Израиль мен Хамас бітімге келді. Келісім 150 палестиналық тұтқынға айырбас ретінде Газа секторындағы 50 кепілді босатуды қамтиды деп күтілуде. Келісім сондай-ақ соғыс қимылдарына төрт күндік үзіліс жасауды қарастырады, - деп хабарлайды "Адырна" порталы haaretz.com сайтына сілтеме жасап.
Келісім аясында Хамас кепілге алынған 50 әйел мен баланы, ал Израиль 150 палестиналық тұтқынды (негізінен әйелдер мен балалар) босатады.
Израильдік шенеунік босатылады деп күтілетін кепілдегі 50 адамның Израиль азаматы болатынын және шетел азаматтарының алмасуға кірмейтінін айтты. Сондай-ақ Израиль Мысырмен шекаралас Рафах арқылы Газаға күніне 300 жүк көлігінің кіруіне рұқсат береді.
Егер екі тарап тұтқындар мен кепілге алынғандарды айырбастауға ұқсас 3:1 қатынасына келіссе, үзіліс белгісіз күндер санына ұзартылуы мүмкін.
Сонымен қатар, тараптар Израиль авиациясының елдің оңтүстік бөлігінде төрт күнге, ал солтүстік бөлігінде сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін алты сағатқа ұшуды толық тоқтату туралы келісімге келгені қосылды.
Еске салайық, осыған дейін палестиналық ХАМАС қозғалысы Газа секторында атысты тоқтату келісіміне қол жеткізілгенін хабарлаған болатын. Палестиналық ХАМАС қозғалысы саяси бюросының басшысы Исмаил Хание ХАМАС өкілдерінің Израильге берген жауабын Катар мен басқа да делдалдарға жеткізгенін айтты.