"Әділетті Қазақстанды қалаймыз". Депутат жедел жәрдем қызметкерін ұрған қарағандылық азаматтың ісіне қатысты мәлімдеме жасады

1014
Adyrna.kz Telegram

«АMANAT» партиясы Фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Бас Прокурор Берік Асыловқа, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке Қарағанды облысындағы жағдай бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Адырна" порталы. 

Бейсенбаев соңғы кезде заңды белден басып, ойына келгенін істейтін бетімен кеткен азаматтардың көбейіпа кеткенін тілге тиек етті.

"Күні кеше Қарағандыда болған оқиға – соның айқын дәлелі. Айдың күннің аманында өз қызме и тін адал атқарып жүрген жедел жәрдем жүргізушісін қанжоса етіп соққыға жығу – барып тұрған бассыздық. Құқықбұзушы Нұрболат Дәкебаевтың бұл әрекеті – жәй ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық, не істей аласың деген дөңайбат.  Өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да, ешқандай айылын жимай жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік" деді ол.

1 жасар сәбиге көмекке келген медицина қызметкерлерін, ашықтан-ашық, куәгерлердің көзінше ұрып-соққан адамның қарапайым адамдарды қырып тастаудан тайынбайтыны жайлы қосты ол.

Аталмыш жайттың бірнеше рет қайталанып жатқанын айтты депутат.

"Алматыда автобус жүргізушісін соққыға жығудың қандай қайғылы жағдайға соқтырғанына бәріміз куә болдық. Бұл жария болғандары ғана. Жабулы қазан жабулы күйінде қалғандары қаншама. Сондықтан мұндай жағдайға мүлдем жол беруге болмайды. Өткенде Бишімбаев, бүгін Дәкебаев, ертең кім болады сонда?!" деді ол.

Бұл жағдайлар тиісті органдардың өз жұмысына салғырт қарауынан, көпшіліктің қарапайым ғана құқықтық қағидаларды білмейтінінен және ұлттық құндылықтардан ада, әдеп пен ар-ұятты артта қалушылық деп санайтын, адамшылыққа жат ойлармен санасы уланған азаматтар қалыптасып жатқандығынан орын алып жатыр деді ол.

"Бұл ешқандай жақсылыққа апармайды. Салдарын көріп отырмыз. Біз заң мен тәртіп үстемдік ететін, әрбір азаматтың құқығы қорғалған, өз өмірі мен денсаулығына қауіптенбейтін әділетті Қазақстанды қалаймыз және оны құрамыз.Президентіміз айтқандай: «Бізде заң мен тәртіпбұзушылыққа төзбейтін жағдай қалыптасуы керек»        . Сондықтан уәкілетті органдарға келесі шараларды қолға алуды ұсынамыз" деп бірнеше ұсыныс айтты Бейсенбаев.

"Бірінші, құқық қорғау органдары қылмыс жасаған Дәкебаевты тезарада табуы тиіс. Екінші, Нұрболат Дәкебаевтың сотын ашық жүргізіп, қатаң жаза тағайындау және оның барысы мен қорытындысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты түгел хабардар ету. Үшінші, соңғы уақыттары адамның жеке басына қауіп төндіретін, тіпті оның өмірін қиятын қылмыстар қоғамдық сипат алуда. Сондықтан, тезарада кез келген қылмыстарға қоғамды мүлдем төзбеушілік мәдениетін жаппай қалыптастыруымыз қажет" делінді Елнұр Бейсенбаевтың сауалында.

 

Пікірлер