Асхат Қасенғали: “Діни әдебиеттерді сүзгіден өткізуді күшейтіп, тексерісті қатаңдату қажет”

1746
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Адам құқықтарының сақталуы бойынша зерттеулер жүргізіп, өз баяндамаларын жариялайтын халықаралық Human Rights Watch ұйымын бәріміз білеміз ғой. Сол ұйым жылдағы дәстүрден аттамай «Әлемдік баяндама – 2024» атты адам құқығына қатысты баяндамасын жария етіпті. Баяндамада «2024» деп тұрса да, 2023 жылғы әлемдегі адам құқығы мәселесіне қатысты қорытынды жасалған. Жүзден астам елдегі адам құқығы мәселесіне сараптама жасалған, әрине ол елдердің ішінде Қазақстан да бар.

Human Rights Watch ұйымының пікірінше 2023 жылы Қазақстанда адам құқығына қатысты мәселелер көп болған. Оны сайлаудан бастап әйелдерге көрсетілетін отбасыдағы зорлық-зомбылықпен аяқтапты. Дін мен сөз бостандығы, белсенділерге жасалған қысым, саяси партияларды тіркеу қиындығы, діни ұйымдарды тіркеуді міндетті етіп қою және діни әдебиетті таратудағы шектеулердің көптігі, ЛГБТ өкілдеріне жасалатын қысымнан оларды қорғау механизмдерінің аздығы, журналистерді қудалау көріністері, партияларды тіркеу қиындығы дегендей мәселермен бірге өзге де ондаған мәселені айтқан.

Баяндама 11-қаңтарда жарияланды. Ал 12-қаңтарда «Ақорда» сайтында «Қазақстан адам құқықтарын қорғау бағытында нақты қадам жасап жатыр» деген тақырыпта ресми Қазақстанның жасап жатқан жұмыстарына қатысты мақала жарияланды.

Қазақстан партияларды тіркеу үшін 20 мың қолды 5 мың қолға азайтқанын, ал Парламентке партиялар бару үшін 7 пайызды 5 пайызға түсіргенін, әйел және бала құқығын қорғайтын заңды қатаңдату мәселесі іске асып жатқанын, ауыл әкімдерін сайлау басталғаны, Конституциялық сот жұмысы басталғанын, Балаларға ұлттық қордан қаржы аударымы жүргізіле басталғанын және басқа ондаған іс-шара, заң, құқықтық реттеулерге қатысты жазыпты.

Әрине, бұл біздің қоғамдағы «ыстық тақырыптың» бірі ғой. Бірақ Human Rights Watch-тың «діни бірлестіктерді тіркеуде мәжбүрлік пен діни әдебиеттерді таратуда шектеу бар» дегенін ешқашан қабылдауға болмайды. Керісінше, оны күшейту керек деп санаймын. Себебі бұл ұлттық және мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Діни әдебиеттерді керісінше сүзгіден өткізуді күшейтіп, тіркеуді міндеттеп, тексерісті қатаңдату қажет. Мүмкін бұл «зайырлы» дегенге қарсы дейтіндер табылар, бірақ бұл қауіпсіздік мәселесі. Соңғы уақытта “теріс діни ағым” тақырыбы өткір тұр. Оны осы жазбаны оқып отырған азаматтар да мойындайды(-ау). Түрлі баяндама, зерттеулерге қарап, олқылықты түзеп, қате-кем тұсты реттеген дұрыс-ақ. Атқарылып жатқан жұмыстарды да күшейту қажет. Бірақ осындай “діни бірлестіктерді тіркеуді мәжбүрлеу қате, діни әдебиеттерді таратуда шектеу бар” деген мәселеде позиция бермеу маңызды. Өйткені бұл дінмен күрес емес, деструктивизммен күрес.

Асхат Қасенғали

Пікірлер