«Ең таза, ең тиімді»: эколог атом станциясының қоршаған ортаға әсерін айтты

4714
Adyrna.kz Telegram

Елімізде соңғы уақытта күн тәртібінде талқыланып жатқан мәселе энергетика жетіспеушілігі және оны шешу үшін ұсынылып жатқан АЭС. Атом энергетикасының қоршаған ортаға әсері және баламалы энергия көздерінің зияны туралы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қоршаған ортаны басқару және инжиниринг кафедрасының меңгерушісі, б.ғ.д, профессор Бейсенова Райхан Рымбаевна түсіндіріп берді.

- Райхан ханым, Еуропа атом энергиясын таза, жасыл энергия көзі ретінде таниды. Экологиялық тұрғыдан бұл пікірге қосыласыз ба? Қандай пікір білдіресіз?

- АЭС тек Еуропада ғана емес дүниежүзінде кеңінен пайдаланылып жатыр. Басқа энергия көздерімен салыстырмалы түрде қарағанда әрине атом энергетикасы таза энергия көзіне жатады. Өйткені, одан шығарылатын шығарындылар салыстырмалы түрде көмір жағатын электр станцияларынан әлдеқайда таза. Электростанцияның өзіндік принципіне байланысты болады. Мәселен, АЭС-те уран изотоптарының ішкі ядролары арқылы реакцияға түсіп, жылу энергетикасына айналу принципіне бағытталады. Одан айтарлықтай парниктік газдар шықпайды. Сол себепті де, АЭС ең таза энергия көзі болып саналады.

- Әлемнің дамыған елдері қолданып жатқан АЭС экологиялық қауіпсіз деп айта аласыз ба?

- Қауіпсіз деген түсінікті әртүрлі қарастыруға болады. Егер біз оны тұтыну жағынан қарастыратын болсақ, атом энергетикасы экология үшін әрине таза энергетика. Ал екінші жағынан қауіпсіз деп толық айтуымыз үшін оның қолданылуына жіті қарауымыз керек.

- Қоршаған орта үшін көмір тұтыну  әлде АЭС, қайсысын қолдану экологиялық таза әрі тиімді?

- Көмір тұтыну оттегінің қатысымен жүретін жану реакциясы. Көмір қатты отын түрі.  Ол жанған кезде де ешқайда кетпейді, тек түрін өзгертеді. Жылуды қатты көмірдің жануы арқылы аламыз. Артынша одан көмірқышқыл газы, азот диоксидтері сынды парниктік газдар шығады. Оның барлығы зиянды газдар. Ал атом энергетикасы жоғарыда айтқандай уранның ішкі ядролық реакциялық байланысына түсіп, зиянды заттар түзбейді. Сондықтан қоршаған орта үшін АЭС көмір тұтынуға қарағанда таза әрі тиімді энергия көзі деп толық айта аламыз.

- АЭС суды қаншалықты қажет етеді? Елімізде АЭС салынатын болса, оның Балқаш көліне кері әсері болмайды деп айта аламыз ба?

- Қазір көбі талқылап жатқан қауіпсіздік мәселесіне келгенде біз эксплуатациясы мен ликвидациясына байланысты тәжірибелі қауіпсіздік шаралары жасалғанын түсінуіміз керек. Қазіргі реакторлардың бәрі жетілген технологиялар арқылы жүзеге асады. Сол себепті АЭС отын ретінде қауіпсіз.

Ядролық реакторлардың көпшілігіне су қажет. Десе де, қазір газбен суытылатын реакторлар да дамып жатқан көрінеді. Одан бөлек басқа да технологияларды қолдануға болады. Мәселен, суды қажет етсе де, жасанды су қоймаларымен суытатын электр станциялары бар. Бұл әрине әлдақайда қауіпсіз. Балқаш көліне толықтай әсері болмайды деп кесіп айта алмаймыз. Себебі, кез келген кәсіпорынның жұмысы бір жақты болмайды. Дей тұрғанмен аталған жаңа технологиялырды қолдансақ, әсері мейлінше аз болмақ.

- Өзіңіздің жеке пікіріңіз, АЭС салуды қолдайсыз ба?

- Қазақстанда атом энергетикасын салуды қолдаймын. Егер де, тәуекелдердің алдын алып, мәселелерді сараптап, жоспар құрар болсақ мен әрине еліміздің таза энергия көзімен қамтамасыз етілгенін қос қолдап қалар едім. Алдағы уақытта технология түрін таңдау кезінде жіті бақылауға алып, келешек үшін тиімді нұсқаны қолдануымыз қажет.

Пікірлер