БЕКЖАН ТҰРЫС: “Қазақстанның Халық артисі” деген атаққа Әбиірбек Тінәлиев лайық.

1592
Adyrna.kz Telegram

Өзі өмір сүріп отырған кезеңдегі келеңсіздікке азамат ретінде үн қатқан және өзі өнер адамы болғандықтан қазақ қоғамына кереғар оқиғаның бәріне әндері арқылы қарсылық таныта білген адамды білесіздер ме?

Білеміз, бірақ іздей бермейміз. Ұмытып кеткенбіз.

Үлкен сарайларда жылына қаншама концерт қойылса да, оны сахнадан көрмейміз. Телеарналардан да солай… Ал шындап келгенде Мұқағали болып Фариза ақынға мұң шаққан, желтоқсан желінің ызғарын да, ана тілінің айбынын да өзгеше сезініп, әлдиімен нәресте Толғанаймен сырласқан әнші Әбиірбекті, композитор Тінәлиевті іздеуіміз керек еді. “Қазақстанның Халық артисі атағы қайта берілетін болды” деген әңгіме шыққанда Әбиірбек бейнесі көлбең ете қалғаны рас.

Өнер – табиғат. Ол да көктейді. Бүршік атады. Ол баптағанға байланысты. Бағбанның пейіліне, күтушінің көңіліне тәуелді. Ұлы өнерді жасайтындар да - солай, елінің ескергенін, еңбегінің еленгенін қалайды. Бірақ өздігінен өзеуреп алға ентелемейді. Ешқашан… Мен оның әндерінің “шаң басқан архивтерде” қалмайтынын білем, өйткені жылда желтоқсан айының бір күнінде “Желтоқсан желі” әр қазақтың ішіне “кіріп” бойын жылытып, рух сыйлап өтеді. Сахналардан көрінбей-ақ, қалың көрерменнің алдына шықпай-ақ ӘН болып оралады. 37 жылдан бері солай!

Ендеше, “Қазақстанның Халық артисі” деген атаққа Әбиірбек Тінәлиев лайық. Ал аталмыш атаққа киелі сахнаны аяғымен әбден былғап, аузымен әбден ластап өнердің қадірін кетіріп, құтын қашырғандарды жолатпаған жөн. Беті жылтырап экраннан түспейтіндерді емес, тасада қалған Әбиірбектей дарындардың шығармашылығын бағалап, марапаттайық. Талантсыздарды тұсауламасақ, тұлпар мен есектің қатар тұрғаны көрер көзге де сүйкімсіз көрінетіні белгілі. Ендігі жерде өнер адамдары соған абай болуымыз керек. Арсыздарға бәрібір болғанымен арлы адамдар биікке ұмтылатын да кез жетті. Ессіздер алға шығып, естілер кейін қалған кезеңді артқа тастар уақыт келді ғой деп ойлаймын.

 

Бекжан Тұрыс

 

 

 

Пікірлер