Жүздеген блогер бюджет ақшасына “Қазақтелекомды” мақтайтын болады

1656
Adyrna.kz Telegram
Фото: egov.press
Фото: egov.press

Бүгін бірнеше ақпарат көздерінде  «Қазақтелеком» компаниясын бюджет ақшасына 600-ге жуық блогер мақтайтыны туралы жазылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

2023 жылғы 29 желтоқсанда ұлттық оператор QAMALLADIN MEDIA және DOSTYK CAPITAL Медиа агенттіктері кіретін консорциуммен 280 миллион теңгеге шарт жасасқан. Аталған агенттіктердің портфеліне 600-ге жуық блогер кіреді.

Келісім-шарт бойынша, қоғамдық пікір көшбасшыларына «Қазақтелеком» компаниясы туралы ақпараттық сайттарда кемінде 180 мақала және Telegram каналдарда 20 пост жазу және жариялау қажет.

Сондай-ақ, блогерлер үш медиа жоба дайындап, тапсырыс берушінің қоғамдағы оң беделін қалыптастыру үшін YouTube желісінде топ-менеджерлермен сұхбат ұйымдастыруы керек. Маңыздысы, блогерлер бұл PR екенін айтпауы шарт. 

Шарт шеңберінде компания өкілдері бағдарламаларға сарапшы ретінде қатысатын болады. Ал олардың ұстанымы көрерменге ұлттық компания қызметі жөніндегі барынша объективті бағалау ретінде ұсынылуы тиіс делінген.

Adata сервисінің деректері бойынша,  «QAMALLADIN MEDIA» ЖШС 2020 жылдан бері 111 981 859  теңге салық төлеген болса, соның ішінде өткен 2023 жылы 88 046 277 теңге салық төлеген. 

Айта кетейік, блогерлерден басқа, медиа агенттіктің 198 ақпараттық пабликтері, 36 Telegram арнасы бар. Барлық медиа активтерінің жиынтық аудиториясы 9 миллион адамға жетеді. 

Сондай-ақ, өзінің медиа мамандарын: маркетологтар, таргетологтар, видеографтар және басқа медиа мамандар даярлаумен айналысатын «Qamalladin University» жобасы да бар. Бұл онлайн университетте бір жылдық оқу құны 1,5 млн. теңгені құрайды. 

 

Пікірлер