Естілердің ескі жолы ел жадында ма?

4117
Adyrna.kz Telegram

Қазақ әдебиетінде аты аталмай кетсе де, шығармасы шыңға біткен шынардай шыншыл, әрі шынайы туындылар қаншама. Тарих қойнауындағы талай зұлмат пен қыршын тағдырларды бір кітапқа, яки, ақ параққа асқан жауапкершілік пен жанкештілікті ақтай отыра түсіру – жазушының Құдай берген шеберлігі болар. Ал осынау шеберлікті шекесіне сыйдырып, тасқа қайраған алмас қылыштай өткірлігімен, өктем үнімен қазақ әдебиеті қорын талай жауһар туындылармен байытқан жазушылардың бірі де бірегейі – Қажығұмар Шабданұлы.

Аталған жазушының өмір жолына көз салсақ, көзімізді көлегейлер көлеңкелер көбейе түспек. Себебі, тағдырының тұтас бөлігі тар қапаста өткеніне қарамастан әдебиет әлеміне өшпестей ізін қалдырды. Ол  алғаш рет 1958 жылы «оңшыл», «солшыл» деген саяси айыптаулармен сотталып, 22 жылға бас бостандығынан айрылған жас жазушы еді. Мұны қоя тұрғанда жазасын өтеп ақталып шыққанымен “шетел жансызы” деген желеу арқылы қайтадан темір торға қамалады. Алайда, темірдей төзімін тезге салмай, тектілігін тентіретпей, тар қапаста жатса да тағдыр тарту еткен әдебиетінен қол үзбеді.  Қажығұмар Шабданұлының бар өмірі аңдуда,бақылаудың астында өтті. Ғұмырының қырық жылдан астам уақыты Қытай тар қапас түрмесінде кетті. Жазушының аз да болса жұртқа танытқан жанкештілігі – түрмеде туғар әдебиеті еді. Ол - алты томдық “Қылмыс” романы. Романда күллі жұрт біле бермейтін қазақтардың жанкешті тарихы сипатталады. «Қылмыс» романы - қанқұйлы ХХ ғасырдағы тұтас ұлттың аянышты да,аяулы тағдыры.Алты томдық «Қылмыс» романы 2009 жылы Қазақстанда басылып шықса,2010 жылы 27 қаңтарда роман  Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Алайда, жастар арасында бұл романның жеткілікті түрде дәріптелмеуі еңсе түсірер дүние.

Менің ойымша, естілердің ескі жолы ел жадында қалмауы мәдениетіміз үшін жұтаң мәселе. Тарих қойнауында тағлым берер тар жол тайғақ кешулер қаншама?.. Мұның бәрінен бейхабар болып өскен ұрпақ өркениетіміздің өрескел қателігіне айналмақ. 

Қорытындылай келе, Қажығұмар Шабданұлы “Қылмыс” романын жазу арқылы бүкіл адамзаттың қылмысын ашты. Алайда, жазықсыз қапалып, қылмыссыз түрмеде жатып, жазықсыз жазасын өтеді. Ал атамыздың сол қасіретін ұмытқан біз үшін бұл “қылмыс” демей немене?..

Бақыткүл Тұрсынбай
Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің журналистика мамандығының 1 курс студенті

Пікірлер