Астанада автобус жүргізушісі тура көлік тізгінінде көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, 62 жастағы азамат кенеттен есінен танып, рөлге ие бола алмай қалған. Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
2023 жылдың 27 шілдесінде сағат 10.37 шамасында IVECO маркалы маршруттық автобусты басқарған 1961 жылы туған жүргізуші, Әуезов көшесіне қарай Бөгенбай батыр даңғылымен Бейбітшілік көшесі жағынан келе жатып, рульге ие бола алмай үйге қарамақарсы тұрған жаяу жүргіншілерге арналған жол белгісімен қоршауға соқтығысқан, - дейді Астана қаласы ПД ресми өкілі Нұралы Тәңірбергенов.
Абырой болғанда жолаушылар арасында зардап шекккендер жоқ. Ал оқиға орнына жедел жәрдем дереу жеткенімен, жүргізуші ауруханаға жетпестен, автобус ішінде тіл тартпай кетті. Дәрігерлер өлімнің негізгі себебі - жүрек талмасы болуы мүмкін деп отыр. Марқұмның жолаушылар автобусын тізгіндегініне 15 жылдан астам уақыт болған. Жауапты компанияның айтуынша, жүргізуші екі күндік демалысынан бүгін ғана шығыпты. Таңғы уақытта медициналық тексеруден өткенде денсаулығында еш кінәрат болмаған.