НАТО келісімдерден бас тартып, Ресей шекарасында тұрақты әскери базаларын құруы керек, деді Литва президенті Гитанас Науседа The Times газетіне берген сұхбатында. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы хабарлайды.
Литва басшысы, сонымен қатар, Батыс "Владимир Путиннің ядро қаруын алға тартқан бопсалауына берілмеуі керек" деп мәлімдеді. Одақтастарына "өте қауіпті және шұғыл әрекет" қажет болған жағдайда әскери шығындардың артатынын айтып, оған дайын болуға шақырды.
Сонымен қатар саясаткер неліктен Путиннің ядролық қаруға "жалған" иек артатындығын түсіндірді.
Оның айтуынша, көптеген батыс елдеріндегі одақтастар Путиннің "құмар ойыншы" екенін түсінеді. "Ол барлық қауіп-қатерлерден сескеніп, өзінің күшті болғандығынан емес, өзін әлсіз сезінгендігінен мұндай қадамға барады. Менің ойымша, Ресейдегі соңғы көтеріліс оның әлсіздігін күллі әлемге паш етті көрсетті. Сондықтан біз мықты болуымыз керек және біздің мықтылығымыз - ең мығым тосқауыл болуы мүмкін", — деді саясаткер.
Еске сала кетейік, НАТО мен Мәскеу арасындағы қатынастар және ынтымақтастық туралы актіге 1997 жылы қол қойылған. Құжатта альянстың жаңа мүшелерін шекара маңына орналастырмау, ядролық қару мен маңызды жауынгерлік күштерді тұрақты түрде шекара түбіне жақындатпау жағы қарастырылады.
"Адырна" ұлттық порталы