Сайлау Байбосын. КҮЛЕНОВТЕР ӘУЛЕТІ

2523
Adyrna.kz Telegram

Ертіс-Баянаула жерінде өмірге келіп, өз заманында ұлт зиялысы ретінде танымал болған талай тұлғалардың  аты-жөндері жыл өткен сайын, жадымыздан өшіп барады. Сондай адамдардың қатарында ағайынды Сәлемхат және Айнамхат Күленовтерді атар едік. Өткен ғасырда талай жақсының жолын кескен 37-38-дің  зұлматынан бұл екі адам да сау қалмаған.

Күленовтердің шыққан тегін айтар болсақ, Баянауылды жайлаған қалың Сүйіндіктің Құлболды Ақбура атасынан тарайды. Сәлемхаттың әкесі Күлен, оның әкесі Шүленбай Баянның Қызылтауының сыртқы бетін жайлаған айтарлықтай дәулеті бар адамдар болған. Қызылтаудың осы тұсында Құлболды-Ақбурадан тарайтын белгілі адамдардың қоныс-қыстауларының атаулары әлі де сақталып қалған. Мысалы, Есен асуы, Сәрсенбайдың бұлағы және Сәлемхаттың әкесінің атымен аталатын Күлен қорасы деген жерлер бар.

Сәлемхат Күленов

 

Қызылтау өңірінде 1898 жылы дүниеге келген Сәлемхат есі кіріп, ержеткен соң, әкесі Күленнің қарсылығына қарамастан,  өз бетімен Ресейге кетіп, сол жақта күнкөріс тауып, гимназияға түсіп, оны  оқып бітіреді. Онымен қоймай, 1933 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық социалдық егін шаруашылығы академиясын тауысады.

Еңбек жолын Баянауылда мектеп мұғалімі болып бастап, Павлодар уездік халық ағарту бөлімінде инспектор, меңгеруші, уездік жер басқармасының бастығы, Павлодар аудандық атқару комитетінің төрағасы секілді қызметтердің тізгінен ұстаған ол, 1936-37 жылдары Алматы облысы совхоздар басқармасының бастығы, Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы халық комиссарының 2-інші орынбасары (қазіргі тілмен айтсақ, вице-министр) болып жүргенде, «жапон барлаушыларымен байланысы бар» деген жалған жаламен ұсталады. (Ол кезде тіпті Жапонияның қай жақта екенін білмейтін ауылдың қараңғы қазақтарын да осындай жаламен тұтқындаған). 1937 жылдың қазан айында тұтқындалған С.Күленов 1938 жылдың 26 ақпанында атылады.

Біздер осыдан оншақты жыл бұрын Семейдегі Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығынан төмендегідей бір құжатты тауып алған едік. Онда былай дейді:

Список граждан, расстрелянных по приговору выездной сессий Военной коллегий Верховного суда СССР в феврале-марте 1938 года в городе Алма-Ате.

26 февраля:

1.Жансугуров Илияс

2.Куленов Салемхат

3.Шанин Жумат

27 февраля

1.Кадылбеков Мергалым

28 февраля

1.Тоганбаев Карткожа

Осы тізімдегі Ілияс Жансүгіровтен басқаларының бәрі Баянауыл жерінің тумалары.

Жұмат Шанин – қазақ кәсіби театрының негізін салушы белгілі режиссер.

Мерғалым Қадылбеков – қазақтан шыққан тұңғыш инженер-геолог. Қазіргі Текелі кенішін, Мерғалымсай, Ащысай, Қарасай, Хантағы, Шынасылсай секілді кен орындарын ашқан.

Қартқожа Тоғанбаев – Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романының басты кейіпкері, Томск технология институтын бітірген адам. Міне, осындай асыл азаматтар сол зұлматты жылдарда жалған жаламен оққа байланып кете барады.

Сәлемхат өзі ұсталғасын, үйіндегі дүни-мүлкі түгелдей тәркіленіп, отбасына (әйелі мен бес баласына) таң атқанша Алматыдан кетуге бұйрық беріледі. Ол кезде зайыбы Шәмтай 39 жаста, үлкен қызы Манзума – 16-да, Клара атты қызы – 8-де, үлкен ұлы Ахат – 5 жаста, Махат атты ұлы – үш жаста, ал ең кішісі Шахатқа алты-ақ ай болған екен.

Жандары қысылған бұлар жанұшырып біреулердің жертөлесіне (подвал) тығылады. Сөйтіп жүргенде ұры-қарылар қалған азын-аулақ дүни-мүліктерін біржола тонап кетіпті. Дегенмен, ол кезде адамдардан қайырым кетпеген уақыт қой. Таңертең бейтаныс бір адам кездесіп, бұларды ат-арбасымен Қаскелеңге жеткізіп тасайды.

Сөйтіп Шәмтай осы жердегі балалар үйіне аспаз, Манзума бастауыш сыныптардың мұғалім болып орналасады. Осылай алты жаннан тұратын отбасы аядай бір бөлмені паналап, аштан өлмес үшін, балалар картоп өсіретін бақшаның орнынан крахмал теріп, одан қалаш пісіріп, отын үшін  алыс жерден арқалап қурай тасып, әйтеуір өлместің күнін жасайды.

Уақыт өте келе, Қаскелеңдегі балалар үйі бұл отбасының жағдайын түсініп, үш баланы – Клара, Ахат, Махатты өздеріне қабылдапты. Осы жерде ағайынды Ахат пен Махат музыкаға бейімділігін танытып, балалар үйінің үрлемелі аспаптар оркестрінде ойнайды. Бірде Алматыдан келген комиссия бұл екі баланың  ерекше дарындарын байқап, мемлекет қарамағына алып, Алматыдағы балалар музыка мектеп-интернатына ауыстырады. Ахат пен Махат осы жерде музыкалық білім алып және жалпы білім беретін орта мектепті «үздік» деген бағамен бітіріп шыққан.

Сол кездегі мемлекеттік консерваторияның ректоры Ахмет Жұбанов Махаттың ерекше дарынын танып, Мәскеу косерваториясына жіберген екен, бірақ, анкетасындағы «халық жауының баласы» деген таңба бозбаланың аталмыш оқу орнына түсуіне кедергі болып, қабылдамай тастайды. Осыдан соң «қайтсем де жоғарғы білім алам» деп мақсат қойған Махат Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетін түсіп, оны тауысып, кейін көп жылдар Қарағанды кеніштерінде бас инженер болып абыроймен еңбек еткен.

Ахат мектептен кейін Ленинградтың кемеқұрылысы институтына түсіп, кейін Алматы политехникалық институтының түсті металлдар факультетіне ауысады. Осы оқу орнын бітіргесін кәсіпорындарда цех бастығы, бас инженер секілді қызметтерде болып, көп жылдар Өскеменнің қорғасын-мырыш комбинатын басқарған. Өзінің осы саладағы білікті басшылығы үшін ол Қазақстанда «Халық Қаһарманы» ерекше белгісін екінші болып алған адам. Кейін ҚР Парламент Сенатының депутаты болып сайланды.

Сәлемхаттың ең кіші ұлы Шахат анасымен және әпкесі Манзумамен Талғарда тұрып, сол жердегі ауыл шаруашылығын механизациялау техникумын және Алматының ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Бұл кісі белгілі ғалым, техника ғылымдарының кандидаты, доцент болған.

Клара Алматыдағы мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітіргесін, зейнеткерлікке шыққанша Өскенмен қаласындағы мектепке дейін білім беру қызметінің Ульба бөлімін басқарған.

Манзума Қазақ педагогикалық институтын бітіріп, көп жылдар мектептерде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Қазақ ССР-ының Еңбек сіңірген мұғалімі деген атағы бар. 1989 жылы өмірден озған.

Басынан небір қиындық пен қасіретті өткерген Сәлемхаттың жары Шәмтай балаларының қызығын көре алмастан 1956 жылы ауыр науқастан Талғарда қайтыс болады. Бүгінде Баянда қалған ескі көздердің айтуынша, Шәмтай Мырзағұлдың Сәтиінің Сәдір деген баласынан тарайтын ұрпақтарының бірі болса керек.

Күленов әулетінің КСРО Жоғарғы сотына үздіксіз өтініш жазуының арқасында, Сәлемхат Күленовтың ісі қайтадан қаралып, оның құрамында қылмыс жоқ деген шешім шығып, 1957 жылы «біржола ақталды» деген құжат беріледі.

1957 жылға дейін С.Күленовтың балалары «халық жауы» ұрпағы ретінде, билік тарапынан салқындық көргенін айтады бүгінгі көзі тірі ұрпақтары. «Мысалы, политехникалық институтта жүргенде, Ахат пен Махатқа Қазақстанның пайдалы қазбалары жөніндегі картасын көруге рұхсат берілмейтін» – деп еске алады Шахат ағамыз бүгінде.

Кезінде Баянаула-Қызылтау жерінен білім іздеп Мәскеуге кеткен Сәлемхат сынды асыл азаматтың соңында қалған ұрпақтары осындай ел танитын тұлғалар болып қалыптасқан. Қазір үлкен бір әулет.

Өкінішке орай, Сәлемхат, оның ініс Айнамхат Күленовтер жайлы деректер өте жұтаң. Оның себебі, бұл адамдар ұсталғанда, балалары өте жас қалған. Сондай-ақ, Шахат ағамыздың айтуынша, «үштіктің» адамдары Сәлемхаттан қалған кітпхана мен суреттерді, басқадай құжаттарды түгелдей жойып жіберген. Тек төлқұжатында қалған бір суретін кейін үлкейтіп алып, пайдаланып жүрміз дейді.

Күленнің Сәлемхат, Айнамхат атты екі ұлынан басқа, Зағира, Жәмила деген екі қызы болған. Зағира белгілі жазушы Әди Шәріповтың жары. Бұл кісілер Алматы қаласында тұрып, сонда қайтыс болған. Айнамхаттың қызы Римма апамыз Нүкістің пединститутына түсіп, кейін Алматының қыздар пединститутына ауысады. Бұл кісі Алматыға ауысып келгесін, Зағира әпкесінің сонда тұратынын білсе де, барып танысуға қорқып жүріпті. Себебі, ол кезде аңду күшті, біреулер «көрсетіп» жіберуі мүмкін. Оны басынан кешкен кісілер ғана біледі. «Тек, 1956 жылы ғана Бішкектен бір туысымыз келіп, апарып тасныстырды» – дейді Римма апай.

Біздің осы мақаламыз әлеуметтік желілердің бетінде жарияланған соң, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, сол кезде ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары Бауыржан Омаров арнайы хабарласқан еді. Баукең сонау 1986 жылы «Лениншіл жас» газетінде қызметте жүргенде, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш парашютші Жұмаш Оспанова жайлы «Жұлдызды жақыннан көрген» деген тақырыппен мақала жариялаған екен. (Ж.Оспанова жазушы Дихан Әбілевтың екінші жары, ақсақалды ақтық сапарға қолынан шығарып салған адам, ол кісі де Баянауылдың тумасы).

Журналиспен әңгіме барысында Жұмаш апай өзінің паршют спортына баруына сол кездегі комсомол қайраткері Қайсар Тәштитовтың себеп болғанын және қазақтан шыққан ең тұңғыш парашютші қыз Зағира Күленова екенін айтады. «Сол кездегі комсомол жетекшісі Қайсар Тәштитов маған: педагогикалық институттың студенті Зағира Күленова паршютпен бірінші болып секірді. Ол спорттың бұл түрінен қазақ қыздарының арасынан тұңғыш атанды!» деп қуана хабарлады» – депті Жұмаш апай мақала авторына.

 

АЙНАМХАТ КҮЛЕНОВ

(1906-1938)

Айнамхат Күленов

Бұл кісінің есімі ресми өмірбаянында «Айналхат» деп жазылып жүр. Негізі кезінде құжат толтырушылардың тарапынан кеткен қателік шығар деп ойлаймыз. Себебі, Баян елі бұл кісіні «Айнамхат» деп біледі. Шежіре деректер мен Баянауыл жерінде сақталған ауызекі әңгімелерде ол кісінің аты Айнамхат деп аталады.

Күлен байдың екінші ұлы Айнамхат төрт жыл Баянауылдағы жетіжылдық мектепте және бір жыл Павлодардағы екінші сатылы мектепте оқыған. 1928-30 жылдары Ташкенттегі Орта Азия Коммунистік университетінде (ОАКУ), 1930-32 жылдары осы оқу орнының аспирантурасында оқиды.

1925 жылдың ақпанында Павлодарда комсомолдың орталық ұйымында жауапты хатшы болған.1925-26 жылдары Семей губерниясы, Большенарым уездік комсомол комитетінде жауапты хатшы. 1926-28 жылдары Зайсан уездік комсомол комитетінде жауапты хатшы. 1928 жылдың наурыз-қыркүйек айларында Семей губерниялық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінде және мектептер бөлімінде меңгеруші. 1930-31 жылдары ОАКУ-де оқумен қатар партия ұйымының хатшысы. 1931-32 жылдары ОАКУ аспирантурасының меңгерушісі. 1932 жылдың қыркүйек-қараша айларында Мәскеудегі Қызыл профессура институтының тыңдаушысы (бітірмеген). 1932-33 жылдары Бүкілодақтық коммунистік-большевиктік партияның Орталық Комитетінде халық ағарту және аз ұлттар секторының меңгерушісі. 1933 жылы Өзбекстан Орталық Комитеті Қарақалпақ обкомына мәдениет және ленинизмді насихаттау бөлімінің меңгерушісі болып барады. Осы қызметте жүргенде 1938 жылдың 12 қыркүйегінде ұсталып, атылған.

Айнамхаттың жары Зейнеп Гайнутдин қызының ұлты татар, Ресейдің Рязань облысындағы татар деревнясының тумасы. Бұл екі адам Ташкентте ОАКУ-де бірге оқып жүріп танысып, шаңырақ көтереді. Бүгінде Айнамхаттан қалған жалғыз тұяқ – Римма апай Алматы қаласында тұрады. Орыс тілінің маманы, филология ғылымдарының кандидаты. Айнамхаттан Ренат атты бір ұл болған екен, бірақ жастай шетінеп кетіпті.


                                                                 Сәлемхаттың жары Шәмтай Есірова

Сәлемхат Күленовтың отбасы. Солдан оңға қарай: зайыбы Шәмтай Есірова, балалары – Шахат (1937 ж.), Махат (1935 ж.), қызы Клара (1933 ж.), Ахат (1932 ж.).

Пікірлер