Халықтың қазіргі табысы нан-шайлығына жетпейді — Ринат Зайытов

2892
Adyrna.kz Telegram
Фото: Telegram / Mazhilis_kz
Фото: Telegram / Mazhilis_kz

Қазақстан халқының 84 пайызы несиені қаржылық сауатсыздықтан емес, мәжбүрліктен алып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Ринат Зайытов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Құрметті Үкімет мүшелері!
Бүгін «Халықтың шамадан тыс несие алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру туралы» тақырыбында өткен Парламенттік тыңдауда сұрақ қоюыма уақыт жетпеді, алайда жиналыс соңында өз сұрақтарымызды жазбаша жолдаймыз деп келіскен едік. Сол себепті, мен, өз сұрақтарымды ашық жолдап отырмын. Сіздер өздеріңіздің баяндамаларыңызда «Халықтың шамадан тыс қарызға батуына қоғамның қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр» дедіңіздер. Мен бұл ойларыңызбен келіспеймін. Қазақстан халқының 84 пайызы тұтынушылық кредит алып отыр деген мәлімет келтірдіңіздер. Бұл қаржылық сауатсыздық емес, мәжбүрліктен болып отыр деп неге мойындамайсыздар?
Осыған дейін бірнеше рет айтқандай халықтың қазіргі табысы нан-шайлығына жетпейді, сондықтан қарапайым қажеттіліктерді өтеу үшін (киім-кешек, жүріс-тұрыс т.б.) халық тұтынушылық несие алуға мәжбүр. Өйткені, олардың тапқан айлықтары мүлдем өз қажеттіліктерін тиісті түрде өтеуге жетпейді. Оның дәлелін өткенде есептеп тұрып алдарыңызға көрсеткенмін»,—деді депутат.

Ринат Зайытовтың айтуынша,
халықтың қарызға батуының тағы бір себебі — несие пайыздылығының тым жоғарлығы.

«Неге сіздер өз жауапкершіліктеріңізді мойындарыңызға алып, халықтың шамадан тыс несие алуына Үкіметтің жұмысының нәтижесіздігі де себепкер екендігін ашып көрсетпейсіздер? Және де не үшін халықтың ең төменгі жалақысын арттыруға құлықсыз болып отырсыздар? Оған не кедергі? Біздің халықтың қарызға батуының тағы бір себебі — несие пайыздылығының тым жоғарлығы. Неге мәселені осы жағынан қарастырып, несие пайызын төмендетіп, әрекет жасамайсыздар?
Халық өз күнін өзі көріп жатыр. Шағын кәсіп бастау үшін төменгі пайыздық өлшеммен, мысалы екі немесе үш пайызбен несиелер неге берілмейді? Не себепті әлі күнге дейін бұндай бағдарламалар жасалынбай жатыр?
Құрметті Үкімет мүшелері! Қойылған сұрақтарыма заңда белгіленген мерзімде жауап берулеріңізді сұраймын»,—деді ол.

Пікірлер