«Бәрі хиджаб пен ниқаб киюі керек» деген талап Ата заңымызға қайшы — депутат

2519
Adyrna.kz Telegram
Сурет: aikyn.kz
Сурет: aikyn.kz

Депутат Нұртөре Жүсіп Сенаттың жалпы отырысында қоғамды жат діни ағымдардан ықпалынан сақтау керектігін айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі baq.kz-ке сілтеме жасап.

«Рас, Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Конституцияға сәйкес бізде ар-ождан бостандығы бар. Иман – жүректе. Ізгілік – тілекте. Азамат қай дінді ұстанады? Оның сенім–нанымы қандай? Әркімнің өз еркі. Бұған Ата заңда кепілдік берілген.

Бірақ солай екен деп өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды ала тайдай бүлдіруге, өз діни ұстанымын өзгеге таңуға, топ құрып, жік-жікке бөлінуге жол беруге болмайды. «Домбыра – харам, сәлем салу – харам, елдің бәрі хиджаб пен ниқаб киюі керек» деген талаптар Конституциямызға қайшы келеді. Өркениет көшін бастап келе жатқан мемлекеттер қайда? Біз қайдамыз? Озық жұрт қазір Жасанды интелектпен, технологиялық жетістіктермен айналысып жатқанда біз елімізді орта ғасырдағы деңгейге сүйремекпіз бе?»—деді сенатор.

Нұртөре Жүсіп елімізде дінге қызығушылардың орташа жас мөлшері жасарып келетінін атап өтті.

«Біздің ата салтымыз бар. Халықтық қалпымыз бар. Қанша дәуірден бері қалыптасқан Ұлттық құндылықтарымыз бар. Солардың бәрін тәрк етеміз бе? Ата дінімізді ардақтаудың, салт-дәстүрімізді сақтаудың орнына бүкіл қоғам болып өзге ағымдардың жетегінде кетеміз бе? Мәселе дабыл қағарлық деңгейге жетті. Елімізде дінге қызығушылардың орташа жас мөлшері жасарып келеді. Бейресми деректерге сәйкес діни білім ізденушілердің 75%–ы ашық интернет ресурстарды пайдаланады. Өз кезегінде деструктивті күштер ақпараттық кеңістіктің барлық мүмкіндіктерін өз қызметінде оңтайлы пайдаланып отыр. Бүгінгі таңда ашық интернет ресурстар арқылы, ислам дінінің кейбір ұстанымдарын алға тартып, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаруға тырысқан контенттер көбейді»,—деп түсіндірді ол.

Айтуынша, халықты жат діни ағымдардан арашалап алуға көмек көрсететін сауатты теологтар мен имамдар тапшы.

«Елімізде имамдарды дайындайтын 9 медресе мен бір ғана университет жұмыс жасайды (Нұр-Мүбарак). Нәтижесінде Иордания, Египет, Түркия, Сауд Арабиясы және тағы басқа шетелдерден бейресми өз бетімен барып оқып жатқан азаматтар аз емес. Олардың білімінің иделогиялық бағыты мен дәстүрлі дінімізге сәйкестігі сұрақ тудырады. Шетелдерден өз бетінше діни білім оқып келіп жатқан азаматтарды, қайта даярлықтан өткізетін және дипломдарын аккредитациялайтын ұлттық дәстурге негізделген орталық құруды және де Үкімет, бұл өзекті мәселелерді қатаң бақылауда ұстауы керек»,—деп түйіндеді депутат.

Пікірлер