Агенттікпен 360 қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді

1350
Adyrna.kz Telegram

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай 2023 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша алқа отырысында айтты.

МҚІА Төрағасы Агенттікпен 2023 жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау саласында 498 тексеру жүргізілгенін атап өтті. Нәтижесінде 66 мың заң бұзушылық анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша 898 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 365 әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қызмет алушылардың құқықтарын проактивті түрде, олардың шағымдарын күтпей-ақ, қашықтан мониторинг жүргізудің тиімділігі атап өтілді. Бұзушылықтар анықталған жағдайда заңдылықты қалпына келтіру және қызмет алушылардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу бойынша шаралар қабылданады. Мониторинг нәтижесінде өңірлерде ақпараттық жүйе арқылы 11 мыңнан астам заң бұзушылықтар анықталды.

Осындай шаралардың нәтижесінде 360 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді.

Дархан Жазықбай 2023 жылдың соңында «e-Qyzmet» ақпараттық жүйесінде мемлекеттік қызмет көрсетуді бақылау модулі әзірленгендігін атап өтті. «Бұл алдағы уақытта бақылау іс-шараларын жүргізу процесін мейлінше автоматтандыруға және уақыт шығындары мен қағазбастылықты болдырмауға септігін тигізбек.

Біз мемлекеттік қызмет көрсету үрдістерін жетілдіру мақсатында жүйелі талдау жүргізудеміз. Нәтижесінде «электрондық үкімет» порталында жұмыс істемей тұрған 40 мемлекеттік қызмет анықталды. Қазіргі уақытта олардың 14-і іске қосылды, қалған 26 мемлекеттік қызметті іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 16 мемлекеттік қызмет автоматтандырылды, 10 мемлекеттік қызметті көрсету барысында заңнамаларда кездесетін қайшылықтар жойылды.

Талдау нәтижелеріне сәйкес 104 мемлекеттік қызмет толыққанды көрсетілмейтіндігі анықталды. Яғни қызмет алушылар өзінің қажеттілігіне түпкілікті қол жеткізу үшін мемлекеттік органдарға бірнеше мәрте жүгінуге мұқтаж.

Сонымен қатар, азаматтарды әуре-сарсаңға салмау үшін 110 қызметті проактивті түрде және 75 қызметті «бір өтініш» қағидаты бойынша көрсету ұсынылды. Мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында 35 комиссияны және 13 келісуді қысқарту бойынша ұсыныстар әзірленді.

Агенттік ұсыныстарын негізге ала отырып Үкімет мемлекеттік органдарға тапсырма берген соң  мемлекеттік қызметтерді көрсету процесстерін жетілдіру және оңтайландыру бағытында олар тиісті жұмыстар атқаруда» - деді Агенттік төрағасы.

 

ҚР МҚІА Баспасөз қызметі

Пікірлер