Екі ай, төрт күн өмір сүрген мемлекет. Бүгін - Түркістан мұхтарияты құрылған күн

1486
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөз беттерінен
Фото: Ашық дереккөз беттерінен

1917 жылдың 26-28 қарашасында Қоқанда IV Түркістан өлкелік құрылтайы жиналып, үш күн ішінде – 28 қарашада Ресей Федеративтік Демократиялық республика құрамындағы территориялық Түркістан мұхтарияты (Түркістан автономиясы) құрылды.

Кеңестік тарихнамада автономия құрылған қаланың атымен – «Қоқан автономиясы» деп аталды. Автономия жарияланғанмен, кейін саяси билік Түркістан уақытша  халықтық кеңесінің қолына көшіп, Кеңес құрамына 54 адам кірді. Алайда Кеңес үкіметі Түркістан автономиясын мойындамады. Ташкенттегі большевиктер кеңесінің басшысы П.Г. Полтарацкий Қо­қан автономиясын сынап, Түркістан автономиясының уақыт­сыз, орынсыз құрылғанын, жалпы жұрт пайдасын көздеген автономия еместігін алға тарту арқылы Ташкенттегі Уақытша үкіметтің «шотындағы» ақшаны реквизициялау (яғни қоғамдық ұйымның мүлкін мемлекет қарамағына еріксіз алу) тапсырылған болатын. Барлық Қоқан қаласының Мемлекеттік банктегі бөлімінде және жеке банк­терден Полтарацкий 8 млн-нан астам рубльді (сомды) тәркіледі. Бірақ көрсетілген қаржы Ташкентке түгелімен жеткен жоқ. 212 мың рубль (сом) Қоқан жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесіне, 81 мың сом Қоқан қамалын қорғауға қалдырылған болатын. Осы жағдай үлкен айқай туғызып, нәтижесінде, Түркістан мұхтариятының кабинетінде келіспеушілік туындап, М. Тынышбаев министр-төраға қызметінен ығыстырылып, оның орнына Мұстафа Шоқай тағайындалды.

М. Шоқай Уақытша үкіметтің басшылығын қолына алып, өзбек, қазақ, қырғыздарды бір бағытта нығайтуды көздеді. Сонымен қатар М.Шоқайдың басшылығымен үкіметтің жеке меншік қаржы базасы құрылды. Дегенмен қаржы тапшылығы басым болып, әскери күштерді құру кезінде төтенше қиыншылықтар кездесті. Соған қарамастан Қоқан үкіметі барлық түркістандықтарды Автономия туының астына жинап, сондай-ақ үкімет мемлекеттік бағдарламалар тарапынан қолдау тапты. Мысалы, Ферғана автономиялы басқаруға ауысты, тіпті сот процесі «автономиялы Түркістанның» уақытша үкіметінің шешімі арқылы жүргізіліп отырды. Сол сияқты, бақылау палатасы, Мемлекеттік Банк, Сот палатасы Автономия бағдарламасын қабылдады.

Бірақ автономиялы үкімет қозғалыс пен күрестің орталығы болды. Ол империализмге қарсы қызыл ресейлік тудың қол астында еді, сол себепті Қоқанды мемлекеттік құрылым ретінде кеңес үкіметі мойындамады. Мұстафа Шоқай кеңес үкіметінің Түркістан автономиясын мемлекет ретінде көзге ілмегені туралы былай дейді: «Біздің дәрменсіздігімізді халық та сезді: жұмысшы, Солдат депутаттары да түсінген болатын. Сондықтан олар бізді көзге де ілмеді. Көпшіліктің 96-98 пайызы болғанымызбен, біз Кеңестерге қарсы тұра алмадық», – деп ащы шындықты көрсетіп, Түркістан автономиясының барған сайын әлсіреп бара жатқанын жеткізген. 1918 жылы 18–23 қаңтарда Түркістан өлкесі кеңестерінің ІV өлкелік съезі өтті. Ондағы басты мәселе өлкедегі – автономия мәселесі. Алайда съезде Түркістан мұхтарияты басшылығымен келіссөз жүргізуден бас тартып, Қоқан автономиясы үкіметін заңнан тыс деп жариялады. Оның басшыларын тұтқындау және автономияны тарату жөнінде қаулы қабылданды. Ал қаңтардың 18-інен 19-ына қараған түні (Кеңес өкіметі өкілдері мен Түркістан автономиясы басшылығы арасындағы келіссөздер тығырыққа тірелгенде) Ташкенттен Қоқанға Е. Перфильев басқарған Кеңестік жақсы қаруланған әскери бөлімдер мен Самарқанд пен Ферғанадан да большевиктік әскерлер келіп жетті. Түркістан Мұхтариятын жақтаушылардың көпшілігінің қолында сойыл, шоқпар, балта болды, жекелеген адамдар аңшы мылтықтарымен қаруланды. Шын мәнінде, күштің ара салмағы тең емес еді. 29-ынан 30 қаңтарға қараған түні автономия жақтаушылары қаладағы қамалды алуға әрекет жасап, осы күні (30 қаңтарда) Қоқан қаласының жанынан 2 көпір өртелді. Қала мен Серево станциясы арасындағы темір жол бөлшектелді, телеграф сымдары кесіліп тасталды.

Революциялық комитет мүшесі Сазонов Бабушкиннен «Зигельді, Шоқаевты және хатшысын тұтқынға алыңдар» делінген жеделхат алады. Ол революциялық комитет мүшесі Николаенкомен бірге екі солдат алып ескі қалаға шығып кетіп, тек хатшыны ғана тұтқынға алады. М. Шоқай мен оның сенімді серіктестері жасырын әрекетке көшуге мәжбүр болды. Үш күн бойы Қоқан қаласы озбыр күштердің аяусыз соққысына ұшырады. Қалаға басып кірген қызыл әскер бөлімдері мен оларға көмектескен жергілікті армяндардың «Дашнакцутюн» партиясы құрған қарулы жасақтар қаланы оқ құшағына орады, азық-түлік пен мақта-мата қоймаларын өртеп, жаппай тонау мен Мұхтарият жақтаушыларын тұтқындау орын алды. Түркістан Мұхтарияты Уақытша үкіметінің 54 мүшесінің 30-ы тұтқындалып, олардың екеуі: Х. Юралы-Агаев пен М. Мырзахметов атылды. Большевиктердің қолына түскендер қатарында на­манғандық Насырхантөре, самархандық Харцфельд, бұхаралық Әбиджан, т.б. болды. Құтылғандары Ферғана тауларына қашып кетіп, 1928 жылға дейін партизандық күрес жүргізген.

Ал М.Шоқай Қоқан қаласынан большевиктердің оғынан қашып шығып, Иргаш құрбашы қарақшыларының жасақтарының қолына түседі. Осы кезде ол санасы төмен өзбек нәсілдеріне кектенбей ба­­­­сынан өткен қиыншылықтары туралы былайша қоры­­­­­­­тындылайды: «Жеке жүрген бауырларыңның дос тұт­қан халқынан дұшпандық көріп, көңілі қапа болып тұр. Сөйтсе де, үнбастаудан басқа жер көрмеген, сарттан басқа ел көрмеген адамдардың маған қылған жаман­шылығын бүкіл сарт халқына жапсырғым келмейді». Мұстафа Шоқай өзі үшін көптеген халықтың қырылып кетпеуін, оларға өзінің зияны тимейтін жағын ойластырған болатын.

Мұстафа Шоқай негізін қалаған Қоқан автономиясы бар болғаны 2 ай, 4 күн ғана өмір сүрді. Олардың не офицері, не ақшасы, не әскері болған жоқ. Пошта, телеграф, темір жолдардың бәрі де жау қолында болатын. Осындай қиын кезде дүниеге келіп, қысқа ғана ғұмыр кешкен Қоқан үкіметінің Түркістан халқының ұлттық талаптарын қанағаттандыру жолында көзге көрінерлік ешқандай жұмыс тындыра алмауы заңды еді. Ал Мұстафа Шоқай Кеңес үкіметінің ықпалы күшейіп, Қоқан автономиясы құлағаннан кейін, саяси пікірі қарама-қайшы болғандықтан, Түркістаннан асып кетуге мәжбүр болды. Әуелі Грузияға (1919-1920), 1920 жылы Түркияға қоныс аударады. Алайда ол жерде көп тұрақтай алмайды. Баспасөз еркіндігін аңсаған ірі тарихи тұлға енді Еуропаға қарай бет алып, саяси мұғажыр эмигрант ретінде большевизммен күресте қаламын қару етті және сол арқылы шетелдегі түркістандық саяси мұғажырлардың көсеміне айналды. М. Шоқай да және атамекенді тастап кеткен басқа мұғажырлар да тек шетелде Кеңес өкіметінің содыр саясатын әшкерелеумен ғана шектелген жоқ. Олар Ресейдің пролетарлық диктатурасынан Түркістанның азат болуын күтті. М.Шоқай сынды жүздеп, мыңдап саналған мұғажырлардың арманы да осы еді. Олар өз атамекендерін жанындай сүйіп, шетелде жүргенде де оның тұтас мүддесіне қызмет етуге дайын екендіктерін дәлелдеді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер