Димитарды "Ертіс" кетірді ме?

2272
Adyrna.kz Telegram

Биыл "Ертіс" тасымады. Былтыр да тасығаны шамалы. Былтыр демекші, антирекордтың бәрін бұзып, үйде де, түзде де оңбай жеңілген команданы шілде айында Димитар қабылдап алған еді. Жанкүйерлер құтқарушы келгендей әуежайдан таңғы 5-те үлкен қуанышпен, зор салтанатпен  күтіп алған болатын. "Херо" жағдайы мүшкіл клубты әупірімдеп Премьер-Лигада сақтап қалды.

Биылғы маусымға тамаша дайындықпен келгенін айтқан болатын Димитров. Сөзінің дәлеліндей құрама қатарына Каньяс, Хиди, Парагулгов сынды шебер ойыншыларды тарта білді. Алғашқы турда ұтылғанымен келесі ойында жеңіп, өзіндік ойын өрнегін қалыптастыра бастаған. ҚР Кубогының ширек финалына да жетті. Бірақ, соңғы төрт тур қатарынан жеңілістің кермек дәмін татуда. Өз қақпасына тоғыз гол жіберіп, қарсыластарына 4 ойында бір гол да (!) соға алмаған "Ертістің" бұндай дәрменсіз күйін керекуліктер көрмеген шығар. Жанкүйерлер футболшыларды бас бапкерді кетіру үшін жасап жатқан амалы деп кінәлауда. Нустың кезінде 4-5 голмен жеңілсе де, қарсы қақпаға 1-2 гол соғатын еді. Білетіндер басшылық пен бапкердің арасында қара мысық жүгіріп өткен дейді. Бұрын Павлодардың орталық стадионын толтырып отыратын жергілікті жанкүйерлер қазір екі-үш секторды әрең толтыруда. Басшылықпен бапкер, бапкермен футболшылар тіл табыса алмаған соң нәтиже жоғы өзінен өзі түсінікті.

Осы сөзіміздің дәлеліндей кешегі "Жетісумен" өткен ойында Димитров стадиондағы бас бапкерлік орынында болмаған. Оның орнына бас бапкердің міндетін атқарушы болып қақпашылар бапкері Андрей Ненашев шықты. Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында  Ненашев "Димитар қайда?" деген сұраққа не деп жауап берерін де білмеді. «Мен білмеймін». Бар айтқаны осы.

Артынан белгілі болғанындай Димитар Димитров пен оның Болгариядан келген екі көмекшісі  Георгий Чиликов және Петар Колевті стадион күзетшілері кіргізбеген. Не үшін деген сұрағына басшылықтың нұсқауы солай депті.

Ал, бүгін клуб басшылығы бас бапкерді шақырып алып, кеше неге жұмыста болмағанын сұраған! Парадокс! Сөйтіп, Димитровпен және көмекшілерімен келісімшартты біржақты үзетіндіктерін клубтың заңгері жеткізген.

Біз осы сұрақпен "Ертістің" баспасөз қызметіне хабарласқан едік. Димитровпен клуб ресми түрде келісім-шартты үзбегенін жеткізді. Ал, Димитардың телефонына хабарласу мүмкін болмады. Еліміздегі ең көп жүлде алған даңқты клубтың жанкүйерлері клуб басшылығынан жағдайды тұрақтандыруды талап етуде.

Димитар Димитров бапкер ретіндегі жетістіктері.

«Нефтохимик»
Болгарияның вице-чемпионы: 1996/97
ПФЛ кубогының жеңімпазы: 1996, 1997

"Литекс"
Болгария чемпионы: 1997/98

"Левски"
Болгария чемпионы: 1999/00

«Ертіс»
Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері: 2016

«Лудогорец»
Болгария чемпионы: 2017/18

Сондай-ақ арабиялық Аль-Наср" мен ресейлік "Амкар", болгариялық "Черноморец", "Ботев" клубтарында қызмет етті.

Бургас және Павлодар қаласының құрметті азаматы.

Оңғар Қабден

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер