Жиырма миллионшы тұрғынның Ұлытау облысында дүниеге келгені белгілі болды. Өңір әкімі нәресте мен оның ата-анасына құттықтау жолдап, ыстық ықыласын жеткізді.
«Құрметті Ұлытау облысының тұрғындары, қадірменді жерлестер!
Қазақстан халқының саны 20 миллионға жеткені жайындағы ақжолтай хабар баршамыздың төбемізді көкке жеткізді. Ал жиырма миллионыншы тұрғынның жиырмасыншы өңірде, яғни Ұлытау облысында өмірге келуі біз үшін зор мақтаныш.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ел тұрғындарын мерейлі күнмен құттықтап, бақытты отбасы — бақуатты елдің негізі екенін жеткізді.
Құрметті ұлытаулықтар!
Бұл — ұлттың қуанышы, ортақ жетістік. Ұлытау облысы, Қоскөл ауылындағы Сейітжановтар әулетінде келген кішкентай Томирис ханшайым атына сай тұлға, елдің азаматы болсын! Әкесі Сұңғат Сейітжан мен анасы Әйгерім Молдашеваның тұңғыш перзенті дені сау ұрпақ боп өсуіне тілектеспін! — деп жазды Ұлытау облысының әкімі.