29 әкім қайта сайланды, 12 орынбасар әкімдікке жетті

1445
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Бір күн бұрын пилоттық режимде әкім сайлауы өткен аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың басым көпшілігінде облыстық сайлау комиссиялары жариялаған сайлау нәтижелеріне сәйкес, қазіргі әкімдер мен олардың орынбасарлары қайта жеңіске жеткен, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы vlast.kz сайтына сілтеме жасап.

Сайлау нәтижесінде, 29 аудан мен облыстық маңызы бар қалада қызмет басындағы әкімдер жеңіске жетсе, Ақмола облысының бір ауданында сол облыстың екінші ауданында қызмет атқарып жүрген әкім жеңіске жетті. Тағы 12 аудан мен қалада қазіргі әкім орынбасарлары жеңіске жетті.

Тек екі ауданда – Ақмола облысының Есіл және Түркістан облысының Бәйдібек аудандарында кәсіпкерлер әкім болды. Тағы екі ауданда – Түркістан облысының Шардара ауданы мен Атырау облысының Исатай ауданында аудандық мәслихаттардың қазіргі төрағалары әкім болып сайланды.

Сайлау өткізілген 45 аудан мен облыстық маңызы бар қаланың екеуінде ғана – Ақмола облысының Жақсы ауданында және Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында әйелдер әкім болып сайланды.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, сайлауға қатысудың орташа көрсеткіші сайлаушылардың 62,8 пайызын құрады. Ең аз дауыс беру көрсеткіші Маңғыстау облысында – 28,96 пайыз, ең жоғары көрсеткіш Қызылорда облысында – 74,29 пайыз болды.

Қазақстанда аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы пилоттық, яғни сынақтық режимде өтті және осындай аумақтық бірліктердің төрттен бір бөлігін қамтыды. Бұл ретте миллионнан асатын қалалардың ауданында – Астана, Алматы және Шымкентте сайлау өткен жоқ.

 

Пікірлер