Сәкеннің видеосы Ресейден келгенде. Қазақстандағы құжат жоюдың сыры неде?

1778
Adyrna.kz Telegram

Архивте 1922-1945 жылдарға тиесілі аудиовизуалды құжаттардың ішінде қандай нұсқа жойылатыны туралы тиісті мекеме жауап берді. Бұрын Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты болған, бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне бағынатын Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті бұған дейін сол аралыққа тиесілі бір де бір құжат жойылмады дейді. Ал құжат жою мәселесінің неге дәл қазір қозғалып отырғаны туралы сұрақтың басы ашық қалды.

30 қазанда «Қазақстан» арнасы Алаш қозғалысы мен «Алашорда» партиясына қарсы болып, большевиктердің қуғындау науқанына белсене араласқан, соңынан өзі де большевиктердің құрбаны болған Сәкен Сейфуллинің видеосы Мәскеу мұрағатынан табылғанын сүйіншіледі. Сәкен жалғыз емес, 1935 жылы Қазақ автономиясының 15 жылдығы рәсімінде түсірілген видеода Әліби Жанкелдинің, Ораз Жандосовтың және әзірге анықталмаған басқа да бірнеше адамның бейнесі бар.

Қазақстан тарихындағы атаулы тұлғалар бейнелерінің басқа ел архивтерінен табылғаны үлкен олжа. Дегенмен жергілікті архивтегі ауди-видео құжаттардың жағдайы қалай?

ЖОЙЫЛА МА, ЖОЙЫЛМАЙ МА?

Қызметінен кеткен Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі № 1003 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі туралы Ереженің 15-тармағының 243 -3) тармақшасына сәйкес бұйрық шығарған болатын. Онда 2023 жылы 25 тамызда шыққан Қазақстан Республикасының «Архив қорының құжаттарын сақтау қабылдау есепке алу туралы» Қағидаға «1922-1945 жылдар аралығында жасалған аудиовизуалды құжаттарды жоюға рұқсат етіледі» деген бап енгізілген. Бұл мәселе дәл осы тұсы көптің арасында дау туғызып, талқыға түсті. Сол кезде генеалог Нұржан Сәдірбекұлы Facebook парақшасына осы бұйрықтың қазақ тарихына жасалған қиянат екенін айтып, дабыл қаққан еді.

«2023 жылы 25 тамызда шыққан Қазақстан Республикасының «Архив қорының құжаттарын сақтау қабылдау есепке алу т.б. туралы» Қағидаға «1922-1945 жж. аралығында жасалған аудиовизуалды құжаттарды жоюға рұқсат етіледі» деген бап енгізілген. Осы жері мені таңқалдырды? Ата-бабасының жалғыз суретін, видеосын, таспаға жаздырған сөзін іздеп таппай жүрген неше жүздеген адам бар. Бір ауылдың, мектептің, зауыттың 1920-1945 жылдары аралығындағы ескі фотосуреттерін, видеосын іздеп жүргендер қаншама. Миыма сыймай отыр,- деді ол.

Аталған қағида бойынша, «Адырна» ұлттық порталы Қазақсан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетіне екі рет хат жазып, сауал жолдады.

Ұзағынан ұзақ күттірген жауапта, комитет 1922 жылдан 1945 жылды қоса алғанға дейінгі кезеңде қалыптасқан аудиовизуалды құжаттарды жою уәкілетті органның келісімі бойынша жүзеге асырылатынын алға тартты.

«Архив ісі саласындағы уәкілетті органға қатысты мәселе бойыншаҚазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 235 бұйрығымен бекітілген Ұлттық архив қорының құжаттарын және басқа да архивтік құжаттарды ведомстволық және жеке архивтердің қабылдау, сақтау, есепке алу мен пайдалану қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 40-тармағына сәйкес 1922 жылды қоса алғанға дейінгі кезеңде жасақталған аудиовизуалды құжаттар жоюға бөлінбейді. 1922 жылдан 1945 жылды қоса алғанға дейінгі кезеңде қалыптасқан аудиовизуалды құжаттарды жою уәкілетті органның келісім бойынша жүзеге асырылады.Бұл норма 1922-1945 жылдар аралығында кейінге қалдырылған аудиовизуалды құжаттар уәкілетті органның келісімінсіз жойылмайтынын, яғни уәкілетті органның келісімінсіз бірде-бір құжат жойылуға жатпайтынын жеткізеді» делінген жаңылтпаш жауапта.

УӘКІЛЕТТІ ОРГАН ДЕГЕН КІМ?

Комитеттің жауабы бойынша, «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 22) тармақшасына сәйкес уәкiлеттi орган – архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып есептеледі.Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрлігі де архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның қатарында.

«Заңның 6-бабының 1-тармағында Ұлттық архив қорының құжаттарын жою құжаттардың құндылығын мемлекеттік сараптау негізінде жүргізілетіні белгіленген. Өз кезегінде, Заңның 6-бабының 2-тармағына сәйкес құжаттардың құндылығына мемлекеттік сараптаманы уәкілетті орган құратын Орталық сараптау-тексеру комиссиясы (ОСТК) немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві, орталық мемлекеттік архивтер, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, арнаулы мемлекеттік архивтер, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары құратын сараптау-тексеру комиссиялары жүргізеді.Заңның 3-бабының 3-тармақшасына сәйкес сараптамалық-тексеру комиссиясының қорытындысы негізінде уәкілетті орган тарихи және өзге де құндылығы жоқ және практикалық маңыздылығын жоғалтқан құжаттарды сақтау мерзімдері мен жою тәртібін белгілейді» делінген аталмыш жауаптардың бірінде.

ҚАНДАЙ ҚҰЖАТ ЖОЙЫЛАДЫ?

Одан кейін, заңның 6-бабының 1-тармағына және Қағидалардың 19-тармағына сәйкес құжаттардың құндылығын сараптау құжаттардың шығу тегі, мазмұны, сыртқы ерекшеліктері өлшемдерін кешенді қолдану жолымен жүргізіледі. Қағидалардың 25-тармағына сәйкес құжаттардың құндылығына сараптаманы жоспарлы түрде жыл сайын мекеме архивінің жұмыскері жүргізеді екен. Мемлекеттік архивтің жинақтау көзі болатын ұйымда құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу тиісті мемлекеттік архивтің, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің әдістемелік басшылығымен және консультациялық көмегімен жүзеге асырылады.

Бұл жауаптан кесімді бірдеңе күту қиын. Дегенмен бір түсінуге болатыны – жойылуға кететін құжаттар негізінен қайталама ақпарат және дублетті нұсқаларды қамтитын сияқты. Бірақ онсыз да сирек құжаттардың қосымша нұсқалары кімге қандай кедергі келтіретінін түсіну қиын еді, расымен. Есесіне, қлттық ресурс ретінде неғұрлым көібрек нұсқаның сақталғаны тиімді емес пе еді?..

Қайта-қайта сауал жолдап, қаншама соны түсінуге тырысқанымызбен, тотықұс жаттап алған мәтіндей мынандай сараң жауап алдық. Бұл – бірінші проблема.

«1922 жылдан 1945 жылға дейінгі кезеңді қоса алғанда кейінге қалдырылған аудиовизуалды құжаттар бойынша ұйымда құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу ОСТК-мен келісім аясында жүргізіледі. Қағидалардың 27-тармағына сәйкес құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу шартымен уақытша сақтау мерзіміндегі құжаттарды қайталанатын ақпаратпен жою және дублеттік құжаттар оларды тұрақты сақтауға іріктелген құжаттармен салыстырғаннан кейін ғана жүзеге асырылады» делінген комитет жауабында.

«ҚҰЖАТ ЖОЙЫЛМАДЫ». ЕНДЕШЕ, ЕНДІ ЖОЮДЫҢ МӘНІ НЕДЕ?

Архив комиттетінің айтуынша, Мемлекеттік архивке тұрақты сақтауға тапсырылған құжаттар жойылуға жатпайды. Тек тарихи және өзге де құндылығы жоқ және практикалық маңыздылығын жоғалтқан құжаттарға жою тәртібі белгіленеді.

Бұл – екінші проблема. Комитеттің бұл жауабының тасасында тағы да сұрақ туындайды. Құжаттың құндылығы жоқтығын, практикадан махрұм қалғандығы қалай анықталады?  Бірақ оған комиеттің жауабы қашан да даяр сияқты. Тағы да уәкілетті орган...

Дегенмен, комитет «Адырнаның» осы тәртіппен қандай құжаттар жойылғаны туралы сауалына 1922-1945 жылдар аралығына тиесілі аудиовизуалды құжаттардың бірде-біреуі жойылмағанын хабарлады.

Сонда бұл алдағы уақытқа жасалған «қам» болғаны ма? «Түс түсінсем бұйырмасын» дегеннің кері келіп тұр. Мұндай норма бекіту не үшін қажет болып отырғанын сол күйі түсіне алмағанымызды жасыра алмаймыз. Және оны патша көңіл оқырманға түсіндіре алмай отырғанымыз үшін кешірім сұраймыз. Тек бар болғаны қандай құжаттарды жоюға болатынын ғана анықтай алған сияқтымыз. Бірақ себеп пен салдар көңілге көлеңке түсірген күйінде қала берді...

Ресми мәлімет бойынша, архивтердің паспортына сәйкес 1922 жылдан 1945 жылға дейінгі аралыққа тиесілі мемлекеттік архивтерде сақталған аудиовизуалды құжаттардың саны 1991 жылғы жағдай бойынша 14 мың 674 бірлікті құрайды. Оның ішінде: мемлекеттік архивтерде - 6 мың 539, «Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архиві» республикалық мемлекеттік мекемесінде 8 135 құжат сақталған.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер