«Жалғыз қарағай». Ақын Ғалым Жайлыбайдың жаңа жыр жинағы жарық көрді

1980
Adyrna.kz Telegram

22 қараша Алматы қаласындағы «Атакент» КО «Ұлы Жібек жолымен–2023» XI Халықаралық кітап және полиграфия көрмесінің форумы алаңында қазақтың белгілі ақыны Ғалым Жайлыбайдың «Жалғыз қарағай» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті,  деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және Түркі әлемінің «Түрік бірлігі» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Құрмет» орденінің иегері, қазақтың белгілі ақыны Ғалым Жайлыбайдың «Жалғыз қарағай» атты жыр жинағы «Атамұра» баспасында жарық көрді.

Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақынның бұл кітабына кейінгі жылдарда жазылған өлеңдері мен поэмалары топтастырылған. Ақынның айтуынша, кітапта азаматтық, ел, жер туралы, пандемия кезі мен «Қаңтар оқиғасы» туралы өлеңдері де бар.

«Бүгінгі көрмеде «Жалғыз қарағай» деген кітабымның тұсауы кесілді. Бұл уақытқа дейін көптеген кітап жаздым. Ал бұл кітабымның ерекшелігі «Атамұра» секілді еліміздің өрісті, өркениетті, қасиетті баспасынан  шығуы. «Атамұра» кітапханасы сериясы бойынша жігіттер аса жауапкершілікпен дайындады, риза болдым. Одан кейін кітаптың «Жалғыз қарағай» аталуы да бекер емес.  Қазақтың белгілі әншісі Әсет Найманбаевтың мәйіті арғы бетте жатыр. Сол мәйітке Найманбай қыстағындағы әкесінің топырағын апарып қостым. Сол жердің аты Жалғыз қарағай аталады екен. Сондықтан осы кітаптың атын «Жалғыз қарағай» қойғым келді. Ішінде шағын поэмам, азаматтық, ел мен жер туралы, пандемия мен «Қаңтар оқиғасы» кезінде жазылған көп өлеңдер бар», -деді ақын Ғалым Жайлыбай.

Ақынның өлеңдерінде өмір, тағдыр, табиғат тылсымдары өзара астасып жатады. Жырларындағы лирикалық ішкі иірімдерімен қоса философиялық ой түюі оқырман көңілінен шығып келеді.

Сиясы кеппеген жаңа басылымның тұсаукесеріне қазақтың белгілі ақын-жазушылары келіп, ізгі тілектерін білдіріп кетті. Абай атындағы республикалық мамандандарылған дарынды балаларға арналған орта-мектеп интернатының оқушылары ақынның туындыларын оқыды. Ал туындыны басып шыққан «Атамұра» баспасы ақынға ат мінгізді.

«Белгілі ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай ағамыздың «Жалғыз қарағай» кітабының тұсауы кесілуде. Кітапта 126 өлең, 3 поэма еніп отыр. Кітапты көзі қарақты, көкірегі ояу жастар мен оқырман оқиды деп ойлаймын. Өйткені, туынды ой салмай қоймайды.

Бізің баспа 3 бағытта кітап шығарады. Біріншісі – «Атамұра» кітапханасы сериясы. Онда 200-ге жуық қазақтың ең таңдаулы ақын-жазушысының кітабы іріктелген. Олар Абай, Мұхтар Әуезовтерден басталып, көзі тірі классиктермен жалғасын табады», - деді «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед.

Айта кетейік, «Атамұра» баспасы қазақтың белгілі қаламгерлерімен бірге ел аузында жүрген, алайда шығармалары сирек жарық көрген нағыз таланттардың туындыларын, сондай-ақ жыры жауһар, сөзі тұмадай тұнық жастарды да тап басып танып, олардың еңбектерін талғампаз оқырман қауымға ұсынып жүр.


Баспа біраз жылдан бері көпшілік оқырманға арналған «Атамұра» кітапханасы» және мектеп жасындағы балаларға арналған «Атамұра» мектеп кітапханасы», сонымен қатар бүлдіршіндерге арналған «Менің алғашқы кітапшам» атты серияларын шығарып келеді. «Атамұра» кітапханасы» және «Атамұра» мектеп кітапханасы» сериялары бойынша қазақтың танымал ақын-жазушылардың шығармаларын басып шығару дәстүрге айналған.

 

Пікірлер