Марзия Бекайдар: Қыздар тұрмысқа шығарда неден қателеседі?

4563
Adyrna.kz Telegram

Жүрегіңізде реніш болса, ер азаматқа тартымды емессіз

Әр адамның бойында ішкі түйсігі, ішкі түсінігі бар. Кейде қыздар отырып алып, "Мен не үшін осы уақытқа дейін тұрмысқа шыққан жоқпын?" деп өздеріне сұрақ қоя бастайды. Мен бұл жағдайды ұзақ уақыт бақыладым, және оның себебін де анықтадым. Көп жағдайда, әсіресе, қыз балалар іштей ата-анаға көп өкпелегіш келеді. Өзі мән бермесе де әкесіне не болмаса анасына деген ренішін жылдар бойы жүрегінде сақтап келеді. Естеріңізде болсын, ішкі жан дүниеңізде қандай да бір келіспеушілік, реніш болса ер адам үшін тартымды болмайсыз. Біз көп жағдайда өз-өзімізге осылайша қастандық жасаймыз. Реніш тек өзімізге ғана зиян тигізерін аңғармаймыз. Жүрегіңізде ауыр жүкті арқалап жүре бермеңіз.

Мен жай ғана қарапайым мысал келтіргім келеді. Өмірге деген көзқарасы екі түрлі екі қызды алып қарайық. Екеуі үйлеріне жету үшін бірдей жолмен жүреді. Бірақ екеуінің бейімделуі екі бөлек. Біреуі өте ренжігіш, ол жолдың тек ауырлығын көреді, шалынып-сүріне береді, ашуланып жүреді, жүрегінде ауырлық болған соң шаршағыш келеді. Ол өз жолын өзі таңдап алған. Екінші қыз да дәл сол жолмен жүреді, бірақ ол жолдағы гүлдерге тамсанады, мейірлене иіскейді, әрбір арайлы күнге шаттана қарайды. Осы қарапайым мысалды тұрмысқа шығу жолы деп алсақ, екеуі де діттеген жеріне жетеді. Бірақ ата-анасына, өмірге деген реніші көп қыз келін болып түскен шаңырағына да соны ала барады. Ал керісінше өмірге құлшынысы бар, әр күнге ризашылықпен қарайтын қыз барған шаңырағын да шаттыққа бөлейді.

Тұрмыс құру

Қазір не себепті ажырасып кететіндер көп?

Өйткені, қыз бала тұрмысқа шыққан кезде жүрегіндегі ренішпен тұрмысқа шықты. Алайда, тұрмысқа шыққан кезде сол адамды бақытты етемін деп шығуыңыз керек. Қазір көптеген қыздар біреуге бірнәрсе дәлелдегісі келеді. Құрбысына міне мен қандай жігітке шықтым деп мақтанғысы келеді, туыстарына дәлелдегісі келеді. Мен керемет жігітке тұрмысқа шығып, бәріңе дәлелдеп шығамын деп серт етеді.  Есіңізде болсын, бұл қате түсінік. Сізде сондай ой болды ма, тұрмысқа шыққан кезде Алла береке бермейді. Өйткені сен басқа оймен тұрмысқа шықтың. Алла саған неге береке беруі керек? Біз неге талпынсақ, Алла соны нәсіп етеді. Егер біз тұрмысқа шығып, осы адамды бақытты етемін десек, Жаратқанның сөзсіз сыйы бар.

Егер тұрмысқа шығу сіз үшін қандай да бір күрмеуі қиын мәселені шешудің амалы ғана болса, онда ер мен әйелдің арасында шынайы қарым-қатынас құрылмайды. Қазіргі қыздардың басты қателігі, олар тек өздерінің ішкі мәселесін шешу үшін тұрмысқа шығады.

Қыздардың қателесетін тұсы - мен тұрмысқа шықсам ең бақытты қалыңдық боламын дейді. Тұрмысқа шығады, бірақ өзін бақытты сезінбейді. Мейлі, бала туған соң барлығы оңалады ғой дейді, бәрібір күткеніндей болмайды. Сосын ол ойлана бастайды, мен тек бақытты болуды қаладым, бірақ ол қолымнан келер емес. Мен қай жерден қателестім деп өзін жегідей жейді. Менің айтарым, армандадыңыз ба, арманыңызды орындалуға жіберіңіз. Ол туралы күндіз-түні ойлап, өзіңізді қинай бермеңіз. Тек барлығы жақсы боларына сеніңіз.

 

Дереккөз: Qamshy.kz, Маржан СӘБЕТ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер