Бүгін – Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл

8133
Adyrna.kz Telegram

Бүгін – ақын, ойшыл, композитор, аудармашы Шәкәрім Құдайбердіұлының (1858-1931) туған күні. Ғұламаның туғанына 165 жыл толып отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырып, өркениетіміз бен ұлттық санамыздың ілгерлеуіне ұшан-теңіз үлес қосқан ірі ақын, ғұлама ойшыл, тарихшы, аудармашы, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлы бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауының бөктерінде 1858 жылы дүниеге келген. Әкесі - Абайдың ағасы - Құдайберді. Әкесі дүниеден озғаннан кейін  Шәкәрім Құдайбердіұлы Абайдың тәрбиесінде болады. Жеті жасында-ақ өлеңге айрықша талабымен көзге түседі. Өз бетімен араб, парсы, түрік, орыс тілдерін игеріп, шығыс, орыс классиктерінің шығармаларынан нәр алады.

Абайдың өсиетіне құлақ асып, 1905-1906 жылдары қажылық сапармен Араб, Түрік, Еуропа елдерін аралайды. Әлем кітапханаларындағы маржандармен танысады. Дін мен философия, ғылым салаларын игереді. 1908 жылдан бастап елден шет кетіп, таза шығармашылық жұмыспен шұғылданады. "Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі", "Мұсылмандық шарты" кітабы 1911 жылы Орынборда, "Қазақ айнасы" өлеңдер жинағы, "Қалқаман-Мамыр", "Еңлік-Кебек" поэмалары 1912 жылы Семейде басылып шығады.

Орыстың ұлы жазушысы Л.Н. Толстоймен хат алысып, өзін оның шәкірті санайды. 1931 жылы бандылармен байланысты деген жалған айыптаумен кеңес қарулы топ мүшелерінің қолынан атып өлтіріледі. 1988 жылы ақын аты ақталды. Ш. Құдайбердіұлының әдеби мұрасы аса бай. Ол поэзия, проза, аударма, тарих, трактат саласында жұмыс істеп, Абай дәстүрінде демократтық-халықтық, гуманистік-халықтық бағыт ұстады.

Бүгін ақынның туған жері Абай облысының Абай ауданында Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына орай "Шәкәрім рухына тағзым" атты іс-шара өткізілу жоспарланған. Жиын барысында "Шәкәрім баба өсиеті" атты облыстық жазба ақындарының мүшәйрасы, "Шәкәрім мұрасы - ұлт қазынасы" атты кездесу кеші мен бірқатар мерекелік концерттер өтеді. Ал ертеңге "Шәкәрім жүрген ізбенен" атты экспедиция ұйымдастырылған.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер