Спортшының діни ұстанымы оның жетістікке жетуіне кері әсер етпейді - дінтанушы

7512
Adyrna.kz Telegram
Фото: Kazislam.kz
Фото: Kazislam.kz

Спорт саласында теріс діни ағымдардың идеологиясына қызығушылық танытатын кейбір азаматтар кездесіп қалады. Кәсіби спорттағы экстремистік ағымдардың белең алуын тоқтату мүмкін бе? Сондай-ақ азаматтарың жетістікке жетуіне оның діни ұстанымы кері әсер ете ме?

Дінтанушы Жандәулет Сүлейменовтың айтуынша, спортшының діни ұстанымы оның жетістікке жетуіне кедергі келтірмейді. Әйтсе де ол спортта жоғары жетістікке жеткен азаматтың жастарға ықпалы жоғары болатынын ескертті.

«Спортшы намазхан бола ма, жоқ әлде бай немесе кедей бола ма, ол жағы аса маңызды емес. Ең маңыздысы физикалық тұрғыдан мықты болып, өз саласы бойынша жетістікке жету емес пе? Азаматтың діни ұстанымына байланысты спортшының жетістігіне баға беруге болмайды. Әйтсе де әсіре діншілдік пен спортты ұштастыру арқылы өзге азаматтарға діни мотивтегі әңгімелерді насихаттау өте қауіпті. Мәселе дін ұстанушы азаматтардың жеке басында емес. Себебі олардың арасында спортта жетістікке жетіп жатқан азаматтар өте көп. Спорт адамның діни ұстанымына байланысты емес. Өкінішке қарай еліміздегі кейбір спортшылардың ішінде деструктивті ұстанымдағы азаматтар бар. Олар еліміздің атынан әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындары секілді әр түрлі жарыстарға барады», – деді ол.
Дінтанушы жуырда Атырау облысында болған оқиғаны еске алды. Естеріңізде болса, Атырау облысы әкімдігі әнұран орындалған кезде орнынан тұрмаған спортшыға айыппұл салған болатын.

«Қандай да бір адам спортқа қанша жетістікке жетсе де, ол ең алдымен Қазақ елінің рәміздеріне құрмет көрсету керек емес пе? Ал спортшы әнұранға құрмет көрсетпеген соң Атырау облысы әкімдігі арнайы хаттама толтырып, шара қолданды. Мың жерден мықты спортшы болып, қандай жетістікке жетпеңіз, бірақ әнұранға құрметіңіз болмаса, күні ертең мемлекетіңді сатып кетуің әбден мүмкін. Міне осы жағынан спортшының теріс діни ұстанымда болғаны қауіпті. Ал енді діншіл адамның спортта жетістікке жетпейді деген сөз қате. Өкінішке қарай, спорт саласында әсіре діншілдікке бұрылған азаматтарға назар аудару кемшін болып жатыр. Сондықтан да спорттағы діншіл азаматтарға қандай да бір шара қолдану жұмыстары жүрмей жатыр», – дейді ол.

Танымал спортшы болғаннан кейін оны жастардың үлгі тұтатыны жасырын емес. Дінтанушы мұның да қауіпті құбылыс екенін ескертті.

«Ашыған айтсақ спортта жоғары жетістікке жеткен азаматтың мыңдаған табынушысы болады. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, кейбір олимпиада чемпиондары қазір теріс діни ұстанымда жүр. Ондай азаматтарды мыңдаған жастар кумир тұтады. Сол себепті қоғамға танымал адамның теріс жолға түсуі қоғам үшін өте қауіпті. Мысалы мен түзеу мекемесіне барғанда терроризм, экстремизм бабы бойынша сотталған спортшылар да кездесіп қалып жатады. Тіпті олардың ішінде спортта жақсы нәтижеге жеткен азаматтар бар», – деді дінтанушы.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер