«Бұл жер көпшіліктің «туалеті» емес!». Имам мешіт әжетханасына кірмек болған жұмысшыларды қуып шықты

1888
Adyrna.kz Telegram
фото: видеодан скриншот
фото: видеодан скриншот

Түркістанда имам мешіт әжетханасына кірмек болған тазалыққа жауапты коммуналды сала жұмысшыларын қуып шықты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Otyrar.kz мәліметінше, оқиға Түркістан қаласында болған. Сол сәттің видеосы әлеуметтік желіде пайда болды.

«Түркістан Тазалық» жұмысшылары мешітке келіп, дәретханаға сұранған. Иә, таңның атысынан, күн батқанша көшедегі біздің тастаған қоқысымызды жинап, тазалап жүретін кісілер. Мешітке кіре алмаса, сонда бұл кісілердің еңбегі адал, өздері харам болғаны ма?», - деп жазды видео авторы.

Бейнежазбадан мешіт есігінің алдында дін өкілі мен қала тазалығына жауапты мекеменің жұмысшы әйелін көруге болады. Ал мешіттің қақпа тұсында екінші көше сыпырушы тұр.

«Кет деймін, тыныштықпен кет! Бұл жер көпшіліктің «туалеті» емес! «Давай, мен пока неғымай» тұрған кезде кет!»,- дейді қатты дауыспен дін өкілі.

Осы сәтте көше сыпырушы әйел мешіт әжетханасына кіру – шариғатқа кері емес шығар деп сұрайды. Алайда, бұл сауал молдаға  жақпай қалған секілді.

«Е, кет деймін»,- деген имам.

Мешіт ішінен шыққан өзге ер адамдар басына сәлде киген молданың бұл әрекеті бұрыс екенін алға тартып, тіпті оған «Айқайлай берме» деп ескерту жасаған. Видео соңында әжетін өтеуге келген көше тазалықшылары мешіт әжетханасына бәрібір де кіре алмай кеткенін көруге болады.

Мешіт алдында әдепсіздік қылық танытқан имамның әрекеті көптеген қазақстандықтың ашуын тудырды.

«Мына молда жынданған ба? Әжетхана үшін неге соншама жыртылып тұр?», «Мынау имам ба, кім өзі? Мешіттен өзін қуу керек. Психдиспансерге жатқызып емдеу керек қой», «Мынаны мешіттен аластату қажет! Бұндай адамға Алланың үйінде орын жоқ», «Имамымыз мынандай болса, басқаларға не айтуға болады?», «Мына имамның әрекеті дұрыс болмапты. Әжетхананы қызғанғаны несі?..», «Сонша айқайлайды ғой, имам деген сабырлы болмай ма?», «Құтырып болған екен, халықтың садақасымен күн көріп отырғанын ұмытып тұр ма?..», «Ақша салатын жәшікке садақа салайын» деп едім десе, қалай кіргізер еді…», - деп жазған желідегілер.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер