Ақтауда компания директоры 400 миллион теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды

1310
Adyrna.kz Telegram
Фото: ҚМА баспасөз қызметінен
Фото: ҚМА баспасөз қызметінен

Ақтаудағы «Багис» құрылыс компаниясының директоры 120-ға жуық үлескердің 400 миллион теңгесін жымқырды деп айыпталуда, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ақтау қаласындағы құрылысы аяқталмаған «Атамекен» тұрғын үй кешеніндегі инвесторлардың сеніп тапсырылған қаражатын ысырап ету және жымқыру фактісі бойынша «Багис» ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. Тергеу барысында ЖШС директорының 2017 жылдың наурызынан 2022 жылдың қыркүйегіне дейінгі аралықта тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтаймыз деген желеумен 119 үлескердің ірі сомада 400 миллион теңгеге жуық қаржысын жымқырғаны анықталды», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта тергеу амалдарымен қатар, қосымша сот сараптамалары жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша күдіктінің әрекетіне түпкілікті құқықтық баға беріледі.

Басқарма Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтерді жария етпейді.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Ақтауда осы іске қатысты 100-ден астам отбасы пәтерлерін талап етіп, жанжал шығарған болатын. Халықтың айтуынша, олардың көбі 100 пайыз алдын ала төлем жасағанымен, үш жылдан бері  баспана жалдауға мәжбүр болған. Ал «Атамекен» тұрғын үй кешені 2017 жылы аяқталады деп уәде етілген.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер