Қазақ футболы. Астанада жаңа музей ашылды

1417
Adyrna.kz Telegram
Фото: ҚР Футбол федерациясы
Фото: ҚР Футбол федерациясы
Астанада Қазақстан футболының музейі ашылды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі ҚР футбол федерациясына сілтеме жасап.
Астанада Қазақстан футболының 110 жылдығына орай, спорт тарихын сақтап қалу мақсатында жаңа музей ашылды.

Ашылу салтанатына «Астана» футбол орталығының тәрбиеленушілері, Қазақ футболының ардагерлері, отандық футбол клубтарының жетекшілері, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев пен ұлттық құрама ойыншылары Бауыржан Исламхан мен Ян Вороговский қатысты.

Бұл музей негізінен Семейде бастау алған Қазақстан футболының тарихын жаңғырту үшін жасалған. Мәдени орынға еліміздің түкпір-түкпірінен спорттық жәдігерлер, деректер жазылып, қойылған.

Қазақстан футбол федерациясына музейдің ашылуына орай ФИФА және УЕФА-дан құттықтау хаттары келіп түсті.

Бірнеше ай бұрын мен сіздердің әдемі елдеріңізге барып, Қазақстанда футболға деген керемет құштарлық пен сүйіспеншілікті өз көзіммен көру мүмкіндігіне ие болдым. Музей елдегі футболдың 110 жылдық тарихына, істерге, тұлғаларға, сондай-ақ спортымызды дамытып жатқан барлық адамдарға құрмет көрсетуге өз үлесін қосатыны сөзсіз, - деп жазылған ФИФА президенті Джанни Инфантиноның хатында.

УЕФА президенті Александер Чеферин де ұлттық құраманы құттықтады.

Қазақстан футбол федерациясын музейдің ресми ашылуымен құттықтағым келеді. Осындай маңызды оқиғалар ұлттық қауымдастықтың дұрыс бағытта дамып, УЕФА-ға мүше қауымдастықтар арасында беделге ие болғанының дәлелі болды. Сіздердің УЕФА клубтық жарыстарына қатысуларыңыз және ұлттық құраманың жетістіктері қауымдастықтың барлық деңгейдегі прогрессін көрсетеді, ал алдағы уақытта еуропалық футболда одан әрі толық бәсекеге түсуге мүмкіндіктеріңіз бар. ҚФФ-ға табыс тілеймін, өйткені сіздер бұл дәрежеге жету үшін ұзақ жолдан өттіңіздер және қазіргі табыстарыңыз – футболмен өмір сүретін және футболды жақсы көретіндерге арналған, - делінген хатта.

Бұл музейде атақты футболшы, жаттықтырушы Тимур Сегізбаевтың жеке заттарын көруге болады. Оны Айгүл Сегізбаева арнайы табыстаған.

Сондай-ақ, спорт журналисі Әлім Ілиясұлы музей қорына көптеген әдебиет пен басқа да жәдігерлерді тапсырды.

Пікірлер