Ақтөбеліктер Жеңіс күнін желтоқсан айында тойлағанын мойындады

1409
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Адырна ұлттық порталында «Ұлы Отан соғысы. Мамырда аталуы тиіс – желтоқсанға жылжыған не шара?» атауымен материал жариялаған болатын. Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы биыл 9 мамырда өтуі тиіс Жеңіс мерекесін желтоқсан айында тойлағанын мойындады, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы.

Адырна порталы 6 қараша күні Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Ақтөбе облысының іздестіру жасағының патриоттық тәрбиені қалыптастыруға бағытталған Ұлы Отан соғысы тарихы бойынша іс-шаралар өткізу» деген тақырыппен тендер жариялағанын, атауының өзі түсініксіз һәм күңгірт шараны өткізуге облыс бюджетінен 1 млн 339 мың 285 теңге қаржы бөлінгенін, тендер жеңімпазы 26 қараша күні анықталғанын жазған еді.

Сондай-ақ, портал тілшілері Мәдениет басқармасына:

«1. Ақтөбе облысы Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алатын және Тәуелсіздік күні тойланатын айда Жеңіс мейрамын атап өтпек пе?

2. Ақтөбе облысының Мәдениет басқармасы Ұлы Отан соғысы атауын бетперде етіп,  дұрыс бағытта жұмсалмай қалған қаржыны жыл аяғына дейін игеріп үлгермуді көздеп отырған жоқ па?» деген екі сауал жолдаған болатын.

Аталған сауалдарға Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А.Юнисова төмендегідей жауап берген:

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 сәуірдегі N 36  «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Заңының  5-бабы 12 тармақшасына сәйкес Ақтөбе облысының архивтер және құжаттама мәдениет басқармасымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 2023 жылға «Ақтөбе облысының іздестіру жасағының патриоттық тәрбиені қалыптастыруға бағытталған ҰОС тарихы бойынша іс-шаралар өткізу» тақырыбымен хабарландыру 2023 жылғы 14 ақпанда жарияланған болатын.  

Алғашқы лот бойынша өтінімдер түспеуіне   және  конкурсқа қатысуға бір әлеуетті өнім берушінің жіберілуіне байланысты жылдың басынан бері хабарландырулар 5 рет берілді. Сол себепті, жыл бойы конкурсқа талапқа сәйкес өтінім түспегендіктен, аталған шараның конкурс нәтижесі бойынша ү.стіміздегі жылдың қараша айында ұйымдастырушы үкіметтік емес ұйым анықталып, шараны өткізу желтоқсан айына белгіленді.

Сонымен қатар, желтоқсан айында Тәуелсіздік күні, Желтоқсан құрбандарын еске алу шаралары  облыстың мәдениет және өнер мекемелерінде жоспарланып ұдайы түрде өткізіліп тұратындығын қаперіңізге саламыз» делінген.

9 мамыр – Жеңіс күні мерекесін тойлауға арналған тендері өтпей қалса, ол мерекені желтоқсан айында тойлау керек пе? Игерілмеген қаржыны басқа мақсатқа пайдалануға болмас па еді?

Қанат Бірлікұлы

Адырна ұлттық порталы

 

Пікірлер