Заманауи қазақ әдеби тілінің тұжырымдамасы

2588
Adyrna.kz Telegram

«Тіл-Альянс» клубы жұмысының аясында әзірлеген – Қанағат Жүкешев, философия ғылымдарының кандидаты

КІРІСПЕ

Қазақ тiлiн индустриялы қоғамда қызмет ететін мемлекеттік тіл сапасында дамыту тұжырымдамасы (бұдан ары - Тұжырымдама) Қазақстан Республикасының Конституциясына, “Қазақстан Республикасындағы тiлдер туралы” Заңға сәйкестендіріліп әзірленді.

Тұжырымдама Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын жүзеге асыру жолдарын көрсететін ғылыми құжат болып табылады. Онда Қазақстан кеңістігіне кіріккен және тұлға мен қоғам талабын қанағаттандыратын, нормаланған әдеби тілдің моделін жасауға мүмкіндік беретін мемлекеттік тілді дамытудың стратегиялық басымдықтары айқындалады.

Тұжырымдама «Комитет-50» қоғамдық ұйымының жанында әрекет ететін ынталы топ жүргізген әлеуметтік-лингвистикалық зерттеулердің нәтижелеріне сүйеніп жасалды.  

* * *

ТҰЖЫРЫМДАМАНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ

Кіріспе

І Қазiргi қазақ тiлi:

ағымдағы жағдайы; тарихи даму үрдiсiндегі қазақ тілі; басты қайшылықтары; тіл дағдарысы және оның себептері; тіл контентіне сұраныс; тіл білу деген не? қазақ тілін үйренуге қажеттілік тудыру; тіл философиясы.

ІІ Тұжырымдаманың мақсаты.

ІІІ Қазақ тілін мемлекеттік мәртебесіне сай,

перспективалы дамыту парадигмасы

Қазақ тілін дамытудың аяқалысына сипаттама. Қазақ тілін дамытудың жаңа парадигмасы.

IV Қазақ тілінің және тілді қолданушылардың мәртебелік жағдайы

V Жалпыхалықтық тіл және Әдеби тіл: критерийлер мен талаптар

Жалпыхалықтық тіл және әдеби тіл. Әдеби тілдің дефинициясы

Тілді өзінің iшкi заңдылықтарына сай жетiлдiру және индустриялы қоғамға бейiмдеу (тіл онтологиясы)

VI Әдеби нормаланған тiлді сыртқы өмiрмен кiрiктiре дамыту

(тіл философиясы)

Тіл үйренушілердің көркем мәдениетке сұранысы.Білім мазмұнын өзектілендіру.Қазақ тiлiндегi бұқаралық ақпарат. Тілді дамытудағы субъективті фактордың рөлі.

7 Тіл үйренудің кейбір әдіснамалық мәселелері

Тілдің онтологиялық мәселелерін шешу.Тіл стандарты. Корпустық саралау әдістемесі

8. Тұжырымдаманың iске асырылу жағдайлары

І ҚАЗIРГI ҚАЗАҚ ТIЛI:

1.1 Қазақ тілінің ағымдағы жағдайы

Қазақстан Республикасы мемлекеттiк тәуелсіздiгiн жариялаған кезден бастап қоғамның рухани дамуының басым бағыттарының бiрi ретiнде өзiнiң тiл саясатын жүргізіп келедi. 1989 жылы «Қазақстан Республикасының тілдер туралы» заңы қабылданды, қазақ тілі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» мәртебесін иеленді. 1995 жылы қабылданған конституцияның 7-бабында «мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайтыны» және «Мемлекеттік ұйымдарда және өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны» заңдастырылды (1).

Мемлекеттік тілді дамыту мен қолданудың кешендi шаралары белгiлендi. Ұзақ мерзімді бағдарламалар жасалып, ол кезеңдерде қазақ тілін меңгерген тұрғындар үлесі көрсетілген жоспарлар қабылданып жатты. Алайда, межеленген нәтижелердің  ешқайсысына қол жеткізу мүмкіндігі болмады.

Қазiр Қазақстан Республикасы тiл саясатын өмiр жүзiне асырудың жаңа белесiне – толығымен мемлекеттiк тiлде iс жүргiзуге көшуге аяқ артуда. Алайда бұл жұмыстардың нәтижелерi мемлекеттік тілді дамыту талабын қанағаттандыра алмай отыр. Қазақ тiлi заңды түрде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi бола тұра, iс жүзiнде қазақ ұлты өкiлдерiнiң өздерiнiң маңыз аларлық бөлiгi меңгермеген, ал  автохтонды емес ұлттар өкiлдерi дерлiктей сөйлемейтін тiл күйінде қалып отыр. Тiлді мемлекеттік мәртебесіне мүмкін болар деңгейде сәйкестендіре дамытуды көздеген саяси-идеологиялық, әкiмшiлiк шаралардың жүргiзiлiп жатқанына қарамастан, бұл бағытта әлi тұшымды жетiстiктерге қол жеткiзудің орайы келмеді.

* * *

1.2 Тарихи даму үдерісіндегі тілдің жағдайы

Қазақ тiлi XIX ғасырдың ортасына дейiн қазақ қоғамымен бiртұтастықта, оның аграрлық укладты шаруашылығына сәйкестікте болды. Тілдің жағдайының нашарлауы Қазақстанға индустриялы қоғамның тілі – орыс тiлiнiң таралуымен байланысты көрініс берді. Тәуелділік жағдайында орыс тілінің қызмет етуіне толық жол ашылуы қазақ тiлiнiң өмiр сүру ареалын тарылтумен қатар және пәрмендi жүргiзiлдi. Бұрынғы Кеңестер Одағында XX ғасырдың үшінші онжылдығында халық шаруашылығын индустрияландыру науқаны басталғанда қазақ тілі өркениеттің жоғарғы баспалдағына аттаған төл қоғамынан қара үзіп қалды. Индустриялы қоғамда iс жүргiзуден шеттетiлген тілдің әрекет аясы тарылды: өнеркәсiпте, ғылым мен техникада мүлдем қолданылмайтын, саясат, мәдениет, бiлiм салаларында iшiнара ғана қолданылатын тiлге айналды.

Бірінші тарихи экскурс. Кеңестік кезең:

1961 жылы Кеңес билеушілері ұлт саясатындағы жаңа бағытын айқындады. Компартияның XXII съезінде «Адамдардың жаңа қауымдастығы – кеңес халқы» қалыптасқаны жарияланды. «Кеңес адамдары бір тілде сөйлеуі керек» (2) деген бағдар ұсталатын болды. Қазақ тілінің «перспективасы жоқ» деп танылды. Оны ұлт зиялысы мойындады. Осыған орай, қазақ филологтары компартияның тілдерді жою саясатын жүзеге асыруға белсене араласты.

Қазақ тілінің дамуына толып жатқан тосқауыл шаралары ұйымдастырылды: сөздіктер орыс тілін үйренуді оңайлататын, қазақ тілін үйренуді қиындататын әдістемемен құрастырылды. Аббревиатуралар тек орыс тіліндегі нұсқадан алынатын болды. Терминдерді аударуға рұқсат етілмеді. Ғылым Академиясында қазақ тілінің сөздік қорын жинауға тиым салынды. Тілді мемлекеттік іс басқаруда, экономикалық айналыста, өндірісте қолдануға тосқауыл қойылды. Қазақ тілінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмейтін болды. Таза қазақтар қоныстанған мал шаруашылықты аудандарда іс орыс тілінде жүрді. Тілдің дамуы стихиялы ағысқа жіберілді. Осылардың бәрін кеңес қазақ филологтары терең ғылыми зертеулер жүргізе отырып, өз қолдарымен жүзеге асырды.

Кеңес-қазақ филологтары тілдерді жою саясаты астарында ана тілін қоғамнан ығыстырып тастауды діттеген ойлар мен идеяларға толы еңбектер жазды. «Зерттеулерінің» мазмұны мен идеялық бағдарлары компартияның тілдерді жою саясаты үшін құптарлық, ал қазақ тілінің перспективасы үшін залалды болды. Оларда ана тілін дамытуға септігі тиетін, рационал дәні бар ештеңе болған жоқ, болуы мүмкін емес болатын.

Екінші тарихи экскурс. Тәуелсіздік кезеңі:

Қазақ еліне тәуелсіздіктің келуімен, рухани дамудың барлық бағыттары бойынша жаңа серпілістерге жол ашылды. Кеңес кезінде экономикалық айналыстан шығарылып, тұрмыс аясындағы стихиялық ағыста, аномалияға малшынып, шектеліп қалған тілді мемлекеттік мәртебесіне сай, ресми іс жүргізуге дайындау қажеттігі туды.

Алайда, осы кезде қарапайым логикаға сыймайтын, нонсенстік ахуал орнады: отандық филологтар кеңес кезінде басталған, қазақ тілін жою стратегиясын қайта қарамады, тілді перспективалы дамытуға жібермеуәрекеттерінен бас тартпады. Олардың ғылыммен де, мораль максималарымен де үйлеспейтін, ұлт мүддесіне қайшы әрекеттері саяси-құқықтық тұрғылардан объективті бағаланбады.

Кеңестік тіл саясатын жүзеге асырысқан аға буын әріптестерінің «еңбектерін жоққа шығармайтынын», ана тілін айналыстан аластап, өз қолдарымен тығырыққа тіреу бағытынан таймайтындықтарын ашық жариялап, ұлтқа қауіп төндіру ретінде бағаланатын әрекеттерін жалғастыра берді. Осылай, қазақ лингвистика ғылымының өзі біртіндеп қазақ тiлiн дамыту үдерiсiндегi тежегiш факторға айналып алды.

* * *

1.3 Қазақ тiлiнiң даму үдерісіндегі басты қайшылық

Қазақ тiлiнiң ауқымды дағдарысының орын алуы қоғам мен тілдің өркениет дамуының түрлі баспалдақтарында қалып қоюынан туындаған қайшылықтармен түсіндіріледі. Қазақстан қоғамы дамудың индустриялы басқышына аттағанда, қазақ тiлi аграрлық укладты қоғамның тiлiне тән сипаттарымен қалып қойды. Қазақ тiлiн шарпыған терең дағдарыстың субстанциялық себебі осыдан – қоғам мен тiлдiң даму сатысының түрлі басқыштарында қалып қоюынан туындаған деидентификациядан бастау алады.

Қазақтілді (негізінен ауылдық) және орыстілді (негізінен қалалық) тұрғындардың интеллект деңгейлері бірдей емес, ойлау стильдері де әр түрлі бастаулардан алынған семантикалық жүйенің мазмұнымен айқындалады, мәдениеттері де басқа. Орыстілді субъекттің қазақтілді контентті қабылдамауының, тиісінше, қазақ тіліне қызығушылық танытпауының себебі де осымен түсіндіріледі. Белгілі бір ауқымды мәселені шешуге келгенде екі референттік топтың дүниетанымдарындағы алшақтық оларды баррикаданың қарама-қарсы жақтарына топтасуға итермелейді.

* * *

1.4 Тiл дағдарысы және оның себептері.

А. Дағдарыстың объективтi себебі: қазiргi қазақ тiлiнiң лексикалық ресурсы, бiр жағынан, ауыл шаруашылығын, соның iшiнде мал шаруашылығын, шаруа тұрмысын сипаттайтын сөздерге жетерлік болғанымен, екiншi жағынан, ресми ақпаратты, өнеркәсiпті, өндіріс технологиясын, қала өмірін бейнелейтін лексиканың тапшылығымен сипатталады. Ғылым, техника, технология салаларындағы жағдайды айтпағанның өзінде, кәдімгі қала пәтеріндегі немесе офистегі күнделікті қолданыстағы заттардың қазақша атаулары орныққан жоқ. Индустриялы қоғам шынайылығын сипаттауға, ресми аяларда қолданылатын ақпараттарды жеткізуге қазақ тілінің репрезентативтік әлеуеті мен қолдану практикасы жетпейді.

«Қазақ тілінің лексикасы бай» деген констатация нағыздыққа сай келмейді. Жалпыхалықтық тіл лексикасы мейілінше толық қамтылған 15 томдық «Қазақ әдеби тiлiнiң сөздiгiндегі» (3) көлемге объективті сапалық сипаттама жасау арқылы қазіргі қазақ тілінің байлығы туралы сындарлы пікір айтуға болады.

Ғылыми анықтама:

15 томнан тұратын «Қазақ әдеби тiлiнiң сөздiгi» «92300-ден астам атау сөздерден, 57800-ге жуық тұрақты тіркестен тұратын корпусты қамтиды» (4: 819).

Қазіргі қазақ тілінің есепке алынған лексика көлемі осы. Бұл қамтудың ⅓ бөлігі эквивалентсіз лексикадан тұрады. Үшке бөлгендегі келесі бөлігі бірмағыналы, көптұлғалы сөздерден тұрады. Оларды енгізу арқылы абсолюттік мөлшер жасанды көбейтілген. Тұрақты тұлғада тұрып, нақты бір мағына беретін, таза қазақ сөздері аталған көлемнің мөлшермен қалған ⅓-н ғана құрайды.

* * *

Ә. Тiл дағдарысының субъективті себептері: Дүниежүзілік тенденциялардан жырақ қалу. Қазақтілді филологияда ғылыми зерттеу бағытының үнемі теріс ағысқа түсіп кетуі орын алды. Салада тіл, уақыт, қоғамның дамуы арасындағы детерминациялық қатынастардың байыбына бара алатын зерттеуші болмады. Әдеби тілдің пайда болу мүмкіндігі мен тарихи алғышарттары ескерілмеді, пәнаралық филиациялар шетке ысырылып қалды, тілдің дамуына кесірін тигізетін қорытындылар орнықты. «Әдеби тіл дегеніміз көркем әдебиеттің тілі» деген қате түсінік қазірге дейін үстемдік құруда.

Дүниежүзілік тенденциялардан жырақ қалған қазақ филологтары зерттеулерінде озық лингвистикаларда қолданылатын ғылыми аппаратты қолдануды білмеді, «әдеби тіл», «жалпыхалықтық тіл» ұғымдарының мағынасын түсінбей қолдануды әдетке айналдырды. Тіл стандарты, әдеби норма, әдеби тіл корпусы, тіл орнықтылығы (стабильность языка), тұлғалық орнықтылық (план выражения), мағыналық орнықтылық (план содержания), синтаксистік сәйкестілік, семантикалық сәйкестілік, тілдің репрезентативтік қабілеті, денотат, сигнификат,.. т.б. филологиядағы орталық ұғымдарды ешкім естіп көрмегені айқындалды. Аталған ғылыми аппараттардың мағыналарының тәпсірі еш жерде ұшыраспайды.

Стилистика ұғымы кеңес дәуірінің оқулықтарында қате түсіндіріліп келген болатын. Қазір оқушылар мен студенттерге арналған оқулықтарда да бұл категорияның айқындамасы шала, қолданылу үлгілері, практикалық жаттығулары жоқ. Орта мектепке және ЖОО-ларға арналған оқулықтардың, оқу және әдістемелік құралдардың басым көпшілігінің мәтіндері оқушы түсіне алатындай емес.

Кез келген қоғамдық құбылыс өзінен өзі пайда бола салмайды. Ғылыми зерттеулерде кең қолданылатын себеп-салдарлық байланыс отандық филологияда әмбебап әдіснама ретінде қаперге алынбаған. Соның салдарынан, құбылысты тудыратын алғышарттар ескерілмей, әдеби тілдің пайда болу уақыты қате көрсетіліп, сала түгелдей ахрониялық адасуға тап болып оыр.

Әдеби нормаланған тілге сұраныс қоғам экономикалық-формациялық дамудың индустриялы басқышына көтерілгенде ғана пайда болады. Нақтылай айтқанда, әдеби тілдің қалыптасуы тауар өндірісі жолға қойылып, нарықтық қатынастар орнығып, құқықтық мемлекет пайда болуынан бастау алады. Ресейде бұл үдеріс XIX ғасырдың 30 жылдарынан, өнеркәсіп төңкерісінің жүзеге асырылуынан басталды (5: 532).

Қазақстанда әдеби нормаланған тілге қажеттілік тудырған алғышарттар – тауар өндірісін жолға қою мен құқықтық мемлекет орнату керектігі ел тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана пайда болды. Бұл тренд 90-жылдары ғана күн тәртібіне ене бастады. Алайда, индустриялы қоғамда қызмет ететін әдеби тілді дамытудың керектігін отандық филологтардың түсіне алмағандығынан, іс әлі дұрыс жолға қойылмай келеді.

* * *

Кеңес қазақ филологтары шығармашылықпен еңбек етіп, ана тілінің перспективалы дамуына жол бермейтін, пәрменді әдіснамалар ойлап тауып, билікке ұсынып отырды. Компартияның тілдерді жою саясаты астарында, қазақ тілін алға бастырмау үшін қолданылған ғылыми дәйекті әдіснама ретінде олар тілді экономикалық айналыстан аулақ ұстап, өзінің тар өмірлік ареалында, стихиялы ағысқа жіберудіұсынды. Сауатсыз шаруаның бақылаудан тыс, қате қолданыстарын түзеттірмей, бейпіл ағысқа жібергенде, тіл біртіндеп аномалияға малшынып, бір кезде мүлдем ақпарат алмасуға жарамай, өзінен өзі айналыстан шығып қалады. Кеңес қазақ филологтарының кәсіпқойлықтың жоғары деңгейін көрсете отырып, өзінің ана тілін тұншықтыру үшін, ойлап тапқан пәрменді әрекеттерінің бірі және бірегейі осы болды.

Ауыл тілі аномалиясының тұрпатты формалары

Пунктирлік формада көрініс беретін синтаксистік қателер:  мәтін құрауда бастауыш-баяндауыш жүйесі бұзылуы: ақпарат берушінің сөйлемінде тұрлаулы-тұрлаусыз мүшелердің толықтығы ескерілмеуі; тіркестерді тізу, тоқтап қалу, сонан кейін, алдыңғы тіркесіне байланыссыз өзге тіркеске ауыса салу; гипербатизм; тұтығу; ыңқылдау;..

Семантикалық құрылымның бұзылуы: ұғымдарды, тіркестерді шатастыру; ойды бұрмалау: түсініксіз, алогиялық бірліктер; аграмматизм; амфиболия; паразиттік сөздер; будандар; тавтологиялар; аффикстердің сөздерге дұрыс қосылмауы; күрделі редупликациялық құрылымдар; гибридтік түзілімдер; конфликтогендер; зоонимикалық қаратулар; коллоквиализмдер;..

Стилистикалық қойыртпақтың мөлшері теледидар арқылы сөйлеп жүргендердің, журналистер мен филологтардың беріп отырған ақпарат көлемінің маңызды бөлігін қамтиды. Орта мектепке және ЖОО-ларға арналған оқулықтардың, оқу және әдістемелік құралдардың басым көпшілігінің мәтіндері оқушы түсіне алмайтындай, жалпақ тіл стилінде құрылған сөйлемдерден тұрады. Аномалияға малшынған ауыл тілімен ресми ақпаратты жеткізу мүмкін болмайтын күйге ұшырап отырмыз.

* * *

1.5 Қазақ тілінің контентіне сұраныс кемшіндігі

Негiзгi арналар арқылы бұқараға таралатын қазақ тiлi контентінің сапалық деңгейі төмендегiдей:

1.5.а қазақ тiлiнде жасалып жатқан көркем мәдениет, тіл лексикасының аграрлы сипатының салдары болып табылатын, агротропты мазмұнымен ерекшеленедi. Қазақ жазушыларының қолынан шыққан көркем туындылардың тақырыбы шектеулi, өзектiлігі кемшін, көркемдiк орындалу деңгейi төмен, бәсекеге қабiлетсiз. Ауыл өмірін, ұлт тарихының қайғылы оқиғаларын сипаттаған туындылар, оларда сомдалған «ұнамды» қаһармандардың бейнелерi заманауи оқырмандарды қызықтырмайды. Қазақ жазушыларының ауылға шақырушы ұрандары мен ауылды әспеттеген идеяларын индустриялы қоғам өкiлi түсiнбейдi, оларды оқуға мүдделiлiк танытпайды;

1.5.ә қазақ тілінде сабақ оқытылатын жоғары және орта мектептегі білім мазмұнында көркем өнердегі негiзгi тақырып пен идея қайталанады. Қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша бiлiм алушыға отарда болған халықтың басынан өткен нәубеттердi – жеңілістi, шетке қашуды, репрессияларды, ашаршылықтан қырылуды, әлеуметтік аурулардың таралуын, сауатсыздықтың меңдеуiн, мәдениеттен жырақ қалуды,.. сипаттайтын материалдар талғамсыз, ұстанымсыз және молынан ұсынылады. Бiлiм мазмұнындағы негативизм оқушыны отанға деген сүйiспеншiлiкке тәрбиелемейдi, керiсiнше, оны өзiнiкiнен, қазақтiкiнен, қазақшамен ассоциацияланатынның бәрiнен аулақтатып отыр;

1.5.б Қазіргі уақытқа дейін, қазақ тiлiндегi бұқаралық ақпарат құралдары қатаң цензура жағдайында шектеулi ақпарат қана беріп енгізілді; өзектi идеяларымен және ұстанымды тұрғыларымен оқырманның қызығушылығын тудыра алмады; таптаурындар мен үрдiстiлiктен шыға алмады, ынтасыздық көрсетті. Тәуелсіз басылымдар қоғамда болып жатқан маңызды оқиғалар мен құбылыстарға қатысты өзiндiк көзқарасын білдіре алғанымен, идеялық бағыттық қателерге және мазмұндық жағынан пайдасыз материалдарға көп орын береді. Қазақ тележурналистерiнің тындырып жүргендері нағыз нонсенс деуге тұрарлық: қазақ тiлiнде ақпарат таратуға берiлген уақытты рухани құндылық бола алатын, рентабельдi бағдарламалармен қамтамасыз ете алмай, ауылдан келген орындаушылардың сапасыз концерттерін, ескi фильмдердi, шетелдік сапасыз сериалдарды түн бойы қайталап берумен толтырып жүр.

* * *

1.6. Қазақ тілін кім біледі?

Құбылыстың мәнін түсіну үшін алдымен тіл білу дегеннің не екенін түсініп алу керек.

Қазақ тілінде көпшілікке арналып ақпарат беріліп жатыр, көркем шығармалар басылып, монографиялар жазылып, диссертациялар қорғалып жатыр. Мектеп қазақ тілінде білім беріп жатыр,.. Осылардың бәрі қазақ тілінің өз қызметін атқарып жатқанын және бұл тілді білетін адамдардың бар екенін көрсетпей ме?

Көрсетпейді.

Өйткені, біріншіден, бұлар – қазақ тілінің аграрлы қоғам тілі сапасындағы қызметін көрсетіп тұр. Оның өзі индустриялы қоғамда инерциямен жалғас тауып отыр. Контентінің мазмұны әлеуметтік-саяси өмірдің кейбір элементтерін, ішінара тарихи оқиғаларды, өнерде, ауыл тұрмысында, отбасында болып жатқан көріністер мен үдерістерді сипаттаулардан тұрады. Адамдар түсінікті мәтінді, тұрмыстық стильде көпіртіп айтуды қазақ тілінде сөйлеудің үлгісі ретінде қабылдайды, «қазақ тілі бар, осылай сөйлеу керек» деп түсінеді. Шынайылығында, келтірілген презентация қоғамдық өмір панорамасының шағын ғана, тұрмысқа жақын бөлігін қамтиды. Мәселенің үлкені – қазақ тілінің мемлекеттік іс жүргізуде, халықаралық қатынастарда, қаржыда, ғылымда, техникада, технологияда, әркер ісінде,.. қолдануға дайындығының олқылығында болып отыр.

Екіншіден, қазақтілді контент тек жалпақ тіл стилінде (6), аномалияға тұншыққан формада беріледі.

Көпшілік әлеуметтік-тұрмыстық мәтінді жалпақ тіл стилінде көпіртуді тіл білу ретінде қабылдап алған. Енді осы көріністі жалпымемлекеттік деңгейге шығаруды талап етуде. Тек ауыл тұрмысында, аномалияға малшынған күйде, қолданылып келген тілді бірден мемлекеттік іс жүргізуде, ғылым мен технологияда трансгрессия әдіснамасымен, күрт көтеріп жіберу мүмкін емес.

Тұрмыстық мәтінді жалпақ тіл стилімен судырату тіл білгендікке жатпайды. «Тек ауызекі тілде жазу тіл білмегендікті айғақтайды» (7: 439).

Тіл білу дегеніміз әдеби тіл корпусындағы (ол корпус әлі жасақталған жоқ) әр лексикалық белгіні семиологиялық бірмәнділікте түсіне және қолдана отырып, ресми ақпаратты адекватты жеткізе білудеген сөз. Бұл талап әдеби нормалары қалыптасқан, мемлекеттік іс жүргізіліп жүрген тілдерге қатысты алғанда ғана орындалады. Ал тіл нормалары толық бірізділікке түсірілмеген, сөздіктерде міндеттілігі нұсқалмаған, орта және ЖОО-ларда оқытылмаған (қате оқытылған), тіл практикасында дұрыс сөйлеу талап етілмейтін жағдайда, адамдардың тілді жатық сөйлей алмауын қалыпты жағдай ретінде қабылдау керек.

Екінші қырынан алғанда, тіл білу деп адамның өзі қызмет істеп жүрген кәсіпорында, өзінің қызметтестері мен әріптестерінің санасына өндіріс үдерісіне қатысты айтар ойы мен идеясын жеткізе білуін айтамыз.

* * *

1.7 Қазақ тілін үйренуге қажеттілік

Қазақтілді филологияда тіл үйренуге қажеттілік тудыру мәселесі де үнемі теріс түсіндіріліп келеді. Істің байбына бара алмаған ұлт зиялысы Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 2-тармағын алып тастауды үнемі талап етіп келеді. Бұлар – ғылыми тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да сауатты талап бола алмайды. Ахуал қазақ тілінің іс жүзіндегі мәртебесімен түсіндіріледі (қар.: ІV тарау.).

Қазақ тілінің іс жүзіндегі мәртебесі – «аграрлы қоғамның тұрмыс аясында қолданылатын тіл» екендігі. Бұл констатация қазіргі таңда қазақ тілінде тұрмыстық мазмұндағы материалды жалпақ тіл стилінде, аномалияға шомылдыра жеткізетін адамдар ғана бар екенін айғақтайды. Демек, тілдің өзі, тұрмыс аясында ғана қолданылса – оның субъектілері де тек тұрмыс аясында ғана көпіретін адамдар болып шығады. Олардың арасында ресми ақпаратты жеткізе алатын адам жоқ деген сөз. Егер Конституцияның орыс тілі туралы тармағы алынып тасталса, «тіл білмегендігі» үшін жұмыстан гипотетикалық айырылатын адамдардың орындарына қоятын, «тілді әдеби нормаланған деңгейде білетін» ешкім табылмайды.

Тіл мәртебесі мен тіл субъектісінің мәртебесі параллель жүреді. Нормаланған әдеби тілде сөйлей алатын адам, тілдің өзі сол мәртебеге көтерілгенде ғана пайда болады.

Ақпараттық технологияның жетілген заманында Орыстілді бағдарламалардың жолын кесу арқылы қазақ тілін білуге қажеттілік тудыру мүмкін емес.

Ұлттың атрибуты ретіндегі тілге қажеттілік бұрын да болған, қазір де бар. Тек орыстілді азаматтар тарапынан қазақ тілінің контентіне мұқтаждық жоқ. Қазақ тілінде орындалғанның бәрі орыстілді тұрғындардың жүрегіне жол таба алмайды. Мәселенің шиеленістілігі осыдан көрініс береді. «Француз тілін үйренуге адамдар ол тілде оқуға татитын әдебиет болғандықтан құмар» (8: 248). Қазақ тілін үйренуге қажеттілік тудыратын, заманауи азаматтың талғамына татитын контент жоқ.

* * *

1.8 Тіл философиясы

Тұтас зерттеу қабаты – тіл философиясы қазірге дейін қазақ лингвистика ғылымының қаперінен тыс, зерттеушілердің аяғы жетпеген, ақтаңдақ күйінде қалып отыр. Тiл контентінің сапалық сипаттамалары да – тақырыбының өзектілігі, идеологиялық бағдары, ғылыми дәйектілігі және көркемдiк орындалу деңгейі сараланбады. Қазақ ғалымдары үшін олар маңызды емес, тілдің тағдырына қатыссыз болып көрінді. Тілдің қазiргi заманғы жоғары интеллектiлi, жанжақты мәдениеттi адамға етер ықпалына да назар аударылмады. Азаматтардың қазақ тiлiнде таралып жатқан материалдардың сапасына реакциясына, оның көрiнiсi болып табылатын амбиваленттік психологиялық күйіне сипаттама берілмеді. Жастардың ұлттық өнерден сырттап кету айғағына көңiл бөлінбеді, бұл құбылыстың себептерi ашылмады, бәрі олардағы патриотизмнiң кемшiндiгi деп түсіндірілді.

Оның есесіне, тіл мәселелерін шешуге қатысты, қазақ лингвистері түрлі авантюристік, волюнтаристік, көбінесе ғылыми-дәйексіз, эклектикалық ұсыныстарды алға тартты. Тіл мәртебесінің формалы жариялануының ешқандай келелі нәтижеге әкеле қоймайтынын аңғармады. Тілді баршаға меңгерту тек биліктің құзырында деген тұрғыны ұстанды. Биліктен ана тілін білмегендерді мемлекеттік қызметтен қуалауды, бұқараның тіл үйренуге мүдделілігін әкімшілік күштеу жолымен, жасанды жүзеге асыруды талап етті. Мәселенің бұлай қойылуының құқықтық, әлеуметтік, демографиялық салдарлары ескерілмеді.  

* * *

ІІ ТҰЖЫРЫМДАМАНЫҢ МАҚСАТЫ

Тұжырымдама қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде динамикалы, нысаналы және перспективалы дамыту жолдарын қарастырады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту стратегиясына сай, осы Тұжырымдама алдына қазақ тілін индустриялы қоғам жағдайында, мемлекеттік мәртебесіне сай қызметін толық атқара алатын, нормаланған әдеби тіл ретінде дамытудың ғылыми-теориялық және әдіснамалық негіздерін жасау мақсатын қояды.

* * *

ІІІ ҚАЗАҚ ТІЛІН МЕМЛЕКЕТТІК МӘРТЕБЕСІНЕ САЙ, ПЕРСПЕКТИВАЛЫ ДАМЫТУ ПАРАДИГМАСЫ

3.1 Қазақ тілін дамытудың барысына сипаттама

Отандық филология ғылымында бұған дейін белең алып келген түрткілер қазақ тілін мемлекеттік мәртебесіне сай қызметін атқара алатын деңгейге көтере алмады. Өйткені, тілді дамытудың ғылыми негізделген парадигмасы болмады.

Лингвистика ғылымының миссиясы тiлдің күйін тереңінен зерттей отырып, оны перспективалы дамытудың теориялық негіздері мен практикада қолдану әдіснамасын түзіп беру болып табылады. Алайда, қазақтілді филологияда ол бастан тiлді дамыту теориясы мен әдiснамасы дұрыс таңдалмады. Компартияның тілдерді жою саясатының астарында ана тілінің перспективалы дамуын болдырмаумен айналысқан отандық филологтар қазір де бұрынғы бағытынан айныған жоқ. Салада кезінде кеңестік тіл саясатына қызмет еткен, кертартпа мамандардың ықпалы басым. Академиялық мекемелерде лауазымды орындарда отырғандар ана тілін жоюға қатысқандардың кесірлі идеяларын «жоққа шығармайтындықтарын» қазірге дейін ашық мәлімдеп, бюджет қаражатын пайдаланып, ғылыми мекеменің шаңырағының астында, өз тілін өзі көктетпеудің шараларын жалғастырып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің тіл мәселесін «ғылыми жолмен», «реформалау және модернизациялау» арқылы шешу идеяларын қолдамай, саботаж жариялап отыр.

Ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі отыз екі жыл ішінде, отандық филологтардың шын пейілдерімен, тілдік үдерістерді басқаруда, қабылдап алған ұстанымдары осындай.

* * *

3.2 Қазақ тілін дамытудың жаңа парадигмасы

Қазақстан – демократиялық даму жолын қалап алған, дүниежүзілік өркениеттің тең құқықты мүшесі, зайырлы мемлекет. Ел экономикасын, әлеуметтік-саяси және мәдени дамуын жоғары дамыған Батыс елдерінің ғылымы мен тәжірибелерін ескере отырып ұйымдастырады.

Қазақ тілін дамыту Тұжырымдамасының мазмұны Президент Қ.-Ж. Тоқаевтің тіл мәселесіне «ғылыми тұрғыдан келу,.. қазақ тіліне реформа жасау,.. тілімізді модернизациялау керектігі», ол үшін «еуропа елдерінің тәжірибелеріне көңіл аудару қажеттігі» (9) жөнінде «Қоғамдық сенім кеңесінде» және одан өзге жерлерде айтып жүрген идеяларымен үндес.

Қазақ тілін дамытудың жаңа парадигмасы:

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРЛЫ, ДАМЫҒАН ЕЛДЕРДІҢ ЛИНГВИСТИКАЛАРЫНДА ҚОРЫТЫЛЫП ШЫҒАРЫЛҒАН, ТАРИХИ АҚТАЛҒАН, ӘМБЕБАП ТЕОРИЯЛАР МЕН ПРАКТИКАЛАР НЕГІЗІНДЕ, ҚАЗАҚ ТІЛІН ИНДУСТРИЯЛЫ ҚОҒАМ ЖАҒДАЙЫНДА, МЕМЛЕКЕТТІК МӘРТЕБЕСІНЕ САЙ ҚЫЗМЕТІН ТОЛЫҚ АТҚАРА АЛАТЫН, НОРМАЛАНҒАН ӘДЕБИ ТІЛ РЕТІНДЕ ДАМЫТУДЫҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІН ЖАСАУДЫ КӨЗДЕЙДІ.

 Қазақ тілін мемлекеттік мәртебесіне сай, перспективалы дамыту парадигмасы бойынша жобаланған жұмыстар төмендегi бағыттарды қамтиды:

а) қазақ тілінің және тілді қолданушылардың мәртебелік жағдайын айқындау;

ә) нормаланған әдеби тіл теориясын жасау, оның критерийлерін айқындау және оған қойылатын талаптарды саралау;

б) тiл грамматикасын оның өзiнiң iшкi заңдылықтарына сай жетiлдiру және оны индустриялы қоғамға бейiмдеу;

в) тiлдi сыртқы дүниемен кіріктіру;

г) әдеби тіл критерийлеріне сай даму жолына түскен қазақ тілін бұқараға меңгерту әдіснамасын жасау.

* * *

 IV ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖӘНЕ ТІЛДІ ҚОЛДАНУШЫЛАРДЫҢ МӘРТЕБЕЛІК ЖАҒДАЙЫ

Қазақ тілінің

1. жарияланған мәртебесі: қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі;

2. көздеген мәртебесі: қазақ тілі – индустриялы қоғамның нормаланған әдеби тілі.

3. іс жүзіндегі мәртебесі: қазақ тілі – аграрлы қоғамның тұрмыс аясында қолданылатын тілі;

Бірінші кезекте қазақ тілінің іс жүзіндегі мәртебесін (3) көтеріп, оны екінші сапалық деңгейге – индустриялы қоғамның нормаланған әдеби тілі мәртебесінде (2) қызмет ете алатын деңгейге жеткізу керек.

Қазақ тілін жарияланған мәртебесіне (1) сәйкестендіру үшін ол, іс жүзінде, индустриялы қоғамның нормаланған әдеби тілі (2) қызметін атқарып тұруы керек. Екінші сапалық деңгейге – әдеби норма критерийлеріне сай келетін межеге жетіп алмай, тіл бірінші сапалық деңгейдің (мемлекеттік тіл ретіндегі) функциясын атқара алмайды.

Қазіргі қазақ тілінің практикасы осы ахуалды толық айғақтайды. Индустриялы қоғамның нормаланған әдеби тілі сапасына көтеріле алмағандықтан, тіл заманауи өмір шынайылығын жеткізе алмай отыр.

Тіл қолданушылардың мәртебесі тілдің мәртебесімен айқындалады. Әдеби тіл теориясының болмауынан әдеби нормаланған тіл жасалмады. Норманың болмауы қазақ тілінің практикасында сөйлеу қалыптарының бақылаудан шығып кетуіне ұрындырды. Тиісінше, қазақ тілін қолданушының сөйлеу үдерісінде бақылаудан шығып кетуі олардың әлі аграрлы қоғамның жалпақ тілінде көпіріп жүргендерін паш етеді.

* * *

ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ТІЛ ЖӘНЕ ӘДЕБИ ТІЛ:

КРИТЕРИЙЛЕР МЕН ТАЛАПТАР

5.1 Жалпыхалықтық тіл және әдеби тіл

Ұғымдардың қазақтілді филологияда қорытылып шығарылған, айқын дефинициясы жоқ. Олардың мағыналарын шатастырып қолдану, қазақ филологиясында ғылыми теріс бағыттардың орнығуына жол ашып берді.

ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ (ҰЛТТЫҚ) ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ӨЗІ ӨМІР СҮРГЕН ДӘУІРІНДЕГІ ТІЛДІҢ ӨМІР СҮРУ ФОРМАСЫ, ӘДЕБИ ТІЛДІ, ДИАЛЕКТІЛЕРДІ, ЖАРГОНДАРДЫ, ҚАРАПАЙЫМ СӨЗДЕРДІ, АРГОЛАРДЫ ҚАМТЫҒАН, КҮРДЕЛІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ БІРЛІК (10).

Жалпыхалықтық (ұлттық) тіл қолданыстағы сөздік қордың абсолютты мөлшерін түгел қамтиды.

Жалпыхалықтық тілдің мейілінше дамитын, жетілетін кезеңі – аграрлы қоғам. Барлық халықтарда мәдениеттің, соның ішінде, көркем әдебиеттің, өнердің ұлт мақтанышына айналған туындыларының дені аграрлы қоғамда дүниеге келген.

* * *

 5.2 Әдеби тіл

Тұжырымдама мазмұнындағы орталық ұғым. Тілді дамытудың заманауи теориясының квинтэссенциясы.

Жаңа парадигма бойынша қорытылып шығарылған әдеби тілдің дефинициясы:

ӘДЕБИ ТІЛ – ӨҢДЕЛГЕН, НОРМАЛАРЫ БIРIЗДIЛIККЕ ТҮСКЕН, ФОРМАЛЫҚ ЖӘНЕ МАҒЫНАЛЫҚ ОРНЫҚТЫ, СТИЛЬДЕРІ АЖЫРАТЫЛҒАН, ӘМБЕБАП ҚОЛДАНЫЛАТЫН, ҚОҒАМ МҮШЕЛЕРIНIҢ БӘРIНЕ БIРДЕЙ МIНДЕТТI, АУЫЗША ЖӘНЕ ЖАЗБАША ҮЛГIЛЕРI БАР ҰЛТ ТIЛIНIҢ ӨМIР СҮРУ ФОРМАСЫ.

Дамыған лингвистикаларда әдеби тілге берілген айқындамалар көп. Пішінделуі түрліше болғанымен, олардың идеологиясы бірізді және келісілген. Солардың бірі түсінікті форомада «Әдеби тіл – жалпыхалықтық тілдің өңделген, нормаға түсірілген бөлігі» деп берілген (11).

Тілдің келтірілген дефинициясынан туындайтын әдебилігін анықтаушы критерийлерге мыналар жатады:

1 тiлдің лексикалық ресурсының жинақталуы, есепке алынуы, өңделуі;

2 тiл грамматикасы ережелерiнiң бiрiздiлiкке түсуi;

3 тілдің стандартталуы (пішіндік және мағыналық жағынан);

4 тiл стильдерінің ажыратылуы;

5 тiл әмбебаптығы;

6 тiлдiң қоғам мүшелерiнiң бәрiне бiрдей мiндеттiлiгi.

Мемлекеттік мәртебе алып отырған қазақ тілі дүние жүзіне кең таралған, ұлы тілдердің қызмет ету практикасы ескеріліп жасалған әдеби нормалардан тыс дами алмайды. Қазақ тіліне қойылатын талаптар келтірілген критерийлерге толық сәйкестендірілуі керек.

* * *

 5.3 Тілді өзінің iшкi заңдылықтарына сай жетiлдiру және индустриялы қоғамға бейiмдеу (тіл онтологиясы)

Тiлдi iшкi заңдылықтарға сай дамыту оның онтологиялық мәселелерiн – индустриялы қоғамның нормаланған әдеби тілі ретінде, өмір аяларының бәрінде әмбебап қолдануға дайындауды қамтиды.

Бұл бағыт төмендегi мiндеттердi шешудi қажет етедi:

- тілді өңдеу: тiл лексикасын жинақтау, есепке алу және оны мемлекеттік іс жүргізуде, экономикалық айналыста, өнеркәсіп үдерістерін басқаруда, юриспруденцияда, ғылымда, білім беруде, бұқаралық ақпаратта, әскери және басқа өмірлік қызмет аяларында қолдануға дайындау, қажеттi атаулармен, ұғымдармен, терминдермен, клишелермен, ерікті тiркестермен толықтыру;

- тiл грамматикасын индустриялы қоғамның әдеби тiлiне қойылатын талаптарға сай жетiлдiру, орындалуы қиын немесе орындалмайтын ережелерді қайта қарау, оларды заманауи талаптарға сай қорытылып шығарылған жаңа ережелермен алмастыру;

- тілді стандарттау: жеке сөздердің, ерікті тіркестердің, атаулардың, терминдердің, ұғымдардың пішіндік және мағыналық орнықтылығын қамтамасыз етуден, бір лексикалық бірліктің көп мағынада немесе бірнеше лексикалық бірліктің бір мағынада қолданылуынан бас тарту;

- тілді нормаға түсіру – белгілі бір тілде үлгілі деп қабылданатын лексикалық грамматикалық және орфоэпиялық, нормаларды қалыптастыру және стандарттау үдерісі (12).

- тіл стильдерiн ажырату қоғамдық өмір аяларында қолданылу практикасына сүйене отырып, оның ресми және бейресми стильдерінің аражігін ашып көрсету; ресми стильдердің ғылыми және іс жүргізу тұрпаттарын орнықтыру, саяси-публицистикалық стилді жетiлдiру, ресми аяларда бейресми стильдегі сөз қолданысқа тосқауыл қою бағыттарын қарастырады;

- әдеби тіл корпусы – жалпыхалықтық тілдің ресми аяда қолдану үшін, жиілік ұстанымымен іріктеліп алынған, өңделген, стандартталған бөлігі. Стандарттау – тілді нормаға түсірудің негізі ретінде, тілдік бірліктердің еркін нұсқаларынан біреуін таңдап алуды (13) білдіреді.

Еуропалық озық лингвистикалардың зерттеулерінің қорытындылары бойынша, бұл корпустың абсолюттік мөлшері он екі мың (12000) тілдік бірліктен тұрады (5: 90). Қоғамдық қызмет бабын репрезентациялайтын мәтінді, осы көлемде меңгерген және оны ресми стильде жеткізе алатын азаматты «тіл біледі» категориясына жатқызуға болады.  

* * *

VI ӘДЕБИ НОРМАЛАНҒАН ТIЛДІ СЫРТҚЫ ӨМIРМЕН КIРIКТIРЕ ДАМЫТУ (ТІЛ ФИЛОСОФИЯСЫ)

Тiлдiң iшкi құрылымымен қоса, оның сыртқы өмiрмен байланысы тіл философиясы қағидаларына сүйене отырып, қатар зерттелуi керек.

Тiл мен оны тұтынушы арасындағы рухани-ақпараттық байланысты нығайту үшін тіл субъектісінің тiл үйренуге мүдделiлiгін туғызу керек.

Тiл үйренуге мүдделiлiк туғызу үшін тіл субъектісінің рухани талабы қанағаттандырылуы қажет.

Заманауи азаматтың рухани талабы қазақ тілі контентінің – индустриялы қоғам аяларын шынайылықпен сипаттайтын постмодерндік әдебиеттің, көркем өнердiң, мектепте берiлетiн бiлiмнiң, БАҚ материалдарының сапасын көтеру арқылы жүзеге асырылады.

Тiл үйренуге мүдделiлiк туғызу құқықтық амалдармен – заңды өзгертіп қоюмен, күштеумен, қысыммен, үгітпен жүзеге асырылмайды.

* * *

6.1 Тіл үйренушілердің көркем мәдениетке сұранысы қазақ тіліндегі көркем өнер шығармаларының тақырыбын өзектілендіру және орындалу сапасын жетілдіру арқылы қанағаттандырылады. Мәдениетті дамытуды жобалағанда көркем шығармалардың идеологиялық бағытын зерделеп, тақырыптық саясатты өзгертудің, нақтылай айтқанда, ауылдың сұрғылт тұрмысы мен тарихтағы мұңлы оқиғаларды шиырлай беруден бас тарту керектігін естен шығармаған абзал. Көркем өнер қайраткерлерін қоғамдағы демократиялық қайта құруларға байланысты болып жатқан iрi оқиғалар мен құблыстарды көркемдiкпен игеруге бағыттау керек.

Шығармашы зиялының қуаты өндiрiстiк, технологиялық, ғылыми-техникалық, халықаралық, әскери тақырыптарды меңгеруге, қазiргi заман адамдарының – қоғамдық қайраткерлердiң, ғалымдардың, инженерлердiң, дипломаттардың есте қалар бейнелерiн жасауға бағытталады. Нарық жағдайындағы адамның өмiрi мен қызметi қазақ әдебиетiнiң көркемдеу кемерiнен тыс қалмауы үнемi қадағалауды қажет етедi. Көркем мәдениеттің деңгейiн көтеру үшiн қаланың әулеттi зиялылары арасынан шыққан дарынды жастармен бағытты шаралар жүргiзiледi.

* * *

6.2 Білім мазмұнын өзектілендіру

Қазақ тiлiнде берiлетiн орта және жоғары бiлiм мазмұнына енген көркем әдеби және ғылыми шығармаларда, музыка, бейнелеу, сәулет өнері туындыларында (олардың үзінділерi мен фрагменттерiнде) қоғам өмiрiнiң позитивтi жақтары сипатталады. Оқушы бiлiм алу үдерiсiнде өзiнiң танымдық қажеттiгiн қанағаттандырып қана қоймайды, соғыста – жеңiстi, шаруашылықта – табысты, мәдениетте – жетiстiктi, әлеуметтiк салада - өрлеудi, саясатта – демократиялық институттардың орнығуын оқып, оларды Отанына деген жағымды эмоциялық қатынаспен астастырып отыруы керек. Оқушыны амбиваленттiк күйге түсiретiн, жағымсыз стресс туғызатын шығармалар, тұжырымдар, пайымдаулар бiлiм мазмұнына енбейдi.

* * *

 6.3 Қазақ тiлiндегi бұқаралық ақпарат құралдарын оқуға азаматтардың ынтығуы оларда жарияланатын материалдардың тақырыбының өзектілiгiмен, ашықтығымен, әлеуметтiк өмiрде болып жатқан құбылыстарға берiлетiн саяси бағасының әділдiгiмен, келеңсіздіктерді өткір әшкерелеуімен,.. қамтамасыз етiледi. Заманауи оқырманның жүрегiне жол тауып, оның құрметiне бөлену үшiн қазақ тiлi контентінің қоғамда болып жатқан елеулі оқиғаларға өзіндік ұстанымы болуы, нағыздықты шынайы түсіндіре бiлуi, әдiлдiк пен прогрестi жақтауы, өзiнiң тұрақты оқырмандарын қалыптасыра бiлуi, сонысымен қазақ тiлiнiң аудиториясын кеңейтуге селбесуi керек және оған мiндеттi. Нарық заңдарына сәйкес, қазақ тiлдi БАҚ салық төлеушiлердiң қаражатымен күн көруден, өзін қаржыландыратын құрылымдардың үгітшісі болудан, әкiмшiлiк әдiспен тираж жинаудан бас тартуы, үнемi көмек сұраудан арылуы, бұқараға ақпарат тарататын нағыз құралға айналуы, ашық бәсекелесiк күресте қазақ тiлiмен бiрге шынығып, өзiнше өмiр сүре алатын деңгейге жетуi керек.

* * *

 6.4 Тілді дамытудағы субъективті фактордың рөлі 

Ұлттық мемлекеттің тәуелсіз өмір сүру тәжірибесі қазақ тілі мен мәдениетінің мәселелері тек қазақтілді қауымның күшімен шешілмейтінін көрсетті. Отан тағдырына тікелей қатысы бар іске енді өзін осы елдің азаматымын деп, Қазақстанды Отаным деп есептейтіндердің бәрін қосу қажет.

Тiл тағдыры оны үйренушi субъект – елдің орыстiлдi азаматтарының қатысуынсыз шешiлмейдi. Тілдің мемлекеттiк болуы немесе бола алмауы оған қатысты орыстiлдi азаматтардың ұстанатын тұрғысы мен әрекетінің бағытына да тәуелді. Орыстілділер мәселенің мәніне белсенді араласуы, құбылыстың тереңде жатқан себептерін іздеуге, табуға, табылған дәйекті бағыттарды қолдауға және түйіннің түпкілікті шешілуіне селбесуі керек. Орыстiлдi азаматтар тіл үйренуші субъект рөлінде болуымен қазақ тiлiн созылған тығырықтан шығарып ала алатын маңызды күш ретінде көрінеді. Олар мол интеллектуалдық қуатымен, рухы мен менталитетi жағынан индустриялы қоғамға көбiрек кiрiгуімен, дамудың бұл басқышындағы ұлттық әдеби тілдің қандай болуы керек екенін тереңірек байыптай алады. Тұрғындардың қазақ тiлдi емес бөлiгiн және азаматтық қоғамның құрылымдарын бiртұтас қазақтiлдi кеңiстiк құруға жұмылдыра алу қазақ ұлтының тағдырына қатысты мәселенiң түпкiлiктi шешiлуіне бастап апарады.

* * *

7 ТІЛ ҮЙРЕНУДІҢ КЕЙБІР ӘДІСНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

7.1 Тілдің онтологиялық мәселелерін шешу қазақ тiлінің лексикалық қорын индустриялы қоғамда қолдану үдерісінде қажеттi атаулармен, ұғымдармен, терминдермен, ерікті тiркестермен толықтыру алдымен қазақ тiлiнiң өзiнiң iшкi ресурсымен (протоқазақ тіліндегі мәтіндер, бабалар сөзі, ұлы мәдениет қайраткерлерінің шығармалары,..) жүзеге асырылады. Ондай мүмкiндiк болмаған жағдайда ретiмен – алдымен түркi тектес, келесi кезекте араб-парсы, соңғы кезекте өзге халықтардың тiлдерiнен алынған сөздер мен халақаралық терминдер пайдаланылуы мүмкiн.

* * *

7.2 Тіл стандарты әдеби тіл корпусына енетін лексикадағы эквивалентсіз кеңістікті «әр денотаттық объектіге – жеке сигнификат» ұстанымы бойынша, атаулармен, терминдермен, ұғымдармен, клишелермен толтырудан басталады.

Іріктеліп алынған корпусты стандарттау екі аспектіде жүргізіледі:

- әр лексикалық бірліктің айтылуы мен жазылуын тұрақты пішінге келтіру;  

- әр лексикалық бірліктің өзіне тән мағыналық жүктемесін айқындау.

Тіл стандарты тренді бойынша қазақ тіліндегі ресми қолданысқа енетін, тіл білу критерийін айғақтайтын денотаттық объект көлемі тұрақты пішінге келтіріліп, мағыналық жүктемелері анықталып, қолданысқа енгізілуі керек.

Қазақ тілін баршаға меңгертудің келесі шарты бойынша тілдің ресми стильдері (іс жүргізу, ғылыми және саяси-публицистикалық) ажыратылады және қолданылуы қадағаланады. Ресми стиль сақтап сөйлеудің үлгілері мен жаттығуларының көлемі мейілінше артады (мектепте қазақ тілі пәні арқылы, қоғамда тіл үйрету курстары арқылы).

Ресми аяларда жалпақ тіл стилінде сөйлеуге тиым салынады.

* * *

7.3 Корпустық саралау әдістемесі – тіл үйрету үдерісінде маңызды рөл атқарады. Ол әдістеме бойынша тіл үйрену практикасында тілдік бірліктер корпусы сөздердің қолданылу жиілігіне қарап құрылады. Корпус құрау ұстанымы бойынша тілдегі сөздер мен тіркестер үйренушінің танымдық бағытына, өмір сүру ареалының ерекшелігіне және қоғамдық қызметінің сипатына қарай іріктелуі керек.

«Тіл біледі» талабын қанағаттандыратын әдеби нормаланған корпусты (12 000 тб) іріктеп алғаннан кейін, оларды тағы, сол жиілік ұстанымы бойынша, алдымен төртке, одан ары, мүмкіндігінше, ұсақ бөліктерге бөліп, оқыту бағдарламасын құру нәтижелі болады. Төрт бөлік тіл үйренудің төрт деңгейіне сәйкес келеді. Қазақ тіліне корпустық саралау жасау кезінде лексиканы индустриализмдермен, урбанизмдермен толықтыруға басымдық беру ескеріледі.  

А) бейресми аяда қауышуға бағытталған (коммуникативно-ориентированная) минимум-корпус өмірлік практикада жиі қолданылатын 3000 тілдік бірлікті қамтиды. Бірінші деңгейдегі тілдік бірліктер корпусы шеңберінде үйренуші таныс тақырыптар бойынша (жұмыс, мектеп, демалыс, саяхат т.б.) түскен ақпаратты қабылдайды. Тілді тұрмыс аясында, қоғамдық орындарда қолдануға, мерзімді баспасөзде, телехабарлар мен кинофильмдерді көріп, түсіне алатын деңгейде қолдануға мүмкіндік береді.  

Ә) Қазақ тілін меңгерудің екінші деңгейіне шыққан адам 7,5-8 мың (3000+5000) лексикалық бірлікті қолдануы керек. Оны меңгерген адам түрлі тақырыптардағы мәтіндердің мағынасын түсіне алады. Ойын жеткізе алады. Әлеуметтік-рухани аяларда түсінісе алады. Көркем фильмді толық түсінеді. Орташа қиындықтағы сөйлемдермен, түсінік беретін, байланысқан мәтін құрастырады.

Б) Қазақ тілін меңгерудің үшінші деңгейіне шыққан адамның сөздік қор мөлшері 9,5-10 мың (8000+2000) лексикалық бірліктен тұрады. Бұл көлем тіл үйренушіге күрделі, ұзақ мәтіндер құрастыруға мүмкіндік береді. Ойын толық жеткізе алады. Әлеуметтік-рухани аяларда тілді еркін қолданады. Күрделі тақырыптарға дұрыс құрылған сөйлемдермен, егжейлі түсінік беретін, байланысқан мәтін құрастырады.

В) Қазақ тілін меңгерудің төртінші деңгейіне шыққан адам өзі қызмет ететін шаруашылық саласының ресми іс жүргізгенде қолданылатын арнайы лексикасын білуі керек. Оның мөлшері 12000 (10+1,5-2мың) лексикалық бірліктен тұрады. Бұл көлем тіл үйренушіге өндірістік жиналыста сөйлеуге, баяндама дайындауға, есеп беруге, мәжілісхат жазуға тағы басқа ресми құжаттарды дайындауға мүмкіндік береді. Күрделі, ұзақ мәтіндер құрастыра алады. Ойын толық жеткізеді. Әлеуметтік-рухани аяларда тілді еркін қолданады. Өндірістік тақырыптарға дұрыс құрылған сөйлемдермен, егжейлі түсінік беретін, байланысқан мәтін құрастырады.

Жоғарғы мектепте тілді меңгерудің төртінші деңгейіне шыққан адамды тіл білетіндер санатына қосуға болады.

* * *

8. ТҰЖЫРЫМДАМАНЫҢ IСКЕ АСЫРЫЛУ ЖАҒДАЙЛАРЫ

Мамандар мен ғалымдар арасында талқыланғаннан кейiн, Қазақ әдеби тiлiн дамыту тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Үкiметiнде бекiтiледі.

Тұжырымдама Қазақстан республикасында тiлдi дамытуға қатысты аяларда – тілдің әдеби нормаларын жетілдіруде, қазақ тілінде таралатын контенттің сапасын анықтауда, жалпы орта және жоғары бiлiм беру стандарттарын, бағдарламаларын, оқулықтары мен оқу-әдiстемелiк кешендерiн жасауда және оларды сараптау үдерісінде санасатын номативтiк құжат ретiнде қолданылады.

* * *

ҒЫЛЫМИ АППАРАТТЫҢ ҚҰРАМЫ

 Агротропизм – аграрлық қоғам өмірі мазмұндалған тілдік материал.

Әдеби тіл – жалпыхалықтық тілдің өңделген, нормаға түсірілген бөлігі. Қолдану үдерісінде айту, жазу нормалары қатаң сақталатын, индустриялы қоғамның тілі.

Денотат – тілдік белгімен атауды талап ететін нәрсе, құбылыс, үдеріс.

Денотаттық-сигнификативтік әдіс – әр денотаттық объектіге – жеке тілдік бірлік ұстанымына сүйеніп, тілді стандарттау әдісі.

Жалпақ тіл – баршаға түсінікті, қарапайым тіл. Ауыл шаруасының тұрмыстық стилі.

Жалпыхалықтық (ұлттық) тіл – этностың ұлт ретінде дамуы кезеңінде қолданған лексикасының жиынтығы.

Контент – тіл материалының жиынтығы.

Семантикалық жүйе – сөздер, тіркестер және сөйлемдердің жиынтығы және олардың мағыналық жағы.

Стандарттау – тілді нормаға түсірудің негізі ретінде, тілдік бірліктердің еркін нұсқаларынан біреуін таңдап алу.

Тіл корпусы – үйрену үшін іріктелген сөздердің, сөз тіркестерінің құрамы.

Тіл мәртебесі – тілдің қоғамда алатын орнымен, атқаратын қызметінің сапасымен айқындалатын күйі.

Тіл философиясы – тілдің сыртқы өмірмен байланысы: формациялар ауысуы кезіндегі тілдік түйткілдер, қоғам мен тілдің арақатынасы (тіл үйренуге қажеттілік, т.б.) мәселелері, тіл контентінің сапасы, тақырыптық саясат, контент мазмұнының өзектілігі, идеялық бағыттылығы, ғылыми дәйектілігі, көркемдік деңгейі,..  

Тілге сұраныс – тіл контентінің жоғары сапалылығымен үйренуге тартымдылығы.

Тілді нормаға түсіру – белгілі бір тілде үлгілі деп қабылданатын лексикалық грамматикалық және орфоэпиялық, нормаларды қалыптастыру және стандарттау үдерісі.

Тілді трансцендентті қолдану – тіл қолдану үдерісінде норма шеңберінен шығып кету немесе нормаланбаған тілді қолдану.  

Тілдік тұлға – тіл үйренуші адам.

Тілдік тұлғаның мәртебесі – тілдің мәртебесімен айқындалатын, тұлғаның тілді меңгеру деңгейі

Тілдің деидентификациясы – тіл мен қоғамның өркениет дамуының түрлі баспалдақтарында, бірі бірінен оқшауланып қалуы.

 

* * *

 

Әдебиеттер тізімі:

1. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K950001000_

2. https://ru.wikipedia.org/wiki/Советский_народ

3. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық.- А.: «Арыс» баспасы, «Қазақ энциклопедиясы», 2006-2011).

4. [Уәли Н. Сөз байлығын саралаудың негізгі нәтижелері // Қазақ әдеби тiлiнiң сөздiгi. – А.: 2011. 15-т. 819-б.].

5. Стариченок В.Д. Большой лингвистический словарь. – Ростов н/Д.: 2008. 532-б.

6.https://sozdik.kz/ru/dictionary/translate/kk/ru/жалпақ/ 

7. Пушкин А. С. Письмо к издателю. Т. 7. М.-Л. 1949.

8. Сепир Э. Грамматист и его язык. - М.: 1993.

9. Тоқаев Қ.-Ж. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі сөз. 27. 05. 2020 ж.).

10. https://ru.wikipedia.org/wiki/национальный_язык.

11.https://interneturok.ru/lesson/russian/fakultativ/orfoepiya-orfografiya/ponyatie-sovremennyy-russkiy-literaturnyy-yazyk-

12. https://lingvistics_dictionary.academic.ru

13. Словарь социолингв. терминов (ИЯРАН).

 

Пікірлер