«Өзбекстан ешқашан біреудің отары болмайды» - Танзила Нарбаева

1211
Adyrna.kz Telegram
gazeta.uz
gazeta.uz

25 желтоқсанда жастармен кездесу барысында Олий Мажлис Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева Өзбекстан ешқашан біреудің отары болмайтынын айтты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Gazeta.uz сайтына сілтеме жасай отырып.

«Интернеттен «Өзбекстанмен мынаны істейік, мынаны істейік» деген әртүрлі сөздерді көресіз. Өзбекстан ешқашан біреудің отары болмайды. Сіздер мұны білесіздер, маған оны түсіндірудің қажеті жоқ. Бұл бәріңіздің жүрегіңізде», - деді парламенттің жоғарғы палатасының басшысы.

Өткен аптада «Әділетті Ресей» партиясының тең төрағасы Захар Прилепин Өзбекстан мен бұрынғы КСРО-ның басқа да аумақтарын Ресейге «аннексиялауды» ұсынды. Бұл мәлімдеме Өзбекстан жұртшылығының өткір сынына ұшырады.

Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Ташкенттегі елшісі Олег Малгиновты шақырып, Прилепиннің мәлімдемесі әдейі арандатушылық және екі ел халықтары арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етуі мүмкін екенін айтты. Көп ұзамай Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Прилепиннің сөздері «Ресей Федерациясының ресми ұстанымын көрсетпейді» деп мәлімдеді.

Жұма күні президент Шавкат Мирзиеев республикалық руханият және ағарту кеңесінің отырысында: «біз бұрын дипломатия мен саясат арқылы өз мақсаты мен мүддесін қорғаған әлемнің қуатты орталықтары ашық қысым көрсетуге, жанжал мен қақтығыстар жолына түскеніне куә болып отырмыз», - деді.

Танзила Нарбаева жастармен тілдесе отырып, өткен ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси ағарту қозғалысының өкілдері – жәдидшілердің қызметін зерттеудің неліктен маңызды екендігі туралы мәселені де көтерді.

«Ойымыз бен ісіміз бірлікте болуы керек» деп бабаларымыз атап өткен. Жәдидшілер адамдарды нұрға бет бұруға, заманауи ғылым мен заманауи кәсіптерді игеруге шақырды», - деп атап өтті ол.

«Олар ұзақ жылдар бойына ұмыт қалды. Енді, міне, құрметті президентіміздің іс-әрекетінің арқасында олар жарыққа шығып жатыр», – дейді Тәнзила Нарбаева.

Аталмыш жиында жәдидшілер туралы сөз қозғаған Шавкат Мирзиеев: «Бізге су мен ауадай, батыстың ғылыми жетістіктерімен, ұлттық құндылықтармен санасатын, жәдидші аталарымыз сияқты білімді, кемел кадрлар керек», - деді.

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер