240 миллионның жыры. Кішкентай ғана кенттегі үлкен идеологиялық қате

1372
Adyrna.kz Telegram

23 қазан күні «Адырна» ұлттық порталында «Ауыл саябағын абаттандыруға 240 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді» деген сыни мақала жарияланды. Сол материалға қатысты «Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесі жауап берді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Біз бұған дейін Жаңа Бұқтырма ауылы Үлбі жотасының етегінде, Ертіс өзенінің жағасында орналасқан, табиғаты керемет мекен екенін, жергілікті билік ресми кент саналғанымен халқы тым аз шағын ауылдың паркін көркейтуге 240 миллион теңгеден астам қаржы бөліпотырғанын, ол парктің атауы тікелей Ұлы Отан соғысына байланыстырылғанын жазғанбыз.  Көкейімізде «Шығыс Қазақстан облысының шенділері дәл Ресей билігі секілді мемлекеттің бар идеологиясын Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске байлап, халықты рухтандырмақ па?» деген жалғыз сауал бүлкілдеп тұрды.

Бұл сұрақты Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасына жолдап едік, оған «Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, энергетика және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» жауап берді.

«Сіздің 2023 жылғы 24 қазандағы №ЗТ-2023-02156399сұрауыңызға келесіні хабарлаймыз.

Ағымдағы жылдың маусым айында Басқарма мен «AST Qurylys 22» ЖШС арасында «Жаңа Бұқтырма кентіндегі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған ескерткіштің аумағын абаттандыру» нысанын қайта құру бойынша шарт жасалды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы ескерткішінің демалыс аймағы ретінде қайта жаңартылатын учаскесі кенттің орталық бөлігінде екі жағынан кенттің орталық көшесі - Абай көшесінің бойында орналасқан және 5 функционалдық аймақтың құрылымын көздейді:

- «Арбат аймағы және тыныш демалыс аймағы» серуендеу аллеяларын орналастыра отырып, жаңа саябақ аймағын құруды, аумақты көгалдандыруды, жеке дайындаудың шағын сәулеттік нысандарын орнатуды көздейді. Арбаттыңайрықша элементі «Құрғақ субұрқақ» болады;

- «Саябақ аймағы» іргелес аумақты абаттандырумен, қолданыстағы ескерткішті қайта жаңартуды көздейді. Жобада көпжылдық шыршаларды және қолданыстағы жасыл желектерді сақтау көзделген;

- «Белсенді демалыс аймағы» жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында орналасқан. Құрамына 3 спорт алаңын – баскетбол алаңын, үстел теннисін ойнауғаарналған алаңды және шағын футбол алаңын (қыста мұзайдынын орнату мүмкіндігімен), сондай-ақ жаңа ойынжабдықтарын орната отырып, әртүрлі жастағы топтарғаарналған балалар ойын алаңдарын орналастыруды қамтиды. Сонымен қатар, осы аумақта ересек тұрғындардың спортпеншұғылдануына арналған (тренажерлер) аймағықарастырылған. Спорттық демалыстың қосымша элементіретінде роликтермен, самокаттармен және велосипедтерменжүруге арналған памп-трегі қарастырылған;

- «Мәдениет үйінің аймағы» жол жабындарын ауыстыра отырып, қолданыстағы мәдениет үйінің айналасын қайта құру көзделген. Аталған аймақта пайдаланылмайтын субұрқақты бөлшектеп, оның орнына мүсіні бар «Жарық фонтанын» орнату қарастырылған;

- «Қоғамдық тамақтану аймағы» қолданыстағы профилактория ғимаратының жанында серуендеу аллеясын орнатуды, аумақты көгалдандыруды, жеке өндірістің шағын архитектуралық нысандарын орнатуды көздейді. Үлкеналаңдар болашақта ашық ауада тамақтануға арналғаншатырлары мен үстелдері бар модульдік фастфудғимараттарын орнатуға мүмкіндік береді. Қазақстантарихын баяндайтын айрықша элемент «КазАртКуб» мүсініболады.

Жобамен кенттің орталық бөлігін абаттандыру көзделген, оның ішіне Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған ескерткіштің аумағы да енгізілген. Осыған орай жобаның атауы «Жаңа Бұқтырма кентіндегі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған ескерткіштің аумағын абаттандыру» болып таңдалған» делінген.

Жаңа Бұқтырма кентіндегі (ауыл десе де болады) халық саны 6 мыңға жетпейді. Сол ауылдың игілігі үшін 240 миллион теңгеден астам қаржы бөліп жасалған демалыс аймағын Екінші дүниежүзілік соғыспен байланыстырудың қаншалық қажеттілігі бар еді?! Бұл Ресей билігі секілді мемлекеттің бар идеологиясын Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске байлап тастау емес пе?

Бұл сұрақтарды қайтара облыстың идеологиялық мәселелеріне жауапты органдарға жолдайтын боламыз!

Қанат Бірлікұлы

«Адырна» ұлттық порталы  

Пікірлер