12 қыркүйек күні Адырна ұлттық порталында «Ақтөбе облысының Полиция департаменті 2 млн 544 мың 642 теңгеге үш есік жасатпақ» деген материал жарық көрген еді. Сол мақалаға қатысты Ақтөбе облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Азамат Сатыбалдин пікір білдірді, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы.
«Ақтөбе облысының Полиция департаменті (ПД) 2 млн 544 мың 642 теңгеге үш есік жасатпақ» деген материал жарияланғаннан соң, тілшіміз Полиция департаментіне: «Жалпы құны 2 544 642 мың теңгеге бағаланған үш есік қандай қажеттіліктен орнатылды?, Облыстық Полиция департаментінің бұрынғы есіктері қайда?, Ескі есіктер не себепті жарамсыз деп танылды? деген сұрақтар жолдаған болатын.
Тілшіміз жолдаған сауалдарға Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Азамат Құрмантайұлы Сатыбалдин өте қысқа, әрі жаңылтпаш секілді түсініксіз мәтінмен жауап беріпті.
Қараңыз:
«Ақтөбе облысы полиция Департаментінің кейбір қызметтік бөлмелерінде бұрын есіктер болмауына және стандартты есіктер орнату мүмкіндігі болмаған себебінде оларды жасату қажеттілігі туындаған. Сол себептен Ақтөбе облысы полиция Департаменті есіктерді жасату және қондыру туралы конкурсты ашық қолжетімділігі бар Мемлекеттік сатып алу порталында (әрі қарай - портал) жариялады».
Мәтіннен аңғарғанымыз 2 544 642 теңгеге департаменттің сыртқы емес, ішкі қызметтік бөлмелеріне есік орнатылған. Демек, бұған дейін жазғанымыздай бірінші есіктің құны - 1 071 428, екінші есік - 821 428, үшінші есік 651 785 теңгеге бағаланған.
Ресми жауапта департамент ішіндегі қызметтік бөлмелердің есігі болмағаны анық айтылып тұр. Бұрын есігі жоқ бөлмеге жалпы құны 651 785 мыңнан басталып, 1 071 428 теңгеге дейін жететін есіктер не себепті қажет бола қалды? Жай ғана қызметтік бөлмелерге миллион теңгелік есік орнату қаншалықты ақылға сияды?
«Қару-жарақ сақталатын бөлмеге есік орнату қажеттілігі туындады» десе түсінер едік. Полиция қызметкерлері отыратын үш қана қызметтік бөлмеге екі миллионнан аса қаржыны жұмсау күдік тудырмай ма?
Ресми жауапта «стандартты есіктер орнату мүмкіндігі болмаған» деген сырғытпа тіркес жүр. Облыстық полиция департаменті «стандартты есік орнату мүмкін емес» деп, мемлекет ақшасын оңды-солды шаша бере ме?
Қанат Бірлікұлы
Адырна ұлттық порталы