Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында бір жасар бала дәретхана шұңқырына құлап кеткен, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «Отырарға» сілтеме жасап.
Баланы үлкен ағасы аман алып қалды.
Оқиға анасы кенже ұлының ауласында жоқтығын байқаған кезде болған. Нәрестені дәретхананың терең шұңқырынан құтқару үшін ата-анасы 10 жастағы үлкен ағасының көмегіне жүгінген. Беліне арқан байланған ол септикке түсіп, баланы шұңқырдан шығарды.
Осы ерлігі үшін Түркістан облысының төтенше жағдайлар басқармасы төртінші сынып оқушысына алғыс айтып, алғыс хат табыс етті.
Бұл биыл Қазақстанда көшедегі дәретханалардың кесірінен тіркелген бірінші жағдай емес. Жазда Оралда да осындай оқиға тіркеліп, өкінішке қарай, оның соңы қайғылы аяқталды: екі жасар қыз көшедегі дәретхананың шұңқырынан өлі күйінде табылды.
«Адырна» ұлттық порталы