“Еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын неге қаражат төлеп көруі қажет?” – Тәттігүл Қартаева

1537
Adyrna.kz Telegram
Ашық дереккөзден
Ашық дереккөзден

Сейсенбіде хабарланғандай, Қазақстанда мектеп оқушылары музейлерге тегін кіре алады. Ал 2020 жылы оқушылардың музейге ақылы емес, тегін кіруі үшін этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаева мәселе көтерген болатын. Аталған мәселе оң нәтижеге шешіліп, мектеп шәкірттері бірқатар мұражайларға тегін кіре алатын болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бұл туралы этнограф-ғалым өз Facebook парақшасында хабарлады.

“9 июнь 2020 жылы ФБ парақшамда: "Қазақстанда мектеп оқушылары үшін барлық музейге кіру тегін болуы керек деп санаймын! Өскелең ұрпақ музейлерде сақталып тұрған өз ата-бабаларының асыл мұрасын, тарихи жолдарын, еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын  неге қаражат төлеп көруі қажет", - деп жазған едім. Алайда Мәдениет министрлігі тек жазғы каникул айларында ғана оқушыларға музейге кіруге тегін мүмкіндік берді. Оқу жылында ақша төлеп кірген бала, тегін екен деп күнде каникулда музейге келмейді. Оқушылардың музейге кіруін тегін ету керек деген мәселені көтергенімізде осы саладағы құзырлы орындардың қарсылығын да көрген ек. "Алматы музейлер бірлестігіне" қарайтын 9 музейге жыл бойына мектеп оқушыларына кіру тегін болатындығы жөнінде шешім қабылданды”, - деп жазды ол өз жазбасында.

Сондай-ақ ол келешек ұрпақты патриот етіп тәрбиелеу үшін музейлерге ақы қоймай, оқушылардың мұражай ескерткіштерін тегін көруіне жағдай жасалуы керектігін ашып түсіндірді.

“Алматының осы ақжолтай шешімін Мәдениет министрлігі еш намыстанбай қабыл алып, Қазақстанның барлық музейлеріне оқушылардың кіруін тегін ету керек! Мемлекет қаржысын оқушылар есебінен толтыруды тоқтатайық. Ұлттық брендтеріміз музейде! Патриот ұрпақ тәрбиелейміз дейміз, мемлекет қаражатына жасалған музейді оқушыға ақыға көрсетуіміз ақылға сыя ма?

P.S. Алматы әкімдігі енді "Күнтізбе ескерткіштерді" түзесе, ашық аспан асты музей-ескерткіштеріне қатысты оң шешім жасар еді”, – деп толықтырды Тәттігүл Қартаева.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер