"Жеңілісі ауыр тиді". Қоңқабаевтың жеке бапкері спортшының бокстан кеткенін айтты

2978
Adyrna.kz Telegram
Фото: m.sports.ru
Фото: m.sports.ru

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны, Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев кәсіби мансабын аяқтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов мәлімдеді.

Қоңқабаевтың жеке бапкері Сейітжан Төкенов шәкіртінің бұл шешіміне қатысты пікір білдіріп, оның спорттық мансабын жеңіспен аяқтамағанына өкініш білдірді.

"Қамшыбек Париж Олимпиадасынан кейін бокстан кетемін деп жүрген. Жақында бас бапкер де осыны айтты. Ол маған жеке келіп ештеңе айтпаса да, мұндай әңгіме бұған дейін де болғаны рас. Әрине, өкінішті. Жауапты жарыстарда жеңіліп, жүлдесіз қалғаны жаныма батады. Әсіресе, бапкер ретінде Париж Олимпиадасындағы жеңілісі ауыр тиді. Әлі де жеңіске жетуге мүмкіндігі бар еді," – дейді Төкенов.

Қоңқабаев ұзақ жылдар бойы өзбекстандық Бахадүр Жалоловтың басты қарсыласы болды. Алайда, ресми жарыстардың көбінде жеңіліп қалды. Төкеновтың айтуынша, жасөспірім кезінде Қамшыбек қарсыласын бірнеше рет жеңсе де, ересектер арасындағы кездесулерде оның физикалық артықшылықтары рөл ойнаған.

"Бахадүр – көптеген боксшылар үшін ыңғайсыз қарсылас. Оның бойы мен қолының ұзындығы жақсы көмектесті. Әйтпесе, оның боксын ерекше әдемі деп айту қиын," – деп бапкер пікір білдірді.

Сейітжан Төкенов Қоңқабаевтың спорттық мансабы жоғары нотада аяқталғанын қалағанын жеткізді: "Токиода америкалықтан жеңілді. Парижде де жолы болмады. Бұл – спорт. Бірақ мансабын жеңіспен аяқтағанда жақсы болар еді," – дейді ол.

Пікірлер