Президент Қошановты қабылдады. Мәжілістің келесі сессиясында кодекстер қаралады

2153
Adyrna.kz Telegram

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басшысына Парламенттің төменгі палатасының VIII шақырылымының I сессиясы аясындағы қызметі туралы мәлімет берілді.

Мәжіліс спикері сессия басталғаннан бері мәжілісмендердің қарауында болған 82 заң жобасының 20-на депутаттар бастамашылық жасағанын атап өтті. Олардың ішінде Заңсыз иемденілген активтерді қайтару, Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама, Семей ядролық қауіпсіздік аймағы, сұйытылған газ айналымы, электрлі самокаттардың қозғалысын реттеу туралы және басқа да заңдар бар.

Ерлан Қошанов конституциялық реформаның қорытындысы бойынша Палатаның жұмыс форматына енгізілген өзгерістер жөнінде ақпарат берді. Мәжілістің 6 партиялық фракциядан, сондай-ақ бір мандатты депутаттардан жасақталуы заң шығару жұмысының ашықтығын арттырып, сайлаушылармен кері байланысты күшейтті. Олар Үкімет мүшелеріне жолдаған депутаттық сауалдарында азаматтардың өзекті мәселелерін көбірек көтере бастады.

Өткен сессия барысында алғаш рет жылумен қамтамасыз ету саласындағы басқаруға қатысты Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалды және аталған салада кешенді проблемалар бар екені анықталды.

Төрағаның айтуынша, депутаттар қоғамдағы, соның ішінде өңірлерге жасаған сапарлары кезінде жинақтаған проблемалар бойынша жауапты министрліктер басшылығының алдына бірқатар нақты мәселе қойды. Жылу электр орталықтарын және жылумен қамтамасыз ету желілерін жаңғыртуға ерекше назар аударылды.

Бұдан бөлек Қошанов мәжілісмендердің өңірлерде халықпен кездесулер өткізіп жатқанын атап өтті. Сапар барысында Мәжілістің келесі сессиясында қаралатын Су, Бюджет, Салық және Қала құрылысы кодекстерінің жобалары бойынша талқылаулар ұйымдастырылып, ұсыныстар жинақталады.

Пікірлер