және оның ұйытқысы болған орталығы талқандалды. Тарихи дерек бойынша, Созақ операциясының нәтижесiнде 290 ат, 20 түйе, 150-дей оқ-дәрiмен атылатын қару, 100 шақты қару қолға түскен.

Жазалау операцияларын Қазақстан Біріккен мемлекеттік саяси әкімшілік басшысы Ольшанский басқарған екен. Оның нұскауы бойынша коммунарлар отряды Созақ көтерілісіне қатысы жөнінде сол күдік тудырған жазықсыз адамдарды сотсыз және еш тергеусіз атқан. Көтерілісшілер сол жылдың көктемінде талқандалып, ал көтеріліске қатысушыларды құғындау 1938 жылға шейін жалғасқан.

Пікірлер